Өткен жұмада Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың алдында Kitaptime – 2023 респуб­ликалық кітап фестивалі ұйымдас­тырылып, онда оқырмандар мен авторлар, ақын-жазушылар мен әдебиетқұмар жұрт кітап жәрмең­кесінде қауышып, мәре-сәре бо­лысты.
Кітап салтанат құрған күн
1,023
оқылды

Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің қолдауы және  Ұлттық академиялық кітапхана бастамасымен дәстүрге айналған KitapTime – 2023 фес­тивалі жалпы республикалық деңгейде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл мерекеге ел аумағындағы барлық көп­шілік кітапхана түгел атсалысып, тіпті кейбір мектеп кітапханалары да дәл осы күні оқушылар арасында әдеби байқаулар мен түрлі шара өткізіп жатты.

Фестивальдың мақсаты – кітап оқуды кеңінен насихаттау, интеллектуал жас­тарды ынталандыру, мәдени құндылық­тарымызды халыққа жеткізу болатын.

Елордадағы зиялы қауым өкілдерін, ақын-жазушылар мен жай ғана кітап­құмар жандар және көзі қарақты оқыр­мандарын жинаған Ұлттық академиялық кітапхана руханият мерекесін кітапхана­ның алаңынан бастап кетті. Кітапхана алаңына «Абай», «Эльдорадо» кітап үйлері , «Пайдалы кітаптар», Kitapal кітап дүкендері, Mazmundama, Qyr balasy, QAZBILIM, Qasym, «Отбасы хрестоматиясы» және басқа да баспалар мен шетел елші­лік­терінің баспа өнімдерінен көрме-жәрмеңке, сондай-ақ Art-vision қол­­өнершілер мен суретшілер па­ви­­льоны, ұлттық ойындар ұйым­дас­тырылды. Қалалық кітап­хана ұйымдастырған bookcrossing кітапқұмарларды маңайына жинай білді. 

Фестивальдың ресми ашылуында сөз бастаған  Мә­де­ниет және ақпарат ми­нистр­лігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің тө­рағасы Қуат Бораш,  Парла­мент Сенатының депутаты Нұр­төре Жүсіп, жазушы Әлібек Асқар, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлей­менова, тележүргізуші-журналист Дана Нұржігіт, ҚЖО Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы және шетел елші­лігінен келген өкілдері кітап оқу мен кітапхана маңыздылығын атап өтіп, жастарға білім көкжиектерін тек кітаппен кеңейтінін жеткізді. 

Алаңда «Кел, боямақ бояйық!» атты ұлттық балалар боямақтарын таныстыру­ға арналған шараны «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасының авторы, тарихшы-этнограф Тұрар Сәттарқызы ашып, сөз сөйледі. Сонымен қатар балаларға ар­налған түрлі қойылым, ертегі кейіпкер­лері­нен персонаждар, «Балапан саз» Қазақ­стан композиторларының заманауи балалар әндері антологиясының таныстырылымы, балалар әдебиетінің авторларымен кездесуге жиналған бала­ларды ғажайып кітап әлеміне жетеледі.

Автографсессия бағдарламасы бо­йынша жазушы Роза Мұқанова, бала­лар ақыны Серікбол Хасан, аудармашы Гүлнұр Кәкімжанова оқырмандарымен жылы жүздесті.

Фестиваль аясында арнайы бағдар­ламамен өткен жазушы-драматург Орал­хан Бөкейдің 80 жылдығына арнал­ған ғылыми-конференция жазушы­ның шы­ғармаларымен қайта қауышқан маңызды шара болды.

Фестивальдың күндізгі шаралар қата­рында журналист, телемаман Айгерім Есенәлінің «Сөзің өтімді болсын» атты және  медиатренер, мультимедиялық журналист Гүлім  Әмірханованың кітап жазудағы тәжірибесімен бөліскен семинар-тренингі қызығушылығы бар топты жандандыра түсті. 

«Сәлеметсіз бе, қоңыр күз!» деген атаумен ақындар алаңында Танакөз Толқынқызы, Мақпал Мыса, Рауан Хайролла, Ажар Ерболған, Бауыржан Бабажанұлы, Толқын Қабылша, Ұларбек Дәлейұлы,  Назгүл Бердіқожа, Бауыржан Қарағызұлы және өзге де ақындар өлең оқып,астаналық жұртшылықты поэзия нәрімен сусындатты.

READER – жұлдызбен кітапханаға жол» шарасында жаңа оқырмандарға оқырман билетін табыстап, кітапханаға оқырман тарта білген  фестиваль қо­нақ­тары Дәулет Мұқаев, Нартай Сау­данбекұлы, Қуандық Қыстыбаев, Әділ Ахметов, Ернар Жұматаев, Алексей Лодочниковтермен фотоға түсушілердің қарасы көп болды.

 Фестиваль кешкісін «Кітапхана түні» атты мәдени бағдарламамен жалғасты. Шара аясында ұйымдастырылған  кон­церт­тік бағдарламаға Үнді мәдениет орталы­ғы бишілерінің би көрсе­ті­лімі­­не, бизнес-коучингке, Quiz интеллектуалдық алаңына, поэзия кешіне, АНТИКАФЕ Book & Сoffee, Астананың түнгі аспанын телескоппен тамашалауға қызығушылық танытқандар көп.

«Келіссөздер» клубының жетекшісі Владимир Романовтың «Управленческие поединки», «Қазақ тілінде көпшілік алдында еркін әрі тартымды сөйлеуді бірге үйренейік» Qazaq toastmasters club жетекшілерінің шеберлік сыныптары, «Харизма» психологиялық бизнес-тренинг тартымды өтті. 

АlQa әдеби-мәдени клубының оты­ры­сында шараны жүргізген шығыстану­шы, ағартушы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбей зал­ға сыймай кеткен оқырмандарын өзі­не баурап, бүгінгі қоғамды толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, «Қуыс кеуде» кітабымен жиналғандарды таныс­тырды. 

 Кітап мерекесі жас пен ересекті, қызығушылығы әртүрлі оқырмандар тобын, билік өкілі мен қарапайым халықты біріктірген мәдени-рухани шара болды. Фестивальға 5 000-ға таяу халық қатысты. Ұйымдастырылған байқаулар мен жарыстардың жеңім­паз­дарына, белсене атсалысқан қонақ­­тарға, шабыттанған, басқаны шабыт­тан­дырған жас ақындарға кітап­тар сыйға беріліп, кітапхана атынан мара­паттар табысталды.

Дәл осы күні KitapTime-2023 кітап фес­тивалі  өңірлерде де құлашын жайып, облыс орталықтарында, аудан, ауыл кітапханаларында кітап мерекелері той­ланды. Биылғы фестивальдың ерекшелігі ел аумағындағы кітапханалардың бар­лығы дерлік кітап мерекесін өз деңгей­лерінде өткізіп, оларға облыстық мәде­ниет басқармаларының қолдау білдіргені. Кітап фестивалі аясында 2 000-ға тарта түрлі мәдени шара ұйымдастырылып, оған 50 мыңнан аса халық тартылған.

Адамзаттың құндылығы саналатын кітапты паш ететін, оқырманына табыс­тайтын кітап фестивалі жылдан-жылға абыройы артып,  ауқымы кеңейіп, рухани ортада атаулы мәдени шаралардың бірегейіне айналатынына сенім артамыз.

Наурызбек САРША