Соңғы жылдары дорама жанры әлемдік киносүйер қауым үшін үлкен қызығушылыққа ие бола бастады. Әсіресе, оңтүстік кореялықтар түсіретін түрлі тақырыптағы туындылар көп көрерменнің оң бағасын алуда.
The Glory: Кек пен сезім тоғысы
1,936
оқылды

Бұл жолғы «Спойлерде» сондай жарқын картиналардың бірі – The Glory сериалы жөнінде айтып бермекпіз.

Былтыр Netflix плат­фор­масында тұсауы кесілген туынды үздік ондыққа енді, әлемнің 18 тілінде дубляждалды және 32 тілге аударылып, субтитрмен ұсынылды. 16 сериядан тұратын алғашқы сезонын дорамалардың шоқ жұлдызы дерсің. ТМД көрермендері үшін орысша қол­жетімді болған сериал жергілікті жұртқа да ұнаған сыңайлы және оған бірнеше себеп бар.

Адамзатқа тән өшпенділік. Оңтүстік Кореяның кинема­то­графистері адам баласының ақ ниеті мен қара пиғылының арпа­лысын суреттеуде асқан ше­бер. Кейіпкердің екі иығын­дағы періштенің әрқайсының қылқаламына себеп болатын мінез-құлық, әдет-әрекеттерді бейнелеудің балансын «әдемі» сақтайды. Бұрынғы көркем мі­незді, асқан батыр һәм дана бас кейіпкер мен оның құбыжық қарсыласы туралы сценарийлер кемде-кем. The Glory сериалы­ның бас кейіпкерінің өмірлік мақсаты – өзіне қиянат қылған­дардан кек алу. Мун Донг-ун есімді орта жастағы әйел бұл миссияға көп жыл дайындалған және ештеңеден тайынбақ емес – адам баласына тән қам­қор­лық, жылылық, мейірім, махаббат сынды сезімдерден ада һәм оған әдейілеп ерік те бер­мейді. О баста ішкі сезімі әбден өшпенділікке толған бейбақтың адам ретінде саналы өмірі өліп тынған. Өлместің бейшара күнін кешкен әйелдің кек алу жоспары «керемет», бүге-шүгесіне дейін ойлас­тырылған. Фильм бары­сында Мун Донг-унның көрген қор­лығы ешуақыт ұмытыл­май­тын қорқыныш естеліктер ра­кур­сынан ұсы­нылып оты­рады. Мұн­дай фрагменттер қан­ша жерден аяусыз көрінсе де, кейіп­кердің кек алу мотивін ақ­тап алып, керісінше, көрер­меннің мейлінше қатаң жаза­лауға «ын­тасын» оятады. Дорамының «бол­­мысы» баяу, ешқандай экшн, атыс-шабыс, қантөгіс жоқ, көбіне көп адам психи­касының қалауын қанағат­тандыруға бағыт­талғандай. Өмірінде тиіттей болсын қиянат һәм қорлық көрген адамның кек алуға деген ынтасы болатыны ұғынықты-ақ. Сол фокустан алғанда фильм кейіпкерімен тағдырлас (бұған баршамыз кіреміз, бәлкім) көрерменнің Мун Донг-унның аяусыз бас­тамасына еріксіз қолдау көр­сеткісі келетін «ниеті» мен сөйте тұра, түрлі наным-сенім мен пәлсапа жетегіне ілесіп, жақсы­лықтан үміт етіп, бәлки қан­дықол болудың жауап­керші­лігінен қорқып «шіркін-ай, кешіре алса ғой» дейтін арманы, бұл арадағы психологиялық арпалыс тәнті етпей қоймайды. 

Әлеуметтік проблема. Коме­дияның өзіне әлеуметтік ас­тарын беретін кореялық кино­герлер бұл фильмде елдегі, тіп­­тен әлемдегі аса өзекті мә­­селені көтерген – мектептегі бул­­линг. Мун Донг-ун – орта сынып оқушысы, әкесі жоқ, шешесі «аты бар, заты жоқ», ішімдікке, ақшаға құмар, отбасы құндылықтарынан ада әйел. Кедей-кепшіктің балаларына қиянат жасайтын баяғы бай-оғландардың балаларына еш­кім­нен тоқтау болмаған соң, олар ойына келгенін істеп, қорлық көрсетудің адам сана­сына кіріп-шықпайтын жан түршігерлік айла-тәсілін ойлап тапқан. Буллингке шыдамай бірінен соң бірі суицид жасап жатқан жеткіншіктердің тағды­рына алаңдайтын ешкім жоқ: ата-анадан да, мектеп басшы­лығынан да, құзыретті мекеме­лерден де қайран жоқ. Дорамада күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған проблеманың көп түйткілі көтерілді, көрерменнің қызу талқысын туғызған бір себебі – осы.

Махаббат. Иә, иә! Махаб­батты ұлықтауда кәрістер еш­кімге жол бермейді. Дорама десе тәтті сезім, ыстық ықылас, ма­хаббат үшін күрес һәм соның жо­лындағы құрбандықты еске алатынымыз да сондықтан. Әлеу­­меттік проблема көтеріп, өшпенділік сезімін сценарийге арқау еткен фильмде тәтті се­зімге қайдан орын болсын дей­тін шығарсыз?... Орын бар, өйткені «махаббатсыз дүние бос», адамның болмысы сондай. Бұл ұлық ұғымды насихаттауда кореялық кинематографтар өте шебер. Дорамада барлық жылы сезімнен ада болған Мун Донг-унға жас пластикалық хирург Джу Йочонды жұптайды. Өш­пенділік сезімі бұл кейіпкерге де бейтаныс емес. Хирург әкесі өмірге өкпелі, ақыл-есі дұрыс емес азаматқа ота жасау кезінде соның қолынан қаза табады. Джу Йочон түрмеге тоғытылған қылмыскерден кек алғысы келе­ді. Бәлки осы себептен Мун Донг-унмен бейсана деңгейінде ұғысатындай. Фильмде көкірегі ашу-ызаға толы екеудің сезімі баршаға қалыптан тыс сипат­талады, тіпті, бір көргенде, бә­ріне түсініксіз һәм түсінікті романтика бар – Джу Йочонның «Тек қалай өш алғың келетінін айтшы, сен үшін мен кек алуға дайынмын» дейтіні жүректі елжіретпей қоймайды. 

P.S. 

The Glory дорамасының басты кейіпкері – өте танымал актриса Сон Хе Ге («Нар тәуекел», «Жүрегімде қалған күз», «Ыстық ұя» және тағы басқа фильмдерден көрерменге таныс). Бұл да туындының көп көрсетілім жинауына септігін тигізсе керек. Дорама қызық аяқталады: барша жауынан кек алып, оларды қан жылатып, енді суицид жасауға бекінген Мун Донг-унды Джу Йочонның анасы тоқтатады. «Менің ұлыма сен керексің, ол да өшпенділіктің қамытын киіп, азабын тартуда» дейді шешей. Мун Донг-унның ендігі амал-әрекеті мен әрі қарайғы өмірін 2 сезоннан көретін боламыз. Бүгінге дейін дыбысталып үлгерген жаңа маусым келер жылы көрсетіледі деп күтілуде. 

 NooNah