18 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 13-кезеңі ел мен жердің абырой-беделі үшін тау қопарып, тас тескен елжанды еңбек майталмандарының қалашығы Кентауда аяқталды.
«Ұлы дала жорығы»: соңғы 50 шақырым қалды
1,633
оқылды

13 кезең қорытындысы бойынша, Жетісу облысының командасы жеңімпаз атанды. Ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші болып кессе, Алматы қаласының командасы финишқа үшінші болып жетті. Нағыз жүзден жүйрік анықталатын аламан бәйгенің 1250 шақырымы артта қалды. 

Сонымен қатар жорықтың аяқталуына 2 күн қалғанда Түркістан, Қостанай облыстарының командасы аттарының болдырып қалуына байланысты жортуын тоқтатты. 

Қостанай облыстық Ат спорты федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов бұл жолғы жорықта жеңімпаз атану бұйырмаса да, жалғыз қазақстандық зауыттық жылқы тұқымы  –  Қостанай тұқымының атын шығару мақсатымыз орындалды деп отыр. 

«Қостанай жылқы зауытына биыл 135 жыл толса, Қостанай асыл тұқымы жылқысына 72 жыл толды. Ол  – қазақтың жалғыз асыл тұқымды жылқысы. Алпыс жыл бойы ғалымдардың үздіксіз еңбегінің арқасында асыл тұқымды Қостанай жылқысы дүниеге келді. Өкінішке қарай, бүгінде Қостанай тұқымы жылқыларының жойылып кету қаупі бар. Кезінде 44 мың басқа жеткен Қостанай жылқысынан бүгінде небәрі 200-дей қалған. 10 жылдан бері жирен қасқа тұқымын көбейту жұмысы тоқтап тұр. Жылқы тұқымын зерттейтін, нано технологиямен жабдықталған зертханалар қаңырап бос тұр. Мұнда жалақының аздығынан ғылыммен айналысатын мамандар түгілі, жылқышылардың өзі сиреп барады. Тұралап қалған кәсіпорынды аяқтан тұрғызып,  жирен қасқалардың тұқымын көбейту үшін Үкімет тарапынан қолдау керек», –  деді Н.Әбдірахманов.

Он үшінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:

Жетісу облысы – 90 сағат 54 минут 15 секунд

Ақтөбе облысы – 92 сағат 13 минут 32 секунд

Алматы қаласы – 100 сағат 53 минут 33 секунд

Абай облысы – 108 сағат 40 минут 48 секунд

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жалпы жүлде қоры – 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге бекітілген. Айта кету керек, жүлде қоры жеңімпаз команда мүшелеріне теңдей бөлінеді. Бірінші орынға 30 миллион теңге болса, әр команда мүшесіне 6 миллион теңге тиесілі. Жеңімпаз команда мәреге толық құраммен келмей-ақ жүлделі үш орынның бірін иеленген жағдайда, оларға тиесілі жүлде қоры белгіленген тәртіппен пропорционалды түрде азаяды. Артылған қаражат осы жорықта ерекше қырынан көрінген басқа қатысушыларға арнайы номинация аясында тағайындалады. Дегенмен, ат құлағында ойнайтын сері жігіттер үшін жүлде қоры маңызды емес. Командалық есептен шығып қалса да, өздері мен тұлпарларын сынау үшін 9 шабандоз жарысты жалғастыруға бел буған. 

 

Сонымен қатар Астанадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырымды бастан-аяқ 1 атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының нәтижесіне тоқталсақ, Маңғыстау облысының жылқысы 1250 шақырымды 97 сағат 10 минут 38 секундта бағындырды. Ал Жетісу облысының тұлпары 98 сағат 28 минут 35 секундта еңсерді. Үшінші, астаналық сәйгүліктің уақыты 101 сағат 33 минут 18 секундты құрайды. 

Айта кету керек, қазақ жылқысының атын Гиннес рекордтар кітабына енгізуді көздеген азаматтарға төрешілер шешімімен қомақты жүлдеқоры бекітілген. 1-орынға – 2 миллион теңге, 2-орынға  – 1,5 миллион теңге, 3-орынға  – 1 миллион теңге беріледі. Бұл команда діттеген мақсатына жетсе, келесі жылғы жорыққа Гиннес рекордтар кітабының өкілдерін шақырту жоспарда бар.

1300 шақырымдық марафон-бәйгенің жеңімпаздарының есімі ертең «Түркістан-арена» стадионында белгілі болады. 4 команда 19 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап соңғы межені еңсеруге аттанады. Марапаттау рәсімі кешкі сағат 18:30-ға жоспарланған. «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.