Суретімен әлемді шарлаған, туындыларын көрген адам тарих тұңғиығына шарлап қана қоймай, Кеңес заманындағы адамзатқа қауіп төндірген, жылдар бойы қасіретін тартып келе жатқан Семей полигонының зардабын шеккен біртуар азамат туралы айтпақпыз.
Қасіретті суретпен сөйлеткен
815
оқылды

Ол – Халықаралық антиядролық қозғалыстың белсенді мүшесі, «АТОМ» жобасының құрметті елшісі, «Құрмет» орденінің иегері, «Аманат» қоғамдық сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, 2023 жылғы Қарағанды облысы әкімінің «Жылдың үздік суретшісі» құрметті атағының иегері, Қарқаралы қаласының «Құрметті азаматы», жақында 55 жасқа толған әлемге әйгілі суретші Кәріпбек Күйіков.

– Кәріпбек Күйіковты білмейтін жан кемде-кем шығар. Суретші осыдан 32 жыл бұрын Семей полигонының жабылуына атсалысқан азаматтардың бірі, қажырлы да қайратты ағамыз қашанда халық қамын, елдің ертеңін ойлап жүреді. Танымал суретшінің туындылары тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік өнерсүйер қауымның жеке коллекцияларында бар. Жапония, Германия, АҚШ, Қытай, Түркия және тағы да басқа елдердің өнерсүйер азаматтары суретшінің шығармаларын сатып алған, – дейді жақында суретшінің көрмесін ұйымдастырған Қарағанды облыстық Бейнелеу өнер музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл  Елубаева.

Кәріпбек Телтайұлы – кәсіби суретші емес, бірақ табиғат ананың сыйлаған дарынының арқасында бүгінгі күнде шығармалары әлемге әйгілі. Ресейден бухгалтерлік оқуды бітіріп келгеннен кейін әрі қарай немен шұғылданатыны белгісіз еді, арнайы білімі болмағандықтан суретші болып та жұмыс жасай алмайтынын білді. 

– Дегенмен қолымнан тек сурет салу ғана келеді, алайда бұл салада кәсіби білімім жоқ. Сондықтан арнайы сабақтарға барып, кітапханаларға барып сурет саласында одан әрі білімімді шыңдадым. Мен әрбір туындыны жан-тәніммен сезініп, тура сол сезімдерді өз басымнан өткізіп барып саламын. Еш нәрсеге өкінбеймін, мен суретті өзім үшін саламын. Ал егер еңбегімді біреу бағалап жатса, оған шексіз қуанамын. Қазіргі кездегі жалғыз күнкөрісім осы сурет салудан тауып жатқан нәпақам, – дейді  суретші. 

Полигон – бұл бір отбасының ғана басына түскен қасірет емес, бүкіл адам­зат­тың басына төнген нәубәт десек болады. Сондықтан да суретшінің осы тақырыптағы туындылары үрей мен қорқынышқа толы, қою күрең түстермен бейнеленген. Олар – «Ананың үрейі», «Берік», «Құрбан» деп аталатын туын­дылар. 

Кәріпбек Телтайұлы «АТОМ» жо­басы шеңберінде көптеген халықаралық деңгейдегі келіссөздерге, шараларға қатысқан, ядролық қарудан бас тарту тақы­рыбына арналған көптеген көр­ме­лер өткізген, осы тақырыпта суретшінің бірнеше туындысы бар. Ол кісі әрдайым теріс мақсатта қолданылатын атомдық, химиялық және биологиялық қару­лардың зиянды екенін, оған ешқашан жол бермеуіміз керектігін әр кездесуінде айтады. Себебі осындай сынақтардың зардабын әлі де тартуда, жарылыстың құрбаны болған әр отбасында мүгедек балалар дүниеге келді, қаншама отбасы қасірет шекті, қайғыдан қан жұтты. Суретшінің айтуы бойынша, сол маңайдағы тұрғындардың денсаулығына қаншама зиян келді, қаншама сәби дүние есігін ашпастан шетінеп жатты. Осының бәрін естіп, көзімен көрген ол үшін бұл ауыр болды. Семей өңірінде дүниеге келген жастардың өз өздеріне қол жұмсап қайтыс болып жатқандарын да естідік, әрине бұл – үлкен қасірет.

– Картиналарым – менің жан дү­ниемнің, көңіл күйімнің көрінісі. Осын­дай тақырыптағы суреттерім қараңғы, күрең тартқан түсте шығады. Полигон құрбандарына арналған суреттерімде трагедия, қасірет пен күйініш басым. Өмірде болып жатқан әр өзгеріс, әр құбылыс мені бейжай қалдырған емес, – дейді суретші.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ