Кез келген мемлекеттегі ад­во­катураның беделіне қарап сол елдегі демократия­ның қанша­лықты деңгейде еке­ні­не көз жет­кізуге болады.
Адвокатура арзан кәсіп пе?
724
оқылды

Алай­да әзірге біз ол жағынан бас бар­ма­ғы­мызды көрсетіп, ауыз толтырып ай­туға ұяттымыз. Қазақстандағы адвокатура айбынды естілгенімен, өкінішке қарай, оның қо­ғамдағы орны төмен. Жұрт өзін қорғайтын бі­лік­ті адво­каттың көмегіне, ал адвокатура мем­лекет қол­дауына зәру. 

Кешегі күнге дейін керегесін енді жайып, уығын жаңа шанышқан Қазақ­станда демократия орнату дегеніңіз бір күннің шаруасы емес, оған жүздеген жыл керек секілді болды. «Тәйірі 30 жыл деген не, әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған Қазақстан үшін» деп пәлсапа соғар еді шенеуніктер де шетінен. Халықты жалған уәделерімен мелдектете тойдырып келген министрлер кабинетіндегілерге өтірік айтып, уақытты ұту үшін қажет те шығар. Ал енді жергілікті әкім қаралар мен соттар­дан әділдік іздеп шаршаған қарапайым жұрт мұндай ертегілерге сенуден қалған. Басқасын айтпай-ақ қояйық, осы 30 жыл ішінде алтыннан шаһар тұрғызбасақ та, тым құрыса, адам құқығын зорлық-зомбы­лықтан, заң орындарының әділетсіз әре­кет­терінен қорғайтын беделді адвокатура институтын қалыптастыруға шамамыз жетер еді ғой деп ойлайсың. Бірақ халықтың үміті әлі үзілмей келеді. Кейде өмірдегі осындай қарама-қайшы жағдайларға қарап отырып, Ата Заңымыздың 13-бабындағы «Әркімнің құқық субъектісі ретінде таны­луына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен қорғауға хақылы» деп асқақ леппен жазылған тұжырымдаманы заң шығарушы орган заңға әдейі ен­гізе салғандай көрінеді де тұрады. Ол қағаз жүзінде қатып тұрғанымен, тәжірибеде тетіктері қозғалысқа түсе бермейтін қағида. 

Қолданыстағы заң өзінің талаптары орындалмайды дегенге сенбесе де, сенім артады. Сол себептен де сот процестерінде қаралатын кез келген дау-дамай мен айтыс тартысқа адво­каттардың қатысуын міндеттеп қойған. Онсыз мәжіліс залына қобыраған қағаздары көп папкаларын қолтықтап келетін мантия­лы судья мен оқалы киім киген мемлекеттік айыптаушы да істі қарамайды. Тәртіп солай. Сондай кездерде бүкіл процесті жал­ғыз өзі қаңтарып, тоқтатып қойған адво­каттың құдіретіне расымен де таңғалуың мүмкін. Ал, шын мәнінде Қазақстандағы сот процестерінің қалай өтетінінен азын-аулақ хабары бар адам адвокаттардың беделі мен абыройы соншалықты асқақтап тұр деп әсте айта алмас еді. Кезінде орыс әлемін дүр сілкіндіріп, тапқырлығымен талайларды тамсандырған атақты адвокат Федор Плеваконың өзі әлдебір құдіреттің кү­шімен тіріліп келіп, еліміздегі сот про­цес­теріне қатысса, сөз жоқ, ондағы әді­летсіздіктерден қарадай түңіліп, екі қолын төбесіне қойып құла дүзге безіп кетер еді. Бұл Қазақстанда білімі мен біліктілігі жөнінен Плеваконың орнын басатын, тіпті одан асып түсетін адвокаттар жоқ деген ұғымды білдірмесе керек. Тек елдегі адвокаттардың шырылдаған үні мен айқайлаған дауысы алысқа жетпейді, оларды меңіреу қоғам естімейді. 

Сондықтан да қазіргі адвокаттардың басым бөлігі сот процестерінде ақ пен қараны таразылайтын үш адамның бірі ретінде жай ғана қара көбейтіп, қалқиып отырады. Әшейінде мемлекеттік айыптау­шының көбіне тергеу органы таққан айыбының ізімен кетіп, кесімді мерзімінен артық жаза сұрайтын жаттанды әңгімесін бас шұлғып отырып тыңдайтын судьялар адвокаттардың көңілге қонымды уәж­дері­нің өзін құлықсыз қабылдайды. Заң мем­лекеттік айыптаушы мен адвокатқа теңдей құқық бергенімен іс процестеріндегі жағ­дай бізге солай көріне ме, әдетте айып­талушыны қаралап сөйлеп, қара есекке теріс мінгізіп жіберетін мемлекеттік айып­талушының сөзін бөлмей, бас шұлғып ма­құлдап отыратын судьялар адвокат­тардың дәлелдерін көбіне себеп-салдарын түсіндірместен есепке алмай тастайды. Әйтеуір, оқалы киім киген прокурордың бір дауысы адвокатқа қарағанда артық шығып тұрады. Құзырлы орган басшылары болса, «адвокаттың аузын жапқан ешкім жоқ қой, айтсын» деп өзін жазғырады. Ау, аузың көпіріп сөйлегеннен не пайда, тірнектеп жинаған дәлелдері есепке алынбай қалса... Қазақстандағы адвокаттар қауымының барлығын кіл білімді, қор­ғауындағы адамдарды жанын салып қорғайтын білікті мамандар деп айтсақ, онымыз күпір болар еді. Олар­дың арасында білік­тілігі жоғарысы да, кү­ріш­­тің арқасында су ішетін күрмек тә­різді қара көбейтіп жүрген бі­лік­сіздері де бар. Адво­ка­тура саласына құлшынып келетіндер аз емес, тек оларды сот про­цес­теріндегі теңгерімнің жоқтығы мен бү­кіл тізгінді жалғыз судьяның қолына ұс­та­тып қойған қасаң тәртіп пен мем­лекеттік айыптаушыдан төмен санаушылық қарадай жүнжітіп, морт сындырып тас­тайтын секілді. Екі үш рет сот процестеріне қатысып, әділдік іздеуден түңіліп шығатын адвокаттардың оты сөнген жанарлары мен қалжыраңқы жүздерінен «менің қорға­ғанымнан не пайда, бәрібір судья өзі қалаған үкімін шығарады» деген көнбістік пен заңға жазылмаған тәртіпке еріксіз мойынсынғандықты оқып үлгерер едік. 

Ал тергеу органының ойдан құрастырған жаласының негізінде тағылған жалаң айыпты бұзып, ақтау үкімін шығарту – кез келген адвокаттың қолына қона бермейтін бақыт құсы сияқты құбылыс. Адво­катураның әлсіз болатынының тағы бір себебі, бұл сала үшін арнайы мамандар даярланбайды. Оған әркім әртүрлі жолмен келеді. Одақтың кезінде қалай болғанын қайдам, қазіргі адвокатура жылдар бойына сотта қызмет атқарып, доғарысқа шыққан судья мен жұмыстан кеткенінше айып тағылған адамды жау санап, мүмкіндігі болғанынша оны ұзақ мерзімге бас еркінен айыруды қалап тұратын прокурордың, полициядағы жұмысынан түрлі себеппен босап қалған полиция қызметкерінің соңғы аялдайтын мекені сияқты. Олар адво­катураның қысқа мерзімді тағы­лым­дама­ларынан өткеннен кейін қолына портфелін ұстап, адвокат болып шыға келеді. Тек сол қысқа мерзімдегі дайын­дықтар кешегі судья мен прокурордың жылдар бойына саналарына сіңіп қалған ұстанымдары мен көзқарастарын жаңа мамандыққа бейімдей ала ма? Ел арасында мынандай да әңгіме бар. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін адвокатураға қызметке орналасқан бұрынғы прокурор сот процесі кезінде өзінің қорғаушы екенін тарс ұмытып кетіп, қорғауындағы адамға «сен сияқтыларды соттау керек» дейтін көрінеді кіжініп. Әрине, мұның әлдекімдердің ойдан шығарған әңгімесі болуы да мүмкін. Десе де, астарында ақиқаты бар әзіл. Шынында да, жылдар бойына тек айыпталушыға тағылған айыптың заңдылығын қадағалап зерттеп келген прокурордың адвокатураға қызметке келісімен сол көзқарасы мен ұстанымының өзгере қоятынына сенбейсің. Осындай жағдайларды талдай келіп, анығында адвокаттық қызметті арзан кәсіпке айналдырып алған жоқпыз ба деп ойланасың. Біздің елде адвокат боламын деп талпынған азаматты аяқтан шалатын кедергі жоқ тәрізді. Қажетті сынақтардан өтіп, рұқсатыңды алғаннан кейін міндетті мүшелік жарнаңды уақытылы төлеп, портфеліңді көтер де жүре бер. Біздің өмір тәжірибесінен бір байқағанымыз, адво­каттық мамандықты жан-тәнімен қалап келмегендер оған жай ғана зейнетақыға қосымша азын-аулақ кіріс әкелетін кәсіп деп қарайтын секілді. Масқарасы, ондай адамдар күнкөріс үшін қолы қанға малын­ған қылмыскерді де қорғап, ақтап шығамын деп қап-қап уәде беріп, жеме-жемге келгенде тараптарды алдап, шаң қаптырып кетіп жатады. Осылайша, кейбір адвокат заматында алаяққа айналып шыға келеді. Бұлардың адвокаттардың алғашқы екі санатынан бір өзгешелігі, олар ақ тер, көк тер болып айтыспайды, тергеушілердің арнайы шақыртуымен келіп, «мына жерде заңдылық сақталмапты» дегендей өтірік айқай көтерген сыңай танытып, «бәрі дұрыс екен, күдіктіге адвокат беріліпті» деп көз алдау үшін ғана төбе көрсетіп отыратын адам. 

Келешекте адвокат пен сенім білдіруші арасында жасалынатын келісімшартта іс нәтижесіз аяқталған жағдайда рұқсат қаға­зына берілген төлемдерден басқа шығын­дарды тарапқа қайтарып беруді міндеттей­тіндей талап енгізілсе, өзгенің тағдырынан пайда табуды көздейтін адвокаттардың саны азаяр ма, қайтер еді деп дәмеленесің... 

Елеусіз МҰРАТ