Көкшетау қаласында бірнеше күн жауған жаңбыр шаһардың бірнеше аймағындағы атқарылған шаруаның шалағай жүргізілгенін көрсетіп берді.
Көкшетаудың Венециядан несі кем? – Науқасқа көмекке келген екі жедел жәрдем көлігі батпаққа батып қалды
1,275
оқылды

Жұрт арасында «Шанхай» аталатын Застанционный шағынауданында су еденнің астына дейін келіп қалған. Тұрғындар болса қала билігіне наразылығын білдіруде, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Бірнеше күн толассыз жауған жаңбырдан кейін шағынаудандағы Тұмар көшесінде күні кеше науқасқа жедел көмек беруге келген екі бірдей жедел жәрдем көлігі батпаққа батып қалған. Апта бойы көшелері толықтай су құрсауында қалған тұрғындар судың үйінің ішіне дейін кіргенін ашық айтып отыр. 

– Бір апта бойы көшеміздің жартысына жуығы суда тұр. Батпақты су тіпті үйіміздің ішіне дейін кіріп кетті. Үйдің іргесінен өтіп кеткен су еденнің астына дейін жетіп қалды. Осында он жыл уақыт тұрғанда мұндай болмаған еді. Биыл көшеге жөндеу жұмыстары болып жол жиегіндегі жаңбыр суы ағатын тұрбаларды ауыстырған еді. Салдарынан Тұмар көшесінің жартысынан астамы дәлірек айтсам Ақан көшесінен Заводской көшесіне дейін түгелдей суда тұр. Адам да, көлік те өте алмайды. Бірақ оған әкімдік те, төтенше жағдайлар қызметі де келген жоқ. Тоғызыншы қыркүйектен бері тізеге дейін су кешуге мәжбүр болып жүрміз. Су деңгейі сол күйі түскен жоқ. Тек тағы жаңбыр жаумаса екен деп тілеп отырмыз, – дейді Застанционный шағынауданының тұрғыны Алена Надеева. 

Жергілікті әкімдік шағынаудандағы жөндеу жұмыстарының әлі аяқталмағанын айтып, жөндеу жұмыстары келесі жылға дейін созылатынын жеткізді. Ал тұрғындар болса өздерін «Венецияда тұрып жатқандай сезінеміз» деп айтуда.

 

 

 

– Застанционный шағынауданының бірнеше көшесінде оның ішінде Тұмар көшесіне де жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады. Көкшетау қаласының Застанционный шағынауданында биыл 11 көшеге жөндеу жұмыстары басталған. Бірақ келісімшарт бойынша жөндеу жұмыстары келер жылға аяқтау жоспарланған, – дейді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ