Еліміздегі мемлекеттік архивтер мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында өткізілген ашық есік күніне 15 мыңнан астам бала қатысты.
Бір күнде 15 мыңнан астам бала архив жұмысымен танысты
1,313
оқылды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті «Архив және болашақ ұрпақ» жобасын биыл екінші рет ұйымдастырды.

Ашық есік күнінің мақсаты өскелең ұрпақты ата-бабаларының тарихын, салт-дәстүрін зерттеуге тарту, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімді арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыру, архивтік құжаттар мен архив саласының тарихи маңызын сезіндіре отырып сала мамандарының еңбегін насихаттау.

Іс-шара аясында тақырыптық фотоқұжаттық экспозициялар мен көрмелер, экскурсиялар, шығармашылық кездесулер және сирек кітаптарды реставрациялау жұмыстары аясында шеберлік сабақтары өткізілді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде ұйымдастырылған ашық есік күніне Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Ибраим Бабаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері Ерік Жолжақсынов және жоғары оқу орындарының ұстаздары мен профессорлар және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Архив – халықтың деректі жадының сақтаушысы ретінде елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өткен, қазіргі және болашақ көкжиектерін байланыстыратын платформа.

– Жалпы архив жүйесінде зерттеуші жас маман иелеріне жаңаша түрде қызмет көрсету, олардың ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге және бірыңғай жүйені жетілдіруге, ақпарат көздерін қоғамның пайдаланудағы ықпалын арттыруға, идеологиялық ғылыми ақпараттық орталықтың дереккөздерін пайдалануға және тиімді қолдануға ықпал жасай отырып, ғылым ордасының бірегей элементіне айналдыруға міндеттіміз. Бұл бағытта министрлік тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда, – деді Ибраим Әлимханұлы.

Былтыр бір күнде 12 мыңға жуық бала архивпен танысса, биыл ашық есік күніне қатысушы жастардың саны артқан. Белгілі ғалымдар мен архив саласының мамандарынан архивтік құжаттарды сақтау, реставрация жасау, көне кітаптар мен қолжазбаларды аудару, құндылығын анықтау бойынша сауалдарына жауап іздеген жастар шеберлік сабақтарына да жаппай қатысуға белсенділік танытты.

Бүгінгі күні республика бойынша барлығы 223 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Оның ішінде 5-еуі республикалық (ҚР Ұлттық архиві, орталық мемлекеттік архиві, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама және Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы) дәрежеде. Әр мекеме рухани-танымдық, тәжірибелік бағытта түрлі бағдарламалармен бір-бірінен ерекшеленді.