Елордада «Жасыл Астана» эко­логиялық айлығы аясында жалпы­қалалық сенбілік өтті.
56 мың астаналық сенбілікке шықты
600
оқылды

Қалалық спорт басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері мен елімізге танымал, халықаралық әлемдік деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар қатысып, шараға атсалысты. Қоғамдық іс-шараны бастамас бұрын олар шаһар төріндегі «Ғашықтар» саябағында сенбілікті таңғы жаттығумен ашты.  

Жиналғандарға қоғамдық жұмыстың мән-маңызын түсіндірген пара дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Науатбек сенбілік  тазалық кепілі екенін айтты. Осындай тазалық жұмыстарын жүргізу қашанда елордалық спортшылардың наза­рынан тыс қалмағанын тілге тиек еткен ол:

«Бүгін бәріміз бір кісідей жұмылып бізге берілген аумақты түгелдей тазартып шықтық. Өз ойымша сенбілік – бұл ұжым­дық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Барша қазақ­стан­дықты туған жерімізді таза ұстауға шақырамыз», – деді. 

Соңғы жылдары қаладағы мұндай игі іс жұртшылықтың қолдауына ие болып келеді. Бұл бір жағынан жас ұрпақты өз туған жерінің табиғатын сақтап, азаматтық парызды орындаудың құндылығын үй­рету­де берері мол. Айталық, осы жолы да елордада 16 қыркүйектен 14 қазанға дейін «Жасыл Астана» дәстүрлі экология­лық айлығы өтеді. Осы жұмыс аясында ұйым­дас­тырушылар қалалық қызметтерді, ең­бек ұжымдарын және белсенді қала тұр­ғын­дарын жұмылдыра отырып, бір­неше коммуналдық және жалпықалалық сен­білік өткізбек.

«Елордалық 100-ден астам спортшы­мен бірге Спорт басқармасының ведом­стволық бағынысты мекемелерінің қыз­мет­­керлері көшелерді тұрмыстық және өсім­дік қалдықтарынан тазалап, қаланы абаттандыруға өз үлестерін қосты. Астана­да «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында жалпықалалық сенбілік қазанға дейін жалғасады», – дейді қалалық Спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.

Елордада жоғары деңгейде ұйымдас­тырылып отырған «Жасыл Астана» экологиялық айлығын қала экологиясын сақтаудың алғышарты ретінде қарастырсақ та болатындай. Өйткені акция аясында өтіп жатқан жалпықалалық сенбіліктің өзіне 56 мыңнан астам қала тұрғыны шықты. Демалыс күніне қарамастан бел­сен­ділік танытушылардың қатары көп. Таң­ғы сағат 9-дан бастау алған жалпы­қалалық сенбілікке ірі, орта және шағын бизнес өкілдері де қатысты. 200-ден астам компанияның қызметкерлері, қаланың тазалығына бейжай қарамайтын тұрғындар өз ұйымдары мен кеңселерінің жанындағы аумақты тазартып, азаматтық іс атқарған­дарын абыройлы жұмыс деп санайды. Қала тұрғындары сағат түске дейін 110 тоннаға жуық қоқыс шығарды. Сонымен бірге қарағаш, үйеңкі, қарағай, бұта сияқ­ты 1 200-ге жуық жасыл желек отырғызды.

Ж.АСҚАРБЕК

Фото: dknews.kz