Іздеу жұмыстарына мектептің педагогикалық ұжымы мен еріктілер қосылды.
Жетісу облысында 14 күн бұрын жоғалған екі жасөспірім табылды
4,572
оқылды

Жетісу облысында жоғалған екі жасөспірім Шымкенттен табылды, – деп хабарлады Облыстық полиция департаменті.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жоғалған оқушыларды іздеу жұмыстары екі апта бойы жүргізілген. 15 жастағы Ақерке Жолдасова мен 16 жастағы Әмір Тергеуовтің Үштөбе қаласынан хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз Қаратал ауданының полицейлеріне 6 қыркүйекте жазылған. Кәмелетке толмағандарды жаппай іздеу жұмыстарын олардың туыстары, полиция қызметкерлері жүргізді. Сондай-ақ мектептің педагогикалық ұжымы мен еріктілер қосылды.

19 қыркүйекте із-түзсіз жоғалғандардың орналасқан жері анықталды. Екі мектеп оқушысының да Шымкент қаласында екені белгілі болды. Полицейлер кәмелетке толмағандарды Үштөбеге жеткізіп, ата-анасына тапсырды. Екі жасөспірім де аман-есен, дені сау, – деді Жетісу облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қайрат Журунов.