Ресей қаласа, Біріккен Ұлттар ұйымы реформаланады, қа­ла­маса, ре­форма­ланбайды. Бұл – көршінің пропа­ган­да­сы емес, ха­лық­ара­лық сарапшылардың байламы.
БҰҰ-ны реформалау мүмкін бе?
1,074
оқылды

Себебі па­радоксты жағдай қалыптасты. Ұйым жарғысында жа­зыл­ғандай, БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сі – халықаралық бейбітшілік пен қауіп­сіздікті ұстап тұруға жауап­­­ты бас­ты құрылым. Алайда оның тұ­рақ­ты 5 мүшесінің бірі – көршісін 1,5 жыл­­дан бері қанға бөгіп жат­қан агрессор. Ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі беретін вето қою құқығын пай­даланып, жаһандық ұйымды реформалауды бұғаттап тас­тап отыр. 

Кемсітуге бейім ұйым

Бүгінде БҰҰ-ға 193 тәуелсіз мем­ле­кет мүше. Бүкіләлемдік ортақ ұйым­ға соңғы рет 2011 жылғы 14 шілдеде 193 нөмірмен Оңтүстік Судан мү­ше болып кір­ді. Содан бері ол ешкімді қабылдамай қой­ды. 

Тіпті, батыстық сарапшылар да БҰҰ мү­шелікке қабылдамай отырған азат ел­дер­дің көбі мұсылман дінін ұстанатынына на­зар аудартады. Бұған бір жағынан, БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты бес мем­ле­кетінің бірде-бірі Ислам әлеміне жат­пай­ты­ны да себеп болуы мүмкін. 

Мысалы, сонау 1988 жылы тәуелсіз­ді­гін жа­рия­лаған Палестинаны тарихи ше­ка­­­раларында БҰҰ-ның 193 мемлекетінің 138-і мойындады. Ұйым оны өз мү­ше­лері­нің қатарына қабылдамай келеді. 2008 жы­­лы егемендігін бекемдеген мұсыл­ман­дық Косо­во­ны БҰҰ-ның 101 мемлекеті мойын­дады. Ұйым илі­гер емес.

1976 жылы тәуелсіздік алған Сахара Араб Демократиялық Республикасын БҰҰ 45 мемлекеті таныды. БҰҰ мұны аз­сы­нады. 1983 жылы Түркияның күшімен еге­мен елге айналған Солтүстік Кипр Тү­рік Республикасының да осы жаһандық ұйым­ға мүше болудан үміті жоқ. 

Бізде Тайвань атымен белгілі, 1912 жы­лы құрылған Қытай Республикасын БҰҰ-ның 13 мемлекеті мойындады. Ке­зін­де Қытай халқы атынан БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сіне сол мүше болған. Алайда КСРО кө­мегімен одан билікті тартып алып, ескі өкі­метті аралдарға ысырған Қытай Халық Рес­публикасы БҰҰ төріне өзі жайғасты. Айт­пақшы, бүгінде ҚХР-дың өзін осы ұйым­ның 14 мүше елі мойындамайды. Со­ған қарамастан Қауіпсіздік кеңесінің тұрақ­ты мүшесі ретінде Қытай Халық Рес­публикасы Қытай Республикасының еш­қашан ұйымға мүше болмауы үшін қо­лынан келгеннің бәрін жасауда.

Жалпы, БҰҰ қызметі қалпымен кем­сіту­ге, шектеуге толы. Оның ресми сай­тын­да жарнасын төлемегені үшін дауыс беру құқығынан айырылған елдердің рес­ми «қара тізімі» бар. 

«Алдыңғы 2 жыл үшін ұйымға төленуі тиіс ақшалай жарнасы бойынша қарызы бар ұйым мүшесі Бас Ассамблеядағы дауыс беру құқығынан айырылады» де­лінген БҰҰ Жарғысының 19-бабында. 2023 жылғы жағдай бойынша қара тізімге 4 мемлекет ілікті: Венесуэла, Комор арал­дары, Сан-Томе мен Принсипи, Сомали.

Қандай реформа ұсынылды?

Украина бірқатар серіктесімен бірігіп, Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінен алып тастауға ұмтылуда. Бұл жер­де басты дәйектеме – Мәскеудің аг­рес­сор екені емес. БҰҰ-дағы Украинаның тұ­рақты өкілі Сергей Кислицаның ай­туын­ша, Ресей ұйым төрінде заңсыз отыр жә­не мұны БҰҰ құжаттары растайды. 

«Құжаттарда БҰҰ ҚК тұрақты мүшесі ре­тінде РФ емес, Кеңес Одағы деп жа­зы­лып тұр. Ал 1991 жылғы 21 желтоқсанда Ал­­­­матыда бұрынғы кеңестік респуб­ли­ка­лар КСРО-ның таратылғаны туралы ше­шім қабылдады. Сондықтан 24 желтоқ­сан­да БҰҰ ғимараты алдындағы тутұ­ғыр­дан Кеңес Одағының туы түсірілді. Жаңа­дан құрылған Ресей Федерациясы сол бойы БҰҰ-ға мүше болуға өтініш бер­ген жоқ. Соған қарамастан әлемдік дер­жа­валар РФ қолында шоғырланған кеңес­тік ядролық және әскери әлеуетті қауіп­сіздендіру мақсатында ұйым жарғысының бұзыл­ғанына көз жұма қарады, Ресейдің БҰҰ ҚК мүшесі болуына қарсылық біл­дірмеді», – дейді С.Кислица.

Өз кезегінде Мәскеу РФ-тың «КСРО-ның заңды мұрагері» екенін қарсы дәйек ре­тінде келтіреді. Бірақ БҰҰ Жарғысында мү­шелік мұрагерлік жолмен берілмейді. Жаңа мемлекет мүшелікке кіру рәсімінен қай­та өтуі шарт. Мысалы, БҰҰ мүшесі бол­ған Югославия (ЮСФР) тараған соң, оның заңды мұрагері – Сербия болды. Оған БҰҰ мүшелерінің даусын жинап, қай­тадан ұйымға кіруге тура келді. 

Украинаны майдан даласында жақ­та­ғанымен, геосаясат сахнасында Мәс­кеу­мен ашық қақтығысуға АҚШ батпады. Сол себепті Ақ үй төл реформасында БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты мүше­лері­нің санын көбейтуді ғана ұсынды. Осы аптада Президент Джо Байден Құрама Штат­тардың БҰҰ жанындағы тұрақты өкі­лі Линда Томас-Гринфилдке Қауіп­сіз­дік Кеңесін реформалау мәселесін ілге­рі­летуге тапсырма берді. Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт БҰҰ ҚК құрамына нақ­ты кімдерді қосқысы келетінін жария­ламады. The Washington Post Ақ үй Африка мен Латын Америкасының 6 елін канди-дат ретінде қарастырады деп тұспалдады. Өзге ақпарат құралдары Үндістан, Бра­зи­лия, Германия, Жапония тұрақты мүше болуы мүмкін деп жазды. 

Соңғы ұсыныс өтуі мүмкін. Өйткені ал­ғашқы екеуі – Ресейді, соңғы екеуі АҚШ-ты жақтайды. Геосаяси арасал­мақ бәрібір өзгермейді. 

Әйткенмен, Ақ үйдің пайымдауынша, осы­ның өзі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ар­­­­хитектурасын өзгертеді, ондағы кем­сі­ту­шілікті азайтады. Ұйымға «барынша инклю­зивті және жаппай қамтушы» сипат береді. Себебі «жаһандық Оңтүстік» (The Global South) елдері өкілдерінің енуіне жол ашады. Әзірге бұл мега-аймақтың өкіл­дері ұсынылмаған. Әрине, мұсылман әле­мі де ұсынылмаған. Бірақ әлемдік дер­жавалар Ислам әлемінің күш алуынан қор­қатын сияқты. 

БҰҰ төрінен қазақ орын ала ма?

Е.Лукьяновтың түсіндіруінше, бұл ұйым бәрібір реформаны қажет етеді: оның басты кемшілігі – БҰҰ ҚК тұрақты мү­шелерінің вето қою құқығын теріс пай­далануы. Жаһандық осы ұйым құ­рыл­ғалы 250-ден көп рет вето қою құқығы қол­да­ны­лған. Салдарынан, ұйымның тіпті гуманитарлық көмек ба­ғы­ты да дағдарды. Джо Байден әріптес­терін шешімдерді бұ­ғат­тау құқығына сирек, тек төтенше мә­се­леде ғана жү­гіну­ге шақырды.

Батыс пен Мәскеудің текетіресі сал­да­ры­нан қазіргі кезде БҰҰ ҚК адамзат үшін аса маңызды мәселелерде де шешім қа­былдауды қойды. Яғни, дағдарысқа ұшы­рады. Салдарынан, жер шары мен ха­лықаралық қауымдастық үшін көкей­кес­ті мәселелер бойынша дауыс беру ұйым­ның басқа органында – Бас Ассам­блея­­да жүзеге асырылады. Бірақ Қауіп­сіз­дік кеңестен айырмашылығы сол, Бас Ассамблеяның шешімі мүше мемлекеттер үшін орындауға міндетті емес, ұсыныс сипатында ғана болады. 

Тағы бір олқылығы – кемсітуші­лік­тер. Мысалы, БҰҰ ҚК құрамында ірі 2 континенттің, Африка мен Оңтүстік Американың өкілі жоқ, олардың үні естіл­мейді, мүддесі ескерілмейді. 

2023 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жал­пы дебатта сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, жаһандық күн тәртібіне шыққан күрмеулі мә­селелер шешілмейтінін, қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді. Қазақстан ли­дері БҰҰ бас органында «орта дер­жа­ва­лардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейіп, анық естілуге тиістігін нық­тады. Мысалы, тұрақты мүшелікке кан­ди­­­даттың бірі ретінде Қазақ елін ұсынды.

«Байқауымызша, Қауіпсіздік кеңесі ты­ғырықтан шыға алмайтын сияқты. Сон­дықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақ­тауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек. Біздің өңірде ұйымға мүше мемлекеттердің ық­палдастығының жандануы Азиядағы өза­ра іс-қимыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті то­лыққанды халықаралық ұйымға ай­нал­дыруда оң ықпал етті. Қазақстан Шанхай ын­тымақтастық ұйымының қазіргі төра­ғасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақ­тайтын дүниежүзілік бірлік туралы бас­тама көтерді. Біз сіздерді осы игі іске қо­сылуға шақырамыз. Жаһандық Оңтүс­тік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнату – оның негізгі ар­қауы», – деді Қ.Тоқаев.

Егер Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің тұрақты мүшесі болса, онда ұстамды мұсылман әлемі ұста­ны­мының да жаһандық деңгейде естілуіне үлес қоса алар еді.

Айхан ШӘРІП