Департамент қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында сотталған адамды тауып, колонияға қайтарды.
Ақтауда іздеуде жүрген, сотталған адам табылды
2,226
оқылды

Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеуші, іздеуде жүрген Б.Ізбергенов Ақтау қаласынан табылды. Бұл туралы  Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Ақтау қаласының аумағындағы жеке кәсіпорындардың бірінде жұмыс істеп жүрген ол колонияға белгіленген уақытта келмей қалған. Департамент қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында сотталған адамды тауып, колонияға қайтарды», – делінген баспасөз мәліметінде.

Сотталған Б.Е.Ізбергенов 1982 жылы туған. Оны 2018 жылы қыркүйек айында Мұнайлы аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабы яғни «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. 2023 жылдың маусым айына дейін Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі жалпы режимдегі колониясында жазасын өтеген.

Содан кейін Атырау қаласы сотының қаулысымен Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесіне ауыстырылған. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеушілер егер қажет болса әкімшіліктің рұқсатымен мекемеге іргелес аумақтың шегінде қадағалаусыз жүруге құқылы.