Қазақтың «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деген мақалы бар екенін былайғы жұрттың бәрі біледі.
Қазақ қойларының тұқымы тұздай құрып кетпесін...
1,678
оқылды

Дегенмен сол көл-көсір өнімнің бүгінде игілігін көріп отырғандар қанша? Қой шаруашылығының қазіргі жағдайы қандай? Осы бір көкейдегі сауалдарға жауап іздеп, біраз ақпаратқа қанық болдық. Білгеніміз, сол қой шаруашылығы бойынша бүгін ғылым мүлдем мүшкіл халге жетті. 

Өткенді айтып мақтануға келгенде алдына жан салмайтындардың қа­­тарында екеніміз рас. Шопан ата кә­сі­бінің тереңіне үңіле жүріп, біраз адамға хабарласып, пікірін білдік. Пікірлескен адамдарымыздың дені кезінде мыңғыртып қой бағып, әр қойдан екіден қозы алған­да­рын баяндай жөнеледі. Ертегіге бергісіз ес­кі әңгімені тыңдап отыра беруге де бо­ла­ды, бірақ мәселе бұл емес. Сонымен, шын­дығында бұрын қалай болды екен деп, деректерді сөйлеттік. Сөйтсек, біз шы­нымен мақтансақ, мақтанардай бол­ған екенбіз. 1960 жылы республикадағы бар­лық койдың 84,6%-ы, 1974 жылы 99,99%-ы, 1980 жылы 100%-ы асылтұқым­ды мал тобына жатқызылыпты. Енді мына мәліметтен кейін мақтанбай қайтесің?! 1966–70 жылдары ұсақ малдан алынатын ет өнімдерін біздің ел орта есеппен 471,3 мың тоннаға жеткізсе, 1981–83 жылдары 493,3 мың тоннға бірақ шығарған екен. Осын­ша мол өнім беріп отырған қой­лары­мыз сол кездегі жаңа тұқым болып са­налған қазақтың биязы жүнді қойы, қазақтың арқар-мериносы, солтүстік қа­зақ мериносы, қазақтың оңтүстік ме­ри­носы, дегерес қойларының үлесінде бол­ды. 1984 жылы қазақ даласында шама­мен 36,8 млн қой жайылып жүрген екен. Қой саны жағынан Қазақстан КСРО бойын­ша Ресейден кейінгі 2-орынды ие­ленсе, қаракөл елтірісін дайындауға кел­ген­де әлемде 1-орынға бір-ақ шығыпты. Заманында абыройы­мыз асқақтап тұрғанымен, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары меселіміз қай­тып, атакәсіптің қасиетін қолдан шы­ға­рып ала жаздаға­ны­мыз да шындық. 

1990 жылы республикада тіркелген ұсақ мал саны 35,6 млн болған екен. Осыдан тура 5 жыл өткеннен кейін бұл көрсеткіш 19,6 млн басқа кеміген. 1998–2000 жыл аралығында бұрын-соңды болмаған ең төменгі деңгейге құлдилаған. Осылайша, 2000 жылдары ресми дерек бойынша, елімізде қой мен ешкі санын қоса санағанда барлығы 1 млн 900 мың шамасында ғана болған. Мұндай мүшкіл жағдайды көрген мемлекет басшылары дереу тиісті шаралар жасағаны белгілі. Дегенмен көп жағдайда шаруалардың өздерінің күш салуы арқасында беті бері қарай бастады. 

Ұлттық статистика бюросы мәліме­тін­ше, елімізде биылғы 1 маусым­дағы жағдай бойынша қой саны 25,9 млн басты құра­ды.

2022 жылдың қаңтар-мамыр аралы­ғымен салыстырғанда мал басы 4,1%-ға өс­кен. Қойы ең көп облыс Түркістанда – 5,9 млн бас бар. Одан кейін тізім ба­сында Жамбыл және Алматы облыстар тұр. Ең қызығы, қой санының өсімі жа­ғынан елордада алдыңғы қатардан көрін­ген екен. 

Айта кетейік, еліміздегі өсіріліп жат­қан қойдың 48%-ы халықтың жеке­мен­шікке тиесілі болса, 47%-ы жеке кәсіп­кер­лер мен шаруа қожалықтарының үле­сін­де екен. Ал қалған 5%-ы шаруашы­лық кәсіпорындардың қолында.

Ақсап тұрған асылтұқым

Қой шаруашылығы – мал шаруашылы­ғы­ның басты саласының бірі екені рас. Қой­дан күнделікті тұрмысқа қажетті жүн, тері, елтірі және тағамдық өнімдер – ет, май, сүт те алынады. Былай қарап тұрсаң, ең көп өнім осы қойда екен. Ең өкініштісі сол, қазір қойдың етінен басқасын кәдеге жаратып отырғанымыз шамалы. 

Ғалымдардың зерттеулері бойынша, адамзат баласы осыдан шамамен 10-11 мың жыл бұрын қойды қолға үйретіп, түр­лі қажеттіліктеріне жатата бастаған. Қой­дың арғы тегі – жабайы қой муфлон мен арқар тұқымдастары болып отыр. Ең бір қызығы, қойдың алғаш қолға үйре­тілген аумағы Жерорта теңізінің маңы, Орта Азия мен Қазақстан даласы болып шық­қан екен. Демек, қазақ даласы қойды қолға үйреткен алғашқы мекен болғаны рас болса, біздің «Атакәсіп» деп айтуы­мыз­дың мәні тереңде жатса керек. 

Әлемде қойдан басқа бірде-бір жануар ол сияқты сан түрлі өнім бермейді. Әлем­дегі ең қымбат рокфор ірімшігі қой сүті­нен жасалса, қойдың құйрық майы аса қым­бат деликатес болып саналады. Қой жануары жер бетінде өсетін 800 түрлі шөп­тің 560-ын қорек етеді екен. Ал ірі қара мал 420, жылқы 415 шөп түрімен қо­рек­тенеді. Қойдың кез келген шөпті тал­ғамай талғажау етуі – оның сүті мен еті­нің мол калориялы болуының айғағы. «Қой өнімдері ақуызға өте бай, сол себепті қой еті мен өзге де өнімін қажетті мөл­шер­де қолданған жағдайда денсаулыққа пай­дасы зор», – дейді диетолог маман Ару­на Мақтай. 

Біздің елде қазір «Қазақ мал шаруа­шылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» деген ғы­лыми орталық болса, осы институттың құра­мында «Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы» деген атпен аталатын мекеме бар. Бар дегеніміз болмаса, бұл ме­кеменің тозығы әбден жеткен. Қазіргі таң­да мұнда бірнеше ғана ғылыми қыз­мет­кер қалған екен. Енді бірер уақыттан соң жабылып қалуы мүмкін. Кеңестік за­манда «Қазақ қой шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институты» деген аты күллі КСРО-ға мәшһүр болған ғылыми меке­менің бүгінде жұрнағы ғана қалыпты. Жұр­нағы дейтініміз – төбесінен қарайтын бір­неше мекеме орталықтың жұмыс жа­сауына әбден кедергісін келтіргенге ұқ­сай­ды. Ғалымдары азып, ғимараты тозып, зертханалары әркімнің құзырына беріл­ген. Кезінде түгел қой шаруашылығы се­лек­циясының конвейрн жасаған ме­ке­менің мұндай мүшкіл халге жетуінің өзі жо­ғарыды айтқан атакәсіптің тамырына балта шабумен бердей. Заманында талай асылтұқымды малдың түрін қалып­тас­тыруға ықпал жасаған ғылыми мекемеден қазақтың биязы жүнді қой тұқымы 1946 жылы шығарылған. Бұл тұқымдық қош­қарларының орташа салмағы 100-120 келі болса, табиғи жүн түсімі 8,0-12,0 келі, таза жүн шығымдылығы 49-52%, жүн ұзын­дығы 9-12 см, жіңішкелігі 58-64 сапалы бо­лыпты. Саулықтар да 55-75 келіден түс­пеген. Ал төлшеңдігі – 120-140% бол­ған. Оған қоса, Қазақтың оңтүстік мери­но­сы 1966 ж. шығарылған. Қошқарлардың тірі­лей салмағы 85-100 келі, мери­нос­та­ры­ның еттілік қасиеттері жақсы жетілген. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін 2011 жылы ме­кеме ғалымдарының жетекшілігімен «Меринос» тұқымы мен қазақтың биязы жүн­ді қойларын Германияның «Дойче ме­рино-флейшшаф» қошқарларымен өн­діре будандастыру арқылы «Етті мери­нос» қойы шығарылды. Қошқарлары мен саулықтарының тірілей салмағы 110-140 және 65-70 кг болған. «Етті меринос тұқы­мы­нан кейін ешқандай жаңа тұқым шы­ғарыл­мағандығы мені қынжылтып отыр. Қазір елімізде етті меринос қойын бір­не­ше шаруашылық өсіріп, көңілге қонарлық жақ­сы жұмыс жасап жатыр. Ең өкініштісі сол, бүгінде бізде асылтұқымды мал өсіру­мен ғылыми институттар емес, палаталар ай­налысуда. Елімізде бір емес оннан ас­там осындай палата бар. Ал ол палаталар кө­біне асылтұқымды мал өсірумен емес, та­­сымалдаумен айналысып кетіп жатқан жағ­­дайлары бар», – дейді Қазақ мал шаруа­шылығы және жем-шөп өндірісі ғы­лыми-зерттеу институтының маманы, қой шаруашылығы саласы бойынша АШҒ кандидаты Темірхан Кенжебаев.

Ғалымдардың айтуынша, қазір жап­­пай палата құрып алушылар­дың саны арта түскен. Егер кәсіпкер 300 басты мал сатып алған болса, «Асылтұқым­ды мал өсіруші шаруашылық» статусын қол­дарына ұстата салады екен. Ешқандай се­лекциямен айналысуды білмейтін бұл қан­дай шаруашылық? Осылайша, әлгі 300 бас малы бар кәсіпкерге асылтұқыммен ай­налысқаны үшін деп мемлекеттен суб­сидия төленіп отыр. Мұндай жолмен асыл­­­­тұқымды қой, қой емес жалпы асыл­тұ­­­қымды мал шаруашылығын дамы­туы­мыз екіталай болмақ. Бұл – жүйедегі үл­кен қателік. Білуімізше, соңғы 3 жылда асыл­тұқымды қой шаруашылығына дем мем­лекет қазынасынан бір де бір тиын қа­растырылмаған. Қазір жоғарыда айтыл­ған қазақтың төл тұқымдары тозып бітуге шақ тұр. Енді бірнеше жылда мемлекеттік деңгейде назарға алынбаса, заманында әлем­ді мойындатқан қазақ қойларының тұ­қымы тұздай құрып кетуі әбден мүмкін. 

Қой өсіруде қателік бар

«Қазір әркім өз білгені бойынша мал­ды жүйесіз будандастырып жатыр. Бұл – негізінен ғылымға қарама-қайшы әрекет. Мұндай жүйесіздіктен біз құтылмасақ, мем­лекет бір шара қолданып, асыл­тұ­қым­ды мал немесе қой шаруашылықтарын қай­та қалыптастырмаса, қойдың нақты ерек­шеліктерінен айырылып қалуымыз мүмкін. Және бұл шаруаны тездетіп қолға ал­масақ, кейін кеш болады. Өйткені за­ма­нында қойдың әлемдік маңызына үлес қос­қан мамандардың дені егде тартты. Мен де бүгін біршама жасқа келдім, – дей­ді ауыл шаруашылығы ғылымдарының док­торы, профессор Сауқымбек Шауенов. 

Жоғарыдағы ға­лым­­дардың ай­туын­ша, 1950–30 жылдарға дейін Қазақстандағы қойлардың 90%-ы қылшық жүнді қой болды. Одан соң жеңіл өнер­кәсіптің дамуына байланысты қой­лар­ды биязы жүнді қойларға басымдық беріл­ді. Егер қазір қой жүніне деген қа­жет­тілік басқа қырынан танылып, синте­ти­­каны алмастыратын жағдай туындайтын бол­са, ғалымдардың араласуымен қажет­ті­лікті өтеуге тура келері хақ. 

Қой өнімдерінің ішінде біздің ел тек ет­ті ғана кәдеге жаратып жатқанын біле­міз. Ал одан шығарылатын өзге де өнімдер сол күйінде көзі жойылып немесе әр жер­де үйіліп қалып жатқанын көріп жрміз. Ай­талық, жүн, тері, сүйегі, сүті, тіпті қиы да басқа елдерде қат дүниеге айналған. Өз­гесін былай қойғанда, бір ғана сүттің өзі­нен көл-көсір пайда тауып отырған ел­дер бар. Олар – сүтті қойлар өсіруді ерек­ше жолға қойған мемлекеттер. Қой сүті­мен 70% қамтамасыз ететін елдер бар. Мы­салы, Тунисте күніне 17 млн литр қой сү­тін өндіреді екен. Алайда қой сүтіне де­ген сұраныс Оңтүстік Американың да қы­зығушылығын тудырған. АҚШ-та Вис­консин штаты мен көршілес жерлерден ша­­мамен күніне 3 млн литр қой сүті өн­дірі­леді екен. 

Әрине, өндіріс дамыған шақта мал бағу мен оның өнімін алу тәсілі де жаңара түсері шындық. Демек, біз енді қой бақсақ, ен далада айдап жүріп бір-бір­ден ұстап әкеліп сауатын байырғы салт бол­ған үрдістен ауытқып жаңаша­ла­нуы­мыз керек. Мұны ғалымдар да айтып отыр. Тек мал өнімін пайдалану мәселесі біз­де қолбайлау екені шын. 

«Біз қой бағудың дәстүрлі үлгісінен бас тарып, түбегейлі жаңашылдыққа бет бұруымыз керек. Бабаларымыз секілді кө­шіп-қонып жүріп қой бағатын болсақ, он­да мына заманда үлкен кедергілерге не­месе шығынға батамыз. Жаңа бағытта еу­ропалық үлгіге көшуіміз керек. Қазір мал бағатын, қой бағатын адам неге жоқ? Жас­тар салаға мүлде келмейді де. Себебі за­манға сай тәсілді таба алмай отырмыз. Ауыл шаруашылығы саласының қыз­мет­керлері, малшылар, тіпті саланың ғалым­дары­на деген сый-құрмет жоқ. Бұлай болмауы керек. Әсіресе, қазіргідей да­мы­ған заманда бұл – қолайсыз құбылыс. Демек, біз бір жерден кате жіберіп отыр­мыз. Осыны мемлекет те, министрлік те ой­лануы керек», – дейді Shopan-аta ұлт­тық агроқозғалысының төрағасы Алмас­бек Садырбай.

Әлемде қой шаруашылығының ахуалы қалай?

Дүниежүзі бойынша қой саны 1,2 млрд басқа жетіп отыр. Қой шаруа­шылығының ет-жүн бағытындағы тауарлы өндірісі Солтүстік және Оңтүстік Американың, Аустралия мен Оңтүстік Еуропаның, Орталық және Орта Азия­ның, Оңтүстік Африканың қоңыржай жә­не субтропиктік белдеулерінің құрғақ ау­дандарында жақсы дамыған.

Демек, біздің елде де қой шаруа­шы­лы­ғын түбегейлі дамытып, асылтұқымды қой өндірісін қолға алу қажет. Ол үшін қа­зір бар, көзі тірі ғалымдарымыздың әлеуе­тін пайдалана отырып, табысқа жету бағыты жолға қойылса игі болмақ.

«Егер бұрын біз жалпы экономикалық тиім­ділікте жүннен 90%, ал қой етінен 10% пайда көріп келсек, ал қазір жүннен 10%, ал қой етінен 90% пайда көрудеміз», – деді сарапшы әрі ғалым Темірхан Кен­жебаев.

1980 жылдары еліміз бойынша 100 мың тоннаның үстінде жүн өндірілді. Оның тең жартысына жуығы жоғары са­палы, қымбат бағалы биязы жүн еді. Ол тауар кезінде 12 шет мемлекетке экс­порт­та­лып отырған. Бүгінде бізден жүн алып кел­ген елдерге қарыштап дамыған шақта жүн­нің қажеті болмай қалды дегенге еш­кім сенбесі анық. Дегенмен әлемге шығу­дың бір тетігін таппай отырғанымыз анық.

Заманында шопандар құрметті ма­мандық иесі саналып, құрметке бө­леніп, Жазылбек Қуанышбаев секілді екі мәрте Еңбек Ері өсіп шықты. «Қойдың сүті – қорғасын» деп пісіріп іштік. Соғыс ке­зінде қой жүнінен тоқылған шұлық, қол­ғап, белбеулер әскерге жіберіліп, жауын­герлерге жылы киім болды. Мем­ле­кет болмағанда осы жеңіл өнеркәсіпке ден қойса, шаруа шатқаяқтамай тік тұрып кетуі де бек мүмкін. 

Біздің кәсіпкерлер осылай тығырыққа тіре­ліп отырса, Аустралия кәсіпкерлері қой басын 50 млн-ға жеткізіп, әлемге та­ны­лып отыр. Британиялықтар 10 млн қой ба­ғып, қойдың етін ғана емес, негізінен жү­нін пайдаланудың арқасында қыруар пайда тауып, халықтың қазынасына мол қа­ражат құюда. 

Сондықтан атакәсіпті жаңғыртуға бай­ланысты атқамінерлер ат ба­сын бұрып бір қарайлап кетсе, халықтың да қабырғасына үлкен сүйеу болары анық. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мә­ліметінше, елімізде 2020 жылы қой ша­руашылығын дамыту мақсатында мем­лекеттік бюджеттен 16 млрд теңге бөлінді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда мемле­кет­­тік қолдау көлемінен 35 пайызға ар­тық. Нәтижесінде, 2020 жылы қой саны 17,7 млн басқа жеткен. Оның ішінде кә­сіп­­­­орындар мен фермер қожалықтарында 8,4 млн бас қой, жеке шаруашылықтарда 9,2 млн бас қой бар екені анықталды. Осы қой шаруашылығынан бөлек, ғылымын да­мытуға деп бөлінген қаражаттың не мақ­сатта тоқырап қалғанын біз де, ғалым­дар да біле алмадық. Бар айтарымыз, қой­ды да одан алынатын өнімді де қолдау ке­рек. Мемлекеттің қолдауынсыз қой шаруашылығы ғылымының болашағы бұ­лыңғыр болып тұр. 

Бердібек ҚАБАЙ