Киноиндустриясы енді дамып келе жатқан елдердің кинематографистерін қолдауға бағытталған жаңа жоба биыл басты назарын Орталық Азияға бөлмекші.
InDrive «Alternativa film project» жаһандық коммерциялық емес кинобастамасын іске қосады
2,138
оқылды

Инновациялық бір рангілі баға белгілеу моделімен танымал inDrive жаһандық технологиялық компаниясы Alternativa Film Project — дамып келе жатқан киноиндустрия нарықтарының жаңадан бастаушы кинематографистерін қолдауға бағытталған жаһандық коммерциялық емес кинобастамасын іске қосу арқылы әлемде әділдікті ілгерілету миссиясын кеңейтетінін мәлімдеді. Бағдарлама үш бағытты қамтиды: жергілікті көркем, анимациялық, деректі және қысқаметражды фильмдердің әсерін әйгілейтін инновациялық марапаттау рәсімі; жеңімпаздарға берілетін ақшалай сыйлықтар арқылы қаржыландыру; сондай-ақ кинематографистердің жаңа буынын дамыту және біліктілігін арттыру үшін оқыту.

Бастама аясында бірнеше жыл сайын жаңа аймақ қамтылатын болады: 2023 жылы Alternativa-ның тұңғыш шығарылымы Орталық Азия елдерін қамтиды. Жобаның штаб-пәтері аймақтың мәдени орталығы саналатын Алматы қаласында орналасады. Бұған дейін inDrive компаниясы Ресейдің ең суық солтүстік аймақтарының бірі — Якутияның кино қауымдастығына, жергілікті кинематографистерді қолдау мақсатында қаржыландыру қорын құру арқылы қолдау көрсеткен еді.

Аталмыш жоба тегін практикалық оқыту бағдарламаларынан басталады: «Teen Lab» оқу лагері жас көркемөнер дарындарын дамытуға, қатысушыларға кино негіздері мен командалық жұмыстың маңыздылығын үйретуге бағытталған, ал «Impact Lab» — «жаһандық солтүстік» аумағынан тыс алғашқы бағдарлама бола тұра, кино түсіріп жүрген продюсерлерге үкіметтік емес ұйымдармен және мемлекеттік мекемелермен ынтымақтастықта әсерлі, өміршең әрі инклюзивті фильмдер жасауды үйретуге арналған. Сондай-ақ, жоба бағыттары мыналарды қамтиды: қоғамдық фильм көрсетілімдері, нетворкинг іс-шаралары, питчинг семинарлары және әлеуметтік желілердегі «эдьютейнмент», яғни ойын-сауық арқылы білім беру мақсатындағы қысқа видеолар.

Бастаманың тағы бір маңызды бөлігі Alternativa Film Awards марапаттау рәсімі болмақ. Бұл соны туындыларды да, кең аудиториясы бар танымал фильмдерді де актерлық құрам өнері, киноматографиялық әлеуеті мен әлеуметтік әсерін бағалау тұрғысында танудың балама жүйесі. Салтанатты рәсімде дәстүрлі «Үздік фильм», «Үздік режиссер» және «Үздік актер» номинацияларының орнына туындылардың мәдени, әлеуметтік және салалық әсерін көрсететін номинациялар мен дарын иелеріне марапаттар беріледі.

Тұрақты марапаттар қатарында көрермендердің қызығушылығын тудыратын тақырыпты немесе оқиғаларды бейнелейтін фильмге берілетін «Көкейтесті» номинациясы және кинематография саласы мен жалпы қоғамдағы өзгерістерге үлес қосуға әлеуетті дебютант режиссерге берілетін «Болашақтың үні» номинациясы бар. Сонымен қатар, ең маңызды әлеуметтік мәселелерді (мәселен, адам құқықтары, көші-қон, әскери қылмыстар және қоршаған орта) қозғайтын фильмге берілетін «Alter» («Өзгеріс») номинациясы және ұлттық немесе мәдени бірегейлік тақырыптарын көтеретін туындылар үшін «Nativa» («Сомтума») номинациясы бар.

Тек сала мамандарынан ғана емес, әлеуметтік жауапты кинематографистер мен идеялық көшбасшылардан тұратын қазылар алқасы жеңімпаздарды кино түсіру дағдыларын одан әрі дамыту үшін ақшалай сыйлықтармен марапаттайды. Жалпы жүлде қоры 100 000 долларды құрайды, бұл сома марапаттарды иерархиялаусыз фестивальдің бес жеңімпазы арасында тең бөлінеді. 2023 жылғы желтоқсан айының басында өтетін рәсімге көрермендерге эстетикалық және этикалық әсер ету арқылы әлем мен қоғамға өзгеріс әкелетін киноны қолдау мақсатында барлық Азия елдерінен (тек Орталық Азия елдері қатысуға құқылы «Қысқаметражды фильмдер» санатын қоспағанда) өтінімдер қабылданады.

inDrive негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томскийдің айтуынша: «Кино — бұл әлеуметтік өзгерістер жасайтын қуатты құрал. Сондай-ақ дәстүрлі жүйелер мойындамаған қаншама ашылмаған дарындар мен ізашарлар бар. «Жаһандық солтүстік» аумағынан тыс серпінді стартап бола отырып, әділетті әлем құруға деген ұмтылыс жетелеген біз киноиндустриядағы сондай ізашарлардың жұмысын бағалаймыз және мойындаймыз.

Біз арт-кеңістікке одан әрі еніп, өз ресурстарымызды жаңадан бастаушы кинематографистердің табысқа жетуіне көмектесу үшін қуана-қуана пайдаланамыз. Қазіргі заман иерархиясында көзге іліне бермейтін өнерпаздарды баптап-өсіру және атап өту, дамушы нарықтардағы жергілікті дарындарды қолдау және шығармашылық қоғамдастықтың дамуына ықпал ету өте маңызды».