2023 жылғы 14-16 қыркүйек аралығында Шолпан Ата қаласында (Қырғызстан) Түркия Республикасының 100 жылдығына орай "Түркі мемлекеттілігінің тарихы" атты I Конгресс өтті.
Қырғызстанда Түркияның 100 жылдығына арналған Конгресс өтті
823
оқылды

Түркі академиясы, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жоғарғы мекемесіне қарасты Түрік тарихы қоғамы, сонымен қатар Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігі бірлесіп ұйымдастырған алқалы жиын түркі мемлекеттілігінің тарихын зерттеуді ынталандыруға, сондай-ақ осы саладағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Конгресте ежелгі заманнан қазіргі дәуірге дейінгі кезеңді хронологиялық тұрғыдан қамтитын түркі мемлекеттерінің тарихына қатысты мәселелер қаралды. Конгресс жұмысы тарих және пәнаралық ғылым саласындағы мамандардың белсенді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, салалық мерзімді басылымдарда материалдар жариялауды жандандыруды көздейді. Сондай-ақ Еуразия тарихы мен археологиясына қатысты көптеген мәселелерді қамтитын монографиялық жұмыстардың сериялық басылымдарын шығару да Конгресс мақсаттарының бірі болып табылады.

Офлайн және онлайн форматта өткен басқосуға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Болгария, Украина және басқа елдерден 50-ден астам түрколог-ғалымдар, соның ішінде Азия, Еуропа және Америка зерттеу орталықтарының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық корпустың және халықаралық ұйымдардың делегаттары, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше елдердің гуманитарлық ғылымдар саласына жауапты құрылымдарының сарапшылары қатысты.

Конгрестің салтанатты ашылуында Түркі академиясының президенті Шаин Мұстафаев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Қойчиев, Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих жөніндегі жоғарғы мекемесінің президенті Дерья Орс, Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Әзербайжан Республикасының экс-премьер-министрі, экс-сыртқы істер министрі Гасан Гасанов, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Қаныбек Иманалиев, Түрік Тарихи қоғамының президенті Юксель Өзген, Түркия Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ахмет Садык Доган, Әзербайжан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Латиф Гандилов құттықтау сөз сөйледі.

Конгресс басында Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Қойчиев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың жиынға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді.

Академия басшысы Ш.Мұстафаев өзінің құттықтау сөзінде Конгресс қонақтарына қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, жиын жұмысына сәттілік тіледі.

Конгресс аясында Түркі академиясы қазақ тілінде дайындаған белгілі түрік тарихшысы Афет Инанның "Кемал Ататүрікті еске алғанда" кітабының тұсаукесері өтті.

Кітапта түрік халқының зиялы қауымының көрнекті өкілі Афет Инан ханымның түркі әлемінің ұлы қайраткері, Түрік Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік туралы естеліктері мен ойлары жинақталған. Айта кету керек, кітапты Академия тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарып отыр.

Конгрестің ашылу салтанаты сессиялық отырысқа жалғасып, онда "Көшпелі қоғамдардың әлеуметтік және саяси институттары эволюциясының хронологиясы мен кеңістіктік-географиялық өзгергіштігі: Тайпалық одақтардан көшпелі империяларға дейін", "Орталық Азиядағы түріктердің этникалық тамыры және олардың ерекшеліктерінің қалыптастуы", "Еуразия даласындағы маңызды саяси бірлестіктер құрудың тарихи алғышарттары", "Түркі мемлекеттеріндегі саяси жүйелердің дамуы", "Түркі мемлекеттерінің билік институттары мен діни құрылымы алғашқы қағандықтардан бастап соңғы ортағасырлық империяларға дейін", "Түркі мемлекеттерінің тарихындағы құрлықаралық сауда жолдары", "Еуразия империяларындағы қалалар мен урбанизация", "Түркі мемлекеттерінің Еуразия халықтарында мемлекеттілік дәстүрлерін қалыптастырудағы рөлі" және басқа да тақырыптар талқыланды.

Секциялық отырыстарда белгілі ғалымдар мен сарапшылар өз зерттеулерінің тақырыптары бойынша баяндамалар жасады.

Конгресс қорытындысы бойынша, қатысушылар түркі мемлекеттілігінің тарихын зерттеудегі негізгі бағыттар бойынша бірқатар маңызды шешім  бойынша келісімге келіп, қорытынды қарар қабылдады.