Алтын күздің алғашқы айында Сыр күрішшілері егінге жаппай орақ салды. Молшылық мерекесіне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысып, диқаншы қауымға сәттілік тіледі.
Сыр күрішіне орақ түсті
864
оқылды

Облысқа қарасты Қармақшы ауда­нында өткен «Дала күні» семинар кеңе­сінде аймақ басшысы аяқ су тапшылығы мәселесін қозғап, оның алдын алу бойын­ша бірқатар ұсыныс-пікірін жеткізді. 

«Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығының қиындығын қатты се­зініп келеді. Биыл да вегетация кезеңін­де егістік алқапты сумен қамтамасыз ету күр­делі жағдайда өтті. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, Үкімет басшысы Әлихан Асханұлының, Үкімет мүшелерінің қолдауының арқа­сында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданды. Былтыр Үкімет резервінен бөлінген қаржыға 21 канал тазаланып, 52 ұңғыма қалпына келтірілді. Қосымша 133 сорғы сатып алы­нып, ел игілігіне пайдаланылуға берілді. Облыста арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану үшін егістікті кезектесіп суаруды, қашырт­қыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойдық. Осындай қиындықтарға қарамастан, күріш көлемін 89 мың гек­тар етіп сақтап қалдық», – деді өз баянда­масында Нұрлыбек Мәшбекұлы.

Сонымен қатар облыс әкімі келер жылдан бастап суды тиімді пайдалану үшін күрішке берілетін қолдаудың көле­мін қысқартып, қаржыны әртарап­та­н­ды­ру мақсатында егілетін дақылдарға бағыттауды ұсынды. Бұл тұрғыда, ауыс­палы егіс тәртібін сақтап, егістік жерді лазерлік тегістеуден өткізген және ка­нал­­дар сағасына су есептегіш құралдар орнатқан шаруашылықтарға ғана субси­дия беру қажеттігін алға тартты.

Сонымен қатар өңірдегі күріш шаруа­­шылығында сапалы тұқыммен қам­тамасыз ету жайы да өзектілігін жояр емес. Соған сәйкес әкім министрлік әзір­лейтін тұқым шаруашылығын дамы­тудың кешенді жоспарына күріш тұқымы мәселесін арнайы қосуды және қолдауды сұрады.

Жалпы, биыл облыс бойынша 193,4 мың гектар жерге ауыл шаруашы­лығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 89 мың гектарды құрады. Сонымен қатар әрта­раптандыру бағытында 3 мың, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 872,5 гек­­тар жерге ауыл шаруашылығы дақыл­­дары егілді.

Мамандар күзгі егін жинау науқанына қажетті жанар-жағармай қоры жеткілікті екенін айтады. Ауыл шаруашылығы тех­никалары да күрішті дер кезінде жинап алуға толық дайын.

Бүгінде шаруашылықтар ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын толық аяқтаған. Нақты уақытта дәнді және сүрлемдік жүгерімен қатар картоп, майлы, мал азықтық және көкөніс, бақ­ша дақылдарын жинау жұмыстары жүр­гізілуде.

Орақ кезеңіне орай күріш егісінің суы толық жабылған. Жалпы, дихан қауымы егін жинау науқанын кестеге сай жүргізіп, 10 қазанда аяқтауды межелеп отыр.

«Дала күні» семинарында Үкімет бас­шысы Әлихан Смайловтың Сыр ди­қандарын егінге орақ салу рәсімімен құт­­­тықтау хатын Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жеткізді. Келесі кезекте министр диқандар мен су шаруашылығы мамандарын Премьер-Министрдің Алғысхатымен мара­пат­тады.

Шара барысында қатысушылар егін жинауға арналған техникалармен, об­лыс­­та өндірілетін агроөнім түрлерімен та­ны­сып, сала мамандарымен пікір ал­мас­ты.

Семинар кеңеске аудан әкімдері, бас­қарма басшылары, ауыл шаруашы­лығы құрылымдарының өкілдері мен са­ла ар­дагерлері қатысты.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы