Ғимараттың жалпы ауданы – 110 шаршы метр, 6 бөлмеден тұрады.
Жетісу облысында заманауи жедел жәрдем станциясы пайдалануға берілді
680
оқылды

Елімізде алғашқы болып Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында блоктық-модульдік конструкция технологиясы бойынша салынған алғашқы жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған ғимарат алғашқы медициналық көмек көрсету құрылғыларымен толық жабдықталған. 

– Денсаулық саласы бойынша ауданда жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Медициналық қызметтің жаңаруы – білікті мамандардың шоғырлануына, сапалы жұмыс түрін ұйымдастыруға барынша серпін береді. Облыс тарапынан қаржы бөлініп, Қарабұлақта осындай ғимарат салынды, – дейді аудан әкімі Елдос Ахметов.

Артынша аудан әкімі мен Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров ғимаратқа кірер тұстағы қызыл лентаны салтанатты түрде кесіп, қызметкерлерге сәттілік тіледі. 

Ғимараттың жалпы ауданы – 110 шаршы метр, 6 бөлмеден тұрады. Тәулігіне қосалқы станцияда аға фельдшер, аға жүргізуші және құрамында 4 фельдшер мен 4 жүргізуші бар, 4 бригада жұмыс істейді. Құрылысты жүргізген – «Qaz damu constrution». Бұған дейін әкімшіліктің жертөлесінде жұмыс істеп келген жедел жәрдем қызметіндегілер көлік қоятын арнайы орынға дейін ойластырылғанына алғыс білдірді. 

Жалпы Ескелді ауданында медицина бағыты бойынша көптеген игі іс жүзеге асып жатыр. Мәселен, 2021 жылы Биғаш, 2022 жылы Абай, Теректі, Қоржымбай ауылдарында блокты-модульді медициналық пункт ашылды. Биыл Бөктерлі, Өтенай, Жеңдік ауылдарында жаңа медициналық пунктердің құрылысы қарқын алды.  Ал Жетісу ауылындағы амбулаторияға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.