Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар қоғамдық бақылау мәселелеріне қатысты заңдарды қарап, мақұлдады.
Мәулен Әшімбаев: Сенат мақұлдаған заң азаматтардың пікірін барынша ескеруге мүмкіндік береді
1,098
оқылды

Отырыс барысында сенаторлар «Қоғамдық бақылау туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Бұл құжаттарда қоғамдық бақылау үлгілері, оның нәтижелері және қатысушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалған.

Сенат Төрағасы мақұлданған заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленгенін атап өтті. Заң нормаларына сәйкес, ел өміріне қоғамдық қатысудың қосымша тетігі ретінде петиция институты енгізілді. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев петициялардың заңдылығы азаматтарға өздерінің қажеттіліктері мен бастамаларын уәкілетті органдарға жеткізуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

«Бұл заңдар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Азаматтардың мемлекеттік процестерге қатысты пікір білдірудің қосымша тетігі ретінде петиция институты енгізіліп отыр. Мұндай нормалар маңызды шешімдер қабылдар кезде азаматтардың пікірін барынша ескеруге мүмкіндік береді. Мақұлданған заңдар алдағы уақытта қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, еліміздің дамуына оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.

Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы ауызсу сапасы мен инфрақұрылым мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

Мұрат Қадырбек Үкіметті Түркістан облысы мен Түркістан қаласындағы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуге байланысты жобаларды қаржыландыруды қайта қолға алуға шақырды. Сенатор өңірдегі өзекті мәселенің тағы бір шешімі ретінде су қоймаларын салуды ұсынды.

Амангелді Толамисов Жетісу облысындағы Ақши және Көктұма ауылдарында туризмнің қарқынды дамуына байланысты туындап отырған электр энергиясының тапшылығына назар аударды. Осыған байланысты депутат жоғары вольтты электр беру желілері мен қосалқы стансалар салу қажеттігін атап өтті.

Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор бірқатар инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жолындағы кедергілерге тоқталды.

Бибігүл Жексенбай медицина қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін көтеріп, сауал жолдады.