Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары ба­рысында БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қа­тысты.
Әлемдік қоғамдастықтың бірлігі аса маңызды
798
оқылды

Мемлекет басшысы Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолын­дағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқым­ды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сес­сиясында төрағалық етті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік еке­нін атап өтті.

– Геосаяси қақтығыстарға байла­ныс­ты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жі­ге­рімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедер­гі­лерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің ша­масы жетпейді. Әлемдік қоғам­дас­тық­тың бірлігінің арқасында ғана елеулі же­тістіктерге қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жет­кізу – ұлттық басымдық.

– Орнықты даму қағидаттары біздің не­гізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағ­дарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түр­де инвестиция құйып отырмыз. Мем­лекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік кодексте халық­тың осал топтарын қорғау шаралары кү­­­шейтілді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, баршаға ор­тақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар ұсыныс айтты.

– Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қа­зақстанда Орталық Азия мен Ауған­стан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсына­мыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қыз­метін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент саммитке қатысушыларға ха­лықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Оның ай­туын­ша, ОДМ-ға қол жеткізу үшін қаржы жүйе­сі таңдаулы ғана елге емес, барлық мем­лекетке теңдей ықпал етуі қажет. Эко­логия, білім беру және денсаулық сақ­тау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек.

 Қасым-Жомарт Тоқаев климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы ор­нық­ты дамуға айтарлықтай қауіп төндіре­ті­ніне тоқталды.

– Біз БҰҰ-ның басшылығымен тех­никалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салала­рын­дағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму са­ла­сындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қа­зақстан БҰҰ-ның орнықты даму сала­сын­дағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әр­дайым жақтайды, – деді Президент.

Сонымен қатар сессия барысында Мажарстан Президенті Каталин Новак, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, ОАР Президенті Сирил Рамафоса, Аус­трия Президенті Александр Ван дер Бел­лен, Перу Президенті Дина Болуарте, Гайа­на Президенті Ирфан Али, Мик­ро­незия Президенті Уэсли Симина, Сол­түс­тік Македония Президенті Стево Пен­даровски, Финляндия Президенті Сау­ли Ниинистё және басқалар сөз сөйледі.

Стратегиялық серіктестер серпіні

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев­тың БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессия­сы­ның аясындағы екіжақты келіссөздер бағ­дарламасы Мажарстан Президенті Каталин Новакпен кездесуден басталған болатын. Мемлекет басшысы бауырлас ха­лықтар арасында тарихи және мәдени бай­ланыстарға негізделген стратегиялық се­ріктестік орнағанын атап өтті. Президент Мажарстанның түркі ынты­мақ­тастығын нығайтудағы белсенді ұста­нымын және елеулі үлесін жоғары баға­лады.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық 10-саммиті өте­тінін айтып, аталған жиынға Ма­жар­стан Премьер-министрі Виктор Орбан қатысады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.

– Еліміздің Мажарстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өткім келеді. Елдеріміз арасында өте сенімді, дәстүрлі байланыс қалыптасқан. Біз екі­жақты ынтымақтастықтың қазіргі дең­гейін жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пай­даланып, Сізді Қазақстанға сапармен келуге шақырамын. Сонымен қатар Түр­кі мемлекеттері ұйымының сам­митінде Премьер-министр Виктор Орбан мыр­за­мен кездесеміз деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттер мемлекеттеріміз ара­сын­дағы өзара тауар айналымын ұлғай­ту­ға бағытталған бірлескен шаралар қа­былдау, сондай-ақ ынтымақтастықтың екіжақты тетіктерін жандандыру маңыз­ды екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен кездесті. Мемлекет бас­шысы Словенияны Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Президенттің айтуын­ша, екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусарды келесі жылы елімізде өте­тін Астана халықаралық форумына қа­тысуға шақырды. 

Президенттер Қазақстан мен Сло­вения­ның сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық сала­лардағы ықпалдастық перспективаларын талқылады. Сондай-ақ әңгімелесу бары­сында фармацевтика, логистика және IT индустриясы салаларындағы өзара бай­ланыстардың оң тәжірибесіне назар аударылды.

Инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды

Сондай-ақ Нью-Йоркке сапары ба­рысында Президент бірқатар америка­лық компанияның басшыларымен кездесу жүргізді. Соның бірі, Rio Tinto компаниясының бас атқарушы дирек­торы Якоб Штаусхольмді қабылдау ке­зін­де геологиялық барлау, тау-кен және металлургия өнеркәсібінде бірлес­кен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Rio Tinto компаниясының еліміздегі қызметінің аясын кеңейту жоспары жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ Якоб Штаусхольм Қостанай және Қарағанды облыстарын­дағы мыс кен орындарына геологиялық барлау жүргізу жобасының жүзеге асы­рылу барысы туралы баяндады. 

Мемлекет басшысы жоғары техно­логия­ларды дамыту үшін бүгінде сұра­ныс­қа ие маңызды минералдар мен шикі­заттың елімізде мол қоры бар екенін атап өтті. Қазақстан геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын ұлғайту, жаңа кен орындарын ашуды жеңілдететін үздік әлемдік тәжірибелерді енгізу үшін шаралар қабылдап жатыр.  

Мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилламен де кездесті. Кездесу барысында қаржы секторын, IT саласын дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнестің цифрлық құ­зыретін арттыру бағыттарындағы ын­тымақтастық перспективалары талқы­ланды.  

Президент Mastercard компания­сының ТМД-дағы, Орталық және Шы­ғыс Еуропадағы консалтингтік бағытты да­мыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Инновациялық төлем технологиясы саласындағы жаһандық көшбасшы­лардың бірі саналатын компания бүкіл Орталық Азия аймағы үшін банк сек­торындағы бизнес пен адами капиталды дамытуды жоспарлап отыр. 

Никола Вилла Қазақстанның GovTech-шешімдерін шетелде, әсіресе дамушы және қалыптасушы нарықтарда ілгерілету жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанның цифр­ландыру, электронды үкіметті және қол­ма-қол төлемсіз экономиканы дамыту тәжірибесіне Mastercard филиалдары жұмыс істейтін басқа елдер ерекше қы­зы­ғушылық танытуда.

Бұдан бөлек, Президентке Mastercard компаниясының Инклюзивті өсім қоры Қазақстанда Strive бағдарламасын іске қоса­тыны жөнінде мәлімет берілді. Атал­­ған бағдарлама елімізде бизнесті цифр­ландыруға, 300 мыңнан астам ша­ғын және орта бизнестің біліктілігін арт­тыруға көмек көрсетеді.

Сонымен қатар Қазақстанның Ұлт­тық банкімен бірлесіп, «Цифрлық тең­ге», «Жедел төлем жүйесі», Open banking жобаларын жүзеге асыру ісіне сарап­тамалық және технологиялық тұрғыдан қолдау көрсету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Президенттің Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Mastercard компаниясы арасында осы және өзге де бастамалар қамтылған Digital Country Partnership (DCP) негіздемелік келісіміне қол қойылды.