Талдықорғанның іргесіне орналасқан Ескелді ауданына қарасты Абай, Ешкіөлмес, Қарабұлақ ауылдарының бірқатар тұрғыны осыдан бірер ай бұрын болған қатты нөсерден соң таудан аққан тасқыннан зардап шек­кен болатын. Үйлері мен аулаларын су басып, біразының баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған еді.
Тұрғындар баспаналы болды
986
оқылды

Арнайы комиссияның су басудан келген шығынды өтеуге сараптама нә­­­тижелері мен сметалық есептердің қо­­ры­тындысына сай бюджеттен 403,5 млн теңге бөлініп, оның 216,8 млн тең­гесі 22 үй сатып алуға, 186,7 млн тең­гесі 83 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуге қарастырылған. 

Ескелді ауданы әкімдігінің дерек­те­ріне қарағанда, жобалық-сарап­та­ма­лық және сметалық ұйыммен бір­ле­сіп, су басу салдарынан келтірілген за­­лалды бағалау жұмыстары жүр­гізіл­ген. Жалпы, ауданның ауылдық елді ме­кендерінде – 105 үй, соның ішінде Абай ауылында – 11, Ешкіөлмес ауы­лында – 28, Қарабұлақ ауылында 66 үй зардап шеккені анықталыпты. Бү­лін­ген үйдің 22-сі бұзылады, 83-і ағым­­дағы және күрделі жөндеуден өт­­­кізіледі. 

«Бүгінгі күні аудан әкімдігі 7 үй са­тып алды, үйлері бүлінген тұрғындар осы сатып алынған баспаналарға қо­ныс­танып жатыр, қалған 15 үйді сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Сондай-ақ қал­пына келтіру қажет деп тапқан 83 үй­дің иесіне төлем жасалуда. 21 қыр­күйектегі мәліметке сәйкес қал­пы­на келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 76 үйдің иелеріне 173,1 млн теңге тө­ленді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр», – деді аудан әкім­дігінен. 

Сонымен қатар тасқын болған ауыл­­дардағы көшелерді таза­лау, бү­лін­ген тұстарын қайта қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізілуде. Қыркүйек айы­ның соңына дейін жалпы ұзын­дығы 12,7 шақырым болатын 7 көшеге жал­пы сомасы 688,1 млн теңгеге орта­ша жөндеу жұмыстарын аяқтау жос­пар­ланып отыр. Бүгінде 4 көше толы­ғы­мен реттеліп, 3 көшеде жұмыстар жал­ғасуда. 

Сондай-ақ жалпы сомасы 8,7 млн тең­геге Абай ауылындағы Бақтыбай кө­шесі мен Ешкіөлмес ауылындағы М.Тынышбаев көшесіне жарық ор­на­тылуда. Көшелердің жалпы ұзындығы – 3 шақырым. Бұл жұмыстар осы жыл­дың қыркүйек айының соңына дейін аяқталуға тиіс. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы