Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар.
Мәжіліс депутаты халық тығыз орналасқан саяжайларға «ауыл» мәртебесін беруді сұрады
1,863
оқылды

Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Алматы облысындағы халық көп қоныстанған саяжайларға «ауыл» мәртебесін беру мәселесі жайлы айтты. Депутат Премьер-министр Әлихан Смайыловтан аталған жағдайға назар аударуын сұрап, сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты жақында Алматы облысының аудандарын аралап,  мыңдаған тұрғынмен кездесу өткізіп, саяжай алаптарында тұратын елдің  қалай күнелтіп отырғанын көріп шошығанын айтты. 

«Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар. Тұрғындарының саны бес жүз мыңға жақындаған.  Бұл деректің өзін де нақты айту қиын.  Себебі, азаматтар тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеле алмаған соң, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек алу үшін Алматы қаласына тіркелуге мәжбүр. 

Халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда  мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы, медициналық жәрдем  көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен  жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр. 

Оқу жылы басталғалы балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке балшықпен барып, кейде иттерге таланып жатыр. Айта берсек, мұндай мысалдар көп» - деп атап өтті ол. 

Мәжіліс депутатының айтуынша тұрғындар «ауыл» статусын беруді сұрап отыр.  Себебі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес,  жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын қалалық және ауылдық аумақтарды дамытуға ғана бөле алады. Депутат түйткілді мәселені үкімет деңгейінде күн тәртібіне шығармаса, арты үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін екенін айтты.

«Саяжайлардың территориясын қасындағы ауылдық округтерге қосып немесе «ауыл» статусын бере салғанмен проблема шешіле қалмайды. Бір ғана облыс әкімдігінің шамасы жетпейді. Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан, Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек. Ашығында, бұл Алматы облысында ғана емес, байтақ Қазақстанның әр өңіріндегі түйнек.

Өз тарапымыздан аталған мәселені бақылауға алып, қоғамдық талқылау жасайтын боламыз» - деп түйіндеді ол.

 

Фото: Zakon.kz