Соңғы жылдары заңгерлер мен құқық қорғаушылар түр­ме­де­гілердің санын азайту туралы жиі мәселе көтеріп келеді. Маман­дар­дың ұсынысына келгенде қоғамның пікірі екіге жарылады.
Учаскелік полицейдің бір күні
1,493
оқылды

Бірі – абайсызда жасалған қылмыс үшін темір торға тоғыта бергенше, бос­тандықта жүріп қателіктен сабақ алғанын құп көреді. Екіншілері – түрмедегілерді қолдан азайтып, қылмыскерге жеңілдік жасалса, жәбірленушінің құқығын аяққа таптаумен бірдей дегенді алға тар­тады. Бұдан шығатын қорытынды сол, сотталғандардың санын қыл­­­мыстың салдарымен емес, себебімен күресіп қана қолға алған әлдеқайда оң секілді. Бұл дегеніңіз – қоғаммен серіктестікте жұмыс істеп, тұрғындардың шағымына тұрақты түрде құлақ түрудің маңы­зын көрсетеді. Президент те үнемі айтып жүрген сервистік полиция­ның міндеті де осы. Яғни, құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік та­нытқан қоғамда әлгіндегідей түсінбеушілік туындамасы анық. Осы орайда біз жеті жыл бұрын қолданысқа енгізілген жергілікті полиция қызметінің жемісті жүзеге асып жатқанын өз көзімізбен көру үшін мамандығымызды ауыстырып, бір күнімізді учаскелік полиция инспекторының жұмысына арнадық. 

Учаскелік полицейдің күнделікті жұ­мыс күні таңғы жетіден басталады. Себе­бі олардың әрбір сағаты емес, әрбір се­кунды санаулы екенін қызметтік фор­­­­­­­­­­­ма­­­­­ны киген сәттен бастап сезіне түс­­­тік. Азаматтық қызмет секілді жұмыс кестесі кіреберістен басталып кетпейтіні тағы бар. Мұндағы өзгешелік те сол, олар ішкі тәртіп ережесін қатаң сақтап, бір­неше тексерістен өтеді. Мәселен, сағат 8-ге дейін қызметкерлер психо­­логтің алдынан өтуі тиіс. Алдына келген адам­мен ашық сөйлесіп, тұрғындардың тілін табуда тұрақты көңіл күйде болу өте маңыз­ды. Қызметкердің жан дүние­­­сіндегі өзгеріс өзге адамдармен қарым-қа­тынас кезінде теріс әсер етуі мүмкін еке­ні ерекше ескерілетіні де сондықтан. Көңіл күй қалпын анықтауға арналған тесттен кейін кадр бөлімі әрбір учаскелік полицейдің басынан бақайшығына дейін тағы қарап шығады. Қызметтік куәліктен бастап киім киісіне дейін ере­жеге сай болғанда ғана қаруланып сап­қа тұруы қажет. Өйткені олар сөйлеген сөзі мен киген киімі арқылы да адамдарды дұрыс жолға бағыттай алатынын қаперде ұстаған жөн. Міне, осындай күнделікті тәртіпке сәйкес, полицейлермен бірге тексерістен өткен соң Астана қаласы ПД Есіл ауданы полиция басқармасы бас­­тығының бірінші орынбасары, под­пол­ковник Азамат Садықовтың күн тәрті­біндегі қысқаша нұсқамасымен та­­­­­­ныс­тық. Осы аралықта бөлім басшы­лары қосымша тапсырмаларды қызмет­тік кабинетте пысықтап, жедел мәселе­лерді күн тәртібінде талқылап та үлгеріп жатты. Таңғы таратылымнан кейін ке­зекші бөлім инспекторының бұйры­ғымен Есіл аудандық полиция бөлімі, Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, аға лейтенант Ерболат Мақажановпен бірге қызметімізді атқа­руға кірісіп кеттік.

Жұмыстың 99,9 пайызын атқарады

Учаскелік полицейдің жүктемесі көп, міндеті ауыр. Өйткені Ішкі істер ми­нистр­лігі ғана емес, жалпы құқық қор­ғау органдарының ішінде олардың қоғам­дағы жауапкершілігі жоғары. Егер тұр­ғындардың тыныштығы сақталып, арыз­данушылар азайса, жедел уәкілдің жұ­­­­мы­сы жеңілдеп, тергеушінің түнгі ұй­қысы тыныш болады. Құқық­­­­­бұзушы­­­­лыққа қарсы қоғамның иммунитеті артса, айып тағатын прокурордың мін­деті азайып, судья сот үкімін шығар­маған болар еді. Түсіндірме жұмысы тиімділігін көрсетсе, әлгінде айтқандай түрме хал­­қының қатары да сирейтіні анық. Сол үшін де оларға өзге әріп­­тесте­рімен са­­лыстырғанда тұрғындардың тілін тауып, қайнаған тіршіліктің күре­­тамырын басу жүктеледі. Қыл­мыссыз қо­ғамның ал­ғышартын жасайтын учас­келік поли­цей жүйеленбеген жұмыс кү­­нін­де қатерге басын тігіп, тұрғындар­­­­­­дың тыныштығы үшін тікеден тік тұрып қыз­мет етеді. Демек, бұл лауазым иелері­нің арасында жеке бастың қамы үшін қыз­метке құ­­мартып келгендерден қарағанда, жүрек қалауымен жұмысқа тұрып, өмірін қоғам тыныштығы жолына арнағандар көп. 

«Күн сайын жұмысқа кіріспес бұрын тапсырмаларды пысықтаймыз. Учас­келік полицейлерге ең алдымен уақыт күт­­­тірмейтін маңызды тапсырманы алдың­ғы кезекте атқару талап етіледі. Алайда бұл кейбір міндеттерді асықпай қарауды білдірмейтінін түсіну керек. Өйткені жұмыс кестесінде қосымша арыз-ша­­ғымдар бойынша да атқары­латын міндет жетерлік. Мысалы, алдына түскен арыз­­­дан бөлек, сырттан келетін ақ­параттар бойынша да тексеріс жасауға тиіс. Жос­­парлы түрде жүргізетін күнде­­лікті тап­­­сыр­масынан бөлек, әртүрлі жедел ал­дын алу ша­­­раларына да қатысу жүк­­теледі. Олар­дың негізгі жұмысы – тұр­­­ғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, қоғамдағы құ­қық­­бұзушы­­­лық­тың алдын алу», – дейді Азамат Садықов. Айталық, «Ішкi iстер орган­дары туралы» заңда көрсетілген құқық қорғау қызмет­­керлері атқаруы тиіс міндеттің 99,9 пайы­­зы учаскелік полиция инспектор­лары­ның мойнына артылады. Тіпті, тұр­­­­­­­­­ғын­­­­­­дардың талап-тілегінен бөлек, құ­жаттарын уақытында айырбастауқажет­­­тілігін де қаперге салатын қызметті де қоса атқарады. 

Өзіме бөлінген аумақтың учаскелік полицеймен бірге «Времена года» тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйлердің ауласын аралаудан бастадық. Серіктесім екеуіміздің жұмысымыз тұрғындармен тілдесіп, МИБ-не жауаптыларға жолы­ғу болды. 

Тұрғындар тарапынан айтылып жат­қан ұсыныс-тілекті өз уақытында тың­даудың себебі бар. Мәселен, аула­дағы адамдардың жүріс-тұрысы мен әрбір әре­кеті меншік иелері бірлестігінің наза­рынан тыс қалмайды. Сондықтан учас­­келік полицей олармен үнемі байла­ныс ұстауға тиіс. «Біз учаскелік инспек­торымызбен тұрақты түрде жұмыс жүр­­гі­земіз. Көмек қажет болған жағдайда бір-бірімізге қолдау білдіреміз. Мысалы, тұрғын үй кешеніндегі тыныштықты бұзған ұрыс-керіс, төбелес, ұсақ құқық­бұзушылықтар болса, бірден учаскелік полицейге шығамын. Ары қарай ол құқық бұзушымен түсіндіру жұмысын жүргізу, әкімшілік айыппұл салумен айналысады. Осы жерде екі жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Өз аумағымыз­дағы тәртіп пен тыныштықты сақтауда атқарылып жатқан жұмысты оң бағалай­мын», – дейді тұрғын үй кешенінің ме­неджері Алма Сейітова.

Тұрақты жұмыс кестесі жоқ

Бұдан кейін ауладағы дүкен мен кіре­берістердегі ақпарат тақтасына брошю­ларды жапсырып, визитка тараттық. Бұл процесс те полицейдің күнделікті атқа­ра­­­­­тын жұмысының бірі. Себебі тұрғын­дардың арасында қоныс аударып келген адамдар болса, өз полицейін жақынырақ танығаны дұрыс. Әріптесімнің өзіне бекітіліп берілген осынша тапсырманы орындауға қалай үлгеріп жүргені қызы­ғушылығымды тудырды. Шыны керек, тұрғын үйлерді табаннан таусылып жаяу­лата жүруге жарты күннің өзінде шаршап қалғаным да рас. «Менің мойнымда 100-ден аса міндет бар. Оның барлығын бір күнде орындау мүмкін емес. Дегенмен мүмкіндігінше арыз-шағымдарды тек­серіп, тұрғындардың талабына құлақ түруім керек. Осы үйдегі еңкейген кәрі­­ден еңбектеген балаға дейін назарымда ұстаймын. Шартты мерзімнен бұрын босатылған адамдар мен қорғау нұсқама­сы шығарылғандарды айына үш рет ескертусіз кешкі уақытта барып тексере­мін. Кейде ойын балалары да әртүрлі тәртіп бұзушылық жасайды. Ондай кезде балалар мен олардың ата-анасына тү­сіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қажет болған жағдайда ата-анасына жауапкер­­­шілік жүктеледі. Кейде ювеналдық поли­циямен бірге жұмыс істеу қажет болады. Жасөспірімдер арасында түнгі оннан кейін аулада жүретіндер немесе суық күндері жылы жерге кіріп алатын қаңғы­бастар бар. Сондықтан әрбір көпқа­­батты үйді тексергенде жедел­­са­­­тымен емес, жаяу аралап шыққанды құп көремін. Себебі кейбір тұрғындар кіре­­берісте тұрып темекі мен есірткі шегуі мүмкін. Оның үстіне, тұрғын­дардың ортақ чат­тарында да отырмын. Сол жер­дегі айтыл­ған сын-ескертпелерді де ескеріп, уақы­тында шешудің амалын қарастырам. Қа­зір тұрғындар да құқық­­­бұ­­­зушылыққа мүлдем төзбеушілік қа­ғидасын қатаң сақтайды. Себебі менің телефон нөмірім әрбір тұрғында бар. Қандай да бір құ­қықбұзушылыққа жол берілсе құлақ­тандырып, мән-жайды баяндап беретін болды. Бұл тұрғын­­дардың тыныштығы үшін өте маңызды. Екінші жағынан, менің де жұмысымды жеңілдетіп бере­ді»,– дейді Ерболат Амангелдіұлы. 

Учаскелік полицейдің тұрақты жұ­мыс кестесі жоқ. Бұдан бөлек, олар ке­зектесіп тәуліктік кезекшілікке түседі. 102 кана­­лына түскен қоңыраулар бойын­­­ша тек­серіс жүргізетін учаскелік инспек­­­­тор­­­­лардың әр күні кішігірім күрес десе де бо­лады. Өйткені тәртіп бұзған тұрғындар арасында агрессивті жауап қайтара­­­­­тындар да, жағаға жармасып, есікті аш­пайтындары да бар. Мәселен, а­умақта жа­лға берілетін тәуліктік пәтерлерде жиі ши шығады екен. Көршілердің қоңырауы бойынша тексеріс жүргізілгенде түн ты­ныштығын бұзатын мұндай үйлерді жез­өк­шелік қызметке тапсырғандар да анық­­­талып жатады. Өз кезегінде «Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы» ко­декске сәйкес, пәтер иесі мен тәртіп бұз­­­­­ғандарға да жауапкершілік көз­­деледі.

Елордаға елдің әр бұрышынан қоныс тепкендер көп. Біздің аумағымыздағы «Времена года» тұрғын үй кешенінде 18 үй бар екен. Бір қарағанда элиталы ау­данда тұратын зәулім үйдің ішіндегі тұр­ғындардың барлығы тәртіпті секілді. Алайда аулада отырған әжелермен әңгі­­мелесу барысында ортақ тәртіпке ба­­ғынғысы келмейтін үлкен мен кіші де көп екенін аңғардық. Олардың айтуын­­­ша, ауладағы әсем гүлдерді жұлатын балаларға «әй» дейтін анасы, «қой» дей­тін әкесі көрінбейді. Әжелердің әңгіме­­сінен ұққанымыз көп жағдайда жалда­малы пәтердің иелері тұрғын үй ке­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ше­­­­­­­­­нінің тәртібіне мойынұсынғысы келмейтін көрінеді. Тұрғындардың бұл ескертпесін өзімізге түртіп алып, жұмы­сымызды ары қарай жалғастырдық. 

Тұрғын үй кешенінде қазір пробация есебінде тұратындар мен отбасылық жан­жал бойынша қорғау нұсқамасы шығарылғандар бар. Бір күн бұрын отба­сының тыныштығын бұзып, әйеліне қол көтерген тағы бір тұрғынға қорғау нұсқа­­­масы шыққан екен. Серіктесіммен бірге отбасылық түсіндіру жұмысын жүргізу үшін ерлі-зайыптылар тұратын пәтерге бас сұқтық. Ерлі-зайып­тылармен түсін­­діру жұмысын жүргізіп, заңның жаңа ережелері күшіне енгені ту­ралы құлақ­танды­­­рыл­ды. Шілдеден бастап күшіне енген жаңа ере­жеге сәйкес, отбасылық жан­жал екінші рет қай­­­таланған жағдайда та­туласу қарасты­­­рыл­­майды. Ал қорғау нұс­­­­қамасы шығарылған адам мекен жайын ауыс­тыратын болса, түсі­ніктеме жазуы қажет екені айтылды. 

Екінші мамандығы – психолог

Жасөспірімдермен жұмыс істейтін ювеналдық полиция бар. Десе де, өз ау­мағындағы мектеп пен балабақша, ойын алаңдарындағы балалардың көңіл күйін де айтқызбай біледі екен. Сондықтан Ерболат Мақажанов ересектермен ғана емес, мүмкіндік болса бала­­лармен де тіл­десуге уақыт табуға тырысады. Ондай кезде баланың мінез-құл­­қындағы, бет-әлпетіндегі өзгеріс арқылы жан дүние­сіне үңілуге, айтарына құлақ түруге де уақытын бөлу маңызды. «Кейбір ата-ана­лардың өздері ба­ласымен сөйлес­ке­німді қалап, өті­ніш айтатын кездері бо­лады. Тү­сіндіру жұмысынан кейін дұрыс жолға түсіп, мінез-құлқында өзгеріс болғанын айтып алғысын айтып жата­тындар бар. Ешқандай шағым болмаса да тұр­ғындардың жағдайын сұрап-білуге уақыт бөлем. Кейде «қандай да бір сұ­рақ­тарыңыз бар ма?» деп әр үйге кіріп шы­ғатын да кезім болады. Мұның да қажеттілігі бар. Мысалы, менің тәжіри­бемде тұрғындардың айтуымен тексеріс жүргізгенде көптеген құ­­қық­бұзу­­­­шы­лық­тың алдын алуға мүм­кіндік туды. Бірде бір тұрғын көрші пә­терге жүріс-тұрысы күдікті, бұрын бұл жақта кездестірмеген адамдар келіп-кетіп жүр­­генін жеткізді. Тексеріп көргенде, шындығында да ешбір құжаты жоқ 6 тәжік азаматының елімізге рұқсатсыз кіргенін анықтадық. Ондай жағдайлар жиі болады. Себебі қазір қалаға құрылыс жұмысына келетін өзге елдің азаматтары көп. Тағы бірде әкімшілік аумағымда тексеріс жасап жүріп, ешқандай ақпарат түспеген бір пәтерге кірдім. Кірген жерде бұрыштағы сөмкеге көзім түсті. Тексеріс барысында есірткі затын анықтадық», – дейді ол. 

Күнделікті қызметінде өміріне қауіп тудыратын келеңсіз оқиғалар да жиі бо­лады. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері демалыс орындарында ішімдік ішіп, айтқанға көнбейтін демалушылар ара­сында өктем сөйлеп, заңға бағынғысы келмейтін де бар. Алайда айбат шегіп тұрған адамға барынша мәдениетті сөй­лесуге тырысу керектігін айтқан Ерболат Мақажанов: «Біз кез келген жағдайда ұстамды болуымыз қажет. Бұл тек бізге ғана емес, қоғамдағы кез келген адамға қажетті мінез-құлық әдебінің ең бірінші ережесі болған жөн. Олай болмаса тұрғындардың тілегін білу қиындық тудырар еді. Мен өзімді кішігірім пси­хол­­­­огпін деп ойлаймын. Расында да, екінші мамандығым психолог секілді. Осы қызметке келгелі қасыма келген адамның жүріс-тұрысы мен көзқара­сынан айтарын оқып, арыздағы жазуына қарап ары қарайғы мақсаты қандай екенін жақсы түсінемін. Егер адамдардың айтарын білуге құлықсыздық танытсаң, құқықбұзушылықтың алдын алу қиынға соғады. Күндіз естіп-білгенімді кешкісін ой елегінен өткізіп, әрбір тексерістен кейін талдау жасаймын. Байқағаным, түсіндіру жұмысын жүргізгеніңе қарай, 102 каналына түсетін қоңырау да, шағым да азайған. Маған керегі де осы. Шешім шығарудан бұрын олармен қарым-қатынас орнатып, түсіндірме жұмысын жүргізу жемісті нәтиже берері анық», – дейді. 

Учаскелік полицейдің психолог болуы­мен қатар, қажет кезде қорғана біле­тін физикалық дайындығы да мығым болуы шарт. Сол себептен аптасына бірнеше күн қоян-қолтық ұрыстан дайын­­­дығын шыңдап, спорт секция­ларына қатысуына да уақыт беріледі. Өйткені патрульдік полиция полкімен бірге түнгі шақыртуларда өмірге қауіп төндіретін кездейсоқ қауіп-қатерден сақтану керек. Тіпті, тұрғын үйдегі тәр­тіпті қадағалау барысында да ескертпені елең қылмайтындардың барын жоққа шығаруға да болмайды. 

Десе де, бір күнімізді арнаған учас­келік полиция лауазымы – жазалау емес, жұрттың қорғаны болу екенін аңғардық. Өйткені олар тоқтаусыз күнделікті ха­лықпен байланыс орнатып, алғашқы шешімді қабылдайды. Ал шешімдерді қабылдау кезінде кәсібилікпен бірге, адамгершілік қасиет те алдыңғы кезекте талап етіледі. Сонда ғана тұрғындармен серіктестік орнату арқылы қоғамдағы мәселелерді шешуге бағытталған «Сер­вистік полицияның» стратегиясы же­місті жүзеге асары сөзсіз. Серіктесімнің өзіне бекітілген аумақтың тыныштығы үшін кірпік қақпай қызмет етуі қылмыс­тың алдын алып отырғанын дәлелдейтіні айғақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, учаскелік инспектор – белгілі бір аумақтағы қыл­мысты болдырмауда, жергілікті ха­­лықтың мәселелерін шешуде, қылмыс­тың тікелей немесе жанама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арт­тыруда басты тұлға. Учаскелік поли­цейдің қылмыс болған сәтте емес, қажет кезде қасынан табылуы қоғамның са­насын өзгертеді. Шындығында да, ха­лықтың сеніміне басқаша ие болу мүм­кін емес. 

«Погонды журналист» жобасынан соң осындай ой түйдік.

Жадыра МҮСІЛІМ

Фото:  Радмир ФАХРУТДИНОВ