Бүгінде банктен несие алып, қа­рыз­дың қамытын кимеген адамды кез­дестіру қиын. Өкінішке қарай, елімізде бір миллионнан астам тұрғынның қаржы ұйымдарының алдындағы берешегі бір триллион теңгеден асып кеткен.
«Қарызсыз қоғам»: түйткілдер түйіні тарқайды
1,886
оқылды

Оның ішінде тұтынушылық несие алғандардың саны анағұрлым көп. Бұдан бөлек, «күріштің арқасында күрмек су іше­дінің» керін келтіріп, қарызға батқан халықтың қаржылық сауатсыздығын сәтті пайдаланатын алаяқтар да арт­ты. Сондықтан ақпараттық жүйеден хабары жоқ ауыл адамдарының сауатын арттыру алдыңғы кезекте атқарылуы тиіс шара болып отыр. Биылдан бастап «AMANAT» партиясы елдегі 8 аймақта «Қарызсыз қоғам» жо­басын бастаған еді. Соның арқа­сында 41 463 адам жобаның игілігін көріп, қаржылық сауатын арттыруға мүмкіндік алды. Аз уақыттың ішінде тиімділігін көрсеткен ауқымды әрі қажет кезінде қолға алынған жобаны жақында Мемлекет басшысы да қолдап, Үкіметке партиямен бірігіп жобаның ауқымын кеңейтуді тап­сыр­ды. Өйткені елдегі кепілсіз несиесін кешіру туралы шешім мен жеке тұлғалардың банкроттығы ту­ра­лы заң мәселені біршама ретте­генімен, ахуалды біржола түзеу үшін әлі де жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды. Газетіміздің Aiqyn-arguments алаңында  жо­ба­ны жетіл­діру жол­дары жайлы са­рап­шы ма­мандардың ой-пікірін тыңдадық. 

– Бұл жоба ауыл, қала тұрғындарының қажетін ескере отырып әзірленгенін білеміз. Дегенмен әлі де болса игілікті істің мақсат-міндетін толық түсінбей жүргендер бар. Жоба мамандары халықты кредит алмауға шақыра ма, әлде қарызға батпаудың жолын көрсете ме, болмаса кәсіптің көзін табуды үйрете ме? Кімдер қатыса алады? 

Айгерім РЫСБАЕВА, 

«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы: 

– Қазір қаржы­ны қалай басқару керек­тігін, несие­нің артында қарыз­ды қайтару деген ұғым барын біл­мей­тін адамдар бар. Соның салдарынан адамдар­дың банк пен микроқаржы ұйымдарына берешегі көп. Сол үшін бұл жобаға біз өз ісінің маман­дарын, бизнес тренерлер мен сарапшы мамандарды қатыстырып отырмыз. Елімізде биыл мамыр айынан бастап 8 өңірде, оның ішінде Алматы, Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау мен Жамбыл, Батыс Қазақстан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынды. Жоспар бойынша қазірдің өзінде 41 мыңнан астам адам оқытылды. Бұл жалпы жоспардың 65 пайызын құрайды деген сөз. Біздің жобаға қарызы бар немесе өзінің қаржылық сауатын арт­тырғысы келетін кез келген адам қатыса ала­ды. Тіпті, 18 жастап бастап зейнеткер­лерге де қатысуға шектеу қойылмайды. Себебі көріп отырғанымыздай, зейнет­керлердің атында да ресімделген несие көп. Олардың арасында өздері ғана емес, балалары мен туыстары алып, зейнет­керлердің төлем қабілеттерін пайдаланып жатыр. Талдау көрсетіп отырғандай, жобаға қатысып жатқандардың орта жасы 41 жас деп айтамыз. Байқағанымыз, оқу курс­тарына табысын көбейткісі келетіндер, көпбалалы аналар, жұмыссыз адамдар да қызығушы­лық танытып жатыр.

– Дұрыс екен. Енді жобаның жүзеге асуы қоғамдағы қандай мәселені шешуге мүмкіндік береді? 

Айгерім РЫСБАЕВА, 

«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы: 

– Жобаның мақсаты – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру. Мысалы байқа­саңыздар, қазір есепшоттары бұ­ғатталған борышкерлердің көбісі «Банкроттық туралы» заңнан үмітті. Бірақ шын мәнісінде заң қарызға батқандардың барлығына арналмаған. Себебі заңның өзі өте күрделі. Түсіну қиын. Ауыл адамдары түгілі, біз секілді сала мамандарының өзі әрең түсінеді десек болады. Сол үшін көбісі «қарызымды төлей алмасам, банкротпын деп жариялаймын, сөйтіп барлық мәселемді шешіп береді» деген ойда жүр. Алайда заңда көрсетілгендей, «банкротпын» деп жариялау үшін борыш­кердің есепшотына соңғы 12 ай бойы ешқандай төлем түспеуі және басында мүлкі болмауға тиіс. Егер болымсыз қаражат алғаны расталса, өтпейді. Қазір осындай қиындықтарға байланысты заңға қайтадан өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда. Өйткені банкроттыққа өтініш берген адамдардың 9 пайызы ғана жарамды. Екіншіден, көп адамдар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардың аражігін ажырата алмайды. Екеуі де «банк» деп ойлайды. Негізінде қаржы ұйымдарының пайызы өте жоғары. Мәселен, адамдар банктегі несиені жабу үшін қаржы ұйымдарынан қарыз алады. Сөйтіп, пайызы әлдеқайда жоғары ұйымдарға ұрынып жатыр. Ал кейбір қаржы ұйымдары несиені 50 пайыздан асырып береді. Өкінішке қарай, екінің бірі негізгі несиелерін осындай жолмен жауып жүр. Бірде жобамызға Солтүстік Қазақстан облысында бір басында 28 несиесі бар тұрғын келді. Ол кісінің жалақысы 350 мың теңге, ал төлейтін ай сайынғы несиесі 490 мың теңге. Ол кісі үстіндегі айырма­шылығын осындай жолмен алып келген. Яғни бір қарызды төлеу үшін екінші қарыз ала берген. Мамандарымыз ол кісінің қарызын 8 несиеге дейін азайтып, 150 мың теңгедей ақшасын босатты. 

Ең бірінші, кредитті уақытында жабуына көп көңіл бөлінеді. Одан кейін несиені төлеудің жаңа графигі жасалады. Алған жалақысын бірден жоғары пайыздарды жапқызып, тек қана екінші деңгейлі банктің несиелерін кейінге қалдырдық. Бірақ ол үшін екінші деңгейлі банктерге хабарласып, төлем қабілетінің азаюына байланысты табысына шақтап төлем графигін өзгерттік. Мұндай мүмкін­діктен де халықтың көбісі хабарсыз. Со­сын адамдар банктен ақша алатын кезде үстінен қосылатын пайыз көрсеткішін есептемейді. Олардың ойынша, қысылып жатса қаржы ұйымынан несие алуға құштар.  Өйткені қаржы ұйымдарынан бір қоңырау арқылы онлайн ақша ала береді. Меніңше, қаржы ұйымдарына заң тарапынан қатаң шектеу енгізілу керек. Егер лицензия алуға талапты күшейтсе, халық та оңай несиеге жүгінбес еді. 

– Биыл ел ішінде көп жүрдіңіздер. Депутат ретінде халықтың айтарына құлақ түрдіңіздер. Осы жобаға қатысты халықтың талап-тілегі, айтар ұсынысы бар ма? 

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, 

Мәжіліс депутаты: 

– Алматы облы­сының біраз ауы­лын араладым. Бар­лық аудандарда ха­лық­­пен ашық кез­де­су­лер өтті. Әрбір жиын­ға 800-900 адам­нан жиналды. Сонда көп мәселе айтылды. Соның ішінде осы кредитін жаба алмай отырған халық­тың жанайқайы да көп жеткізілді. Сотқа беріп соңғы мүлігінен айырылайын деп жатқандар да болды. Өздеріңіз айтпақшы, екінің бірінің басында несие бар. Партия ұйымдастырған сауалнама нәтижелерін де көрдім. Сөйтсе, кредит алғандардың 60 пайызы несие алатын кезде «Айына қанша төлеймін?» деп қана сұрайды екен. Оның үстіндегі пайызын ешкім сұрамайды. Құдды кредитті банк тегін таратып жатқан секілді. Ал жеті жылға несие рәсімдейтін болса, банкке 500 мыңды 1,5 миллион етіп қайтарады. Оны түсініп жатқан ешкім жоқ. Келісімшарттың соңғы беттерін ашып отырмайды. Одан кейін жастар арасындағы несиесі барлардың да қаржылық сауаттылығы төмен екенін байқайсың. Мысалы, зейнеткерлерді әлгінде айтқандай, балалары алдырады. Арасында дәрі-дәрмек алу үшін қарыз алатындары бар шығар. Алайда жастардың дені соңғы үлгідегі заттарды ұстау үшін кредит алады. Егер ол адам мобилограф секілді соңғы үлгідегі телефон қажет етілетін жұмыс істеп жүрсе телефон ауыстыруға болады. Әлгі телефон кем дегенде 30-40 мың табыс әкеліп отырса, қарсылық жоқ. Әйтпесе, мақтаныш үшін алудың соңы жақсылық емес. 

Банктер мен қаржы ұйымдары адамдардың төлем қабілетін тексермей қарыз береді. Мысалы, біреудің айлығы 90 мың теңге болуы мүмкін. Төлейтін несиесі – 120 мың. Ондайлар көп бізде. Сондықтан банктердің табысына қарамай бетімен несие беруін шектеу керек. Адамдардың ары қарайғы күн көрісін де ойлауға тиіс. Сол үшін табысын заңды түрде растату қажет. Әр несиені кепілмен беруді міндеттеу керек. Әйтпесе, біздегі банктер несиесін төлей алмай қалса, борышкердің ісін корректорға бере салатын оңай жолды тауып алған. «Айлықтан айлыққа дейін» деп халықты алдап, жоғары пайызбен несие таратып жатқан қаржы ұйымдары­ның жұмысын реттейтін уақыт келді. Бұрын 700 пайызға дейін асырып жіберген кезі болған. Мемлекет араласып аранын басып еді. Қазір қайтадан неше түрлі қитұрқылыққа барып жатыр. Бір адамдар «Айналдырған 80 мың айлық алам. Оның несін санаймын?» деп айтады. Қазіргі кезде бір теңгенің өзін санап үйрену керек. Артық шығындарды есептеп үйретуге көп көңіл бөлінгені дұрыс. Қазір халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды. «Қарызсыз қоғам» жобасы дер кезінде қолға алынған дұрыс бастама болды. Ендігі жерде бұл жоба барлық өңірде жұмыс істеген жөн. Себебі, кейбір өңірлердің халқына жоба жетіп жатқан жоқ. Оған бір партияның шамасы жетпейді. Президент айтқандай, бұл жобаны болашақта мемлекет деңгейінде үлкен бағдарламаға айналдыру қажет. Сондай-ақ көп адам жұмыста, офлайнға бара алмайтын үшін онлайн сабақтарды қарастыру керек шығар. 

– Жобаға алдыңғы кезекте 8 өңірді таңдап алудың қандай себебі бар? 

Айгерім РЫСБАЕВА, 

«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы: 

– Жобаны енгізетін алдында сұрау жүр­­гізілді. Талдау нәтижесінде қарызы өте жоғары деген 8 облыс таңдалды. Жобаның тағы бір ерекшелігі, біз тренинг өткізіп қа­­на қоймай, ары қарай қатысушылармен жұмыс істейміз. Мамандармен кері байла­ныс үнемі  жүріп отырады. Әр қатысушыға хабарласып «Сізге берген білім тиімділігін беріп жатыр ма?» деп сұралады. Кері байланыс өте жақсы. Адамдар несие не екенін, оның екі түрлі жолы барын түсініп жатыр. Мысалы, қолында банктің шарттары да жоқ адамдар болды. Қарызды ары қарай жабу немесе оңтайландыру үшін шартын жазып, банктен көшірмесін алуға болатынын да білмейді. Көбісі «қағазды жоғалтып алдым, осымен бітті» деп ойлайды. Банк тарапынан ақпараттан­дыру төмен. Қазір банк жүйесінде депозиттің түр-түрі ашылып жатыр. Бірақ халық депозит арқылы ақша табуды түсінбейді. Ауылда артық қаражаты бар адамдар ақшасын малға салады. Бірақ мұндай жолмен ақшасын өндіріп ала ма, жоқ па, екіталай. Ал депозитке салу арқы­лы қосымша қаржы табуға болатынынан хабарсыз. Сондықтан банк қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмысы жүру керек. Айталық, адамдарға банкроттық, отбасы­лық шығын, депозит түрін таңдауға дейін оқыту курстарында толыққанды түсіндіре­міз. Одан бөлек, мемлекеттің қолдау шаралары туралы да құлақтандырамыз. Түске дейін жалпы топпен сабақ өтеді. Түстен кейін әркім өз мәселелерін шешеді. Себебі бірі табысын көбейткісі келеді, екін­шісінің басында 18 кредиті бар. Еке­уіне күні бойы ортақ сабақ өту қызықсыз. Сол үшін түстен кейін жеке-жеке кон­сультация алу мүмкіндігін де қарастырдық. 

Ол адам неліктен қарызын төлей алмай жүр? Қосымша табыс табуға қабілеті бар ма? Сабақ бере ме? Тамақ жасай ала ма? Осыған бірге жауап іздейміз. Яғни тек қана қарыз алмау қажеттігін құлаққа құя беру пайда әкелмейді. Қарызды да қажетке жаратып, іс қылу керек. Халықтың әлеу­мет­тік жағдайы қиын. Жоба әлеуметтік теңсіздікпен толығымен күресе алмайды. Дегенмен осы жобаның арқасында қоғамда қалыптасқан көптеген әлеуметтік мәселелер ашылып жатыр. 

Сапарбай ЖОБАЕВ, 

қаржыгер-экономист: 

– Маған «Қа­рыз­сыз қоғам» де­ген атау­дың өзі қызық естілді. Оның үстіне, жо­ба­­ны қаржы­лан­­­дыра­тын «Халық банк» де­ген­де тіпті таң қалдырды. Мен қаржы­гермін. Бұл атау көзіме түскенде дұрыс қабылдамадым. Негізінде банктің жұмысы қаржы беріп, оны қайтару. Жобаның атауы Қазақстан банктері жұмыс істемесін деген ойға алып келеді екен. 

Айгерім РЫСБАЕВА, 

«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы: 

– Керісінше, біз халықты банктің өнімдерін тиімді мақсаттарға жұмсауды үйретеміз. Бірақ біздегі адамдардың санасында банк тек қарыз алу деп қана қабылдайтын ұғым қалыптасқан. Ал банктің ұсынып отырған түрлі депозитін қолдану жолын білмейді. Бізде қарапайым ғана алған несиені уақытында жабу мәдениеті жоқ. Оның себебі қаржылық мәдениетке келіп тіреледі. 

– «Банкроттық туралы» заңның әлі де бір қайнауы ішінде қалғаны айтылып жатыр. Халықтың сауатын арттырдық делік. Қаржыгер ретінде айтыңызшы, жоба қаржы ұйымдарын жағалайтындардың санын азайта ала ма?

Сапарбай ЖОБАЕВ, 

қаржыгер-экономист: 

– Бұл заң екі жыл­дан аса талқы­ланды. Бастапқы кездегі заң жобасы­ның талабы бұдан да қатаң болды. Барлық адамның шартын орындауға мүмкіндік болса, кез келген адам өзін «банкрот­тық» деп жариялайтын еді. Екіншіден, әлгіндегідей телефон алу үшін несие алғандардың үлесі 5 пайыз ғана, ал 99 пайызы мұқтаж болғандықтан қарыз алады. Қалай мұқтаж болып отыр? Оның себебі неде? Оны қалай төмен­детеміз? Мәселе – осында. Сондықтан ең алдымен мәжбүр болған адамдармен шұғылдану керек. 

Қарыз алу – әлемдік үрдіс. Сондықтан қарызсыз қоғам ешқашан болмайды. Оны біз жоя алмаймыз. Дүниежүзілік банк, халықаралық қаржы қорлары кедейшілікті азайтудың көп жолдарын ұсынады. Соның ең біріншісін Президентіміз 2019 жылы алғашқы жолдауында айтты. Дәулетті бай кәсіпорындар, банктер мен жекелеген адамдар прогрессивті салық төлеп, бюд­жетті көбейтуге жәрдем беруін тапсырды. Сол арқылы мұқтаж жандарға жәрдем беру қажет екенін шегелеп айтты. Сіздер ха­лық­ты қаржылық жағынан сауатты ету­леріңіз мүмкін. Бірақ қарызсыз қоғамды қалыптастыра алмайды. Оған қосымша әлгіндегідей бюджетті арттырудың жол­дарын қарастыру қажет. Біздің Үкімет осыны жүзеге асыруға келгенде үнсіз қалады. 

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, 

Мәжіліс депутаты: 

– Сіздің айтып отырған мәселеңіз де орын­ды. Кредит мәселесін айтып, қаржы­лық сауаттылықты арттыру туралы сұрап хабарласатындар көп болды. Өңірге барғанда да басымызды шайқап қайтамыз. Сол үшін аймақтардағы халықтың сауатын арттыруға көңіл бөлсек деген шешімге келдік. Мамандар өңірге барған соң тегін бармайтыны белгілі. Сондықтан екінші деңгейлі банктерге ұсыныс жасадық. Партия ішінен қолға алынған бастама халыққа ұнап жатса, Президентке жеткізіп, Үкіметтің деңгейінде көтереміз деген мақсат болды. Жалпы алғанда жобаның мақсаты да сол, елдің беті бері қарасын деген ниеттен туды. Кредит алғанда да келісімшартын оқып, саналы түрде шешім қабылдасын деген ой келді. Бұл жобамызға банктің қызығушылық тудыруының себебі бар. Бізге халықтың қаржылық сауаты артқаны, ал банкке кредит алған адамның ай сайын несиесін төлеп, банктің бюджетін толтырып отырғаны керек. Әйтпегенде, олар да борышкерлердің артуынан шығынға батып жатыр. Миллиондап несие алып, артынша телефонын өшіріп тастайды. Банкке де корректорға беріп артынан жүгіріп жүру тиімсіз. Бізге қазір сарапшы мамандардың ортақ ойын саралап, заңға өзгеріс енгізіп, қажет болса жобаға қажетті ортақ ұсыныстарды дайын­дауға көңіл аударған дұрыс. 

Сапарбай ЖОБАЕВ,

қаржыгер-экономист: 

– Мемлекеттік кәсіпорындардың қаржысы мемлекеттікі болып есептеледі. Бірақ ұлттық қордың бастықтары өздеріне 20-25 миллиондық айлық жазады да, ал халыққа 85 мың айлық береді. Сөйтеді де «жәрдем беріп жатырмыз» деп жұртқа жар салады. Шын мәнінде миллиондап айлық алатын бастықтар шетелдердегідей бюд­жет­ке салықты айлығына сәйкес төлеуін міндеттеу керек. Миллиардтап табыс табатын кәсіпорындарға да салықты табысына сәйкес белгілеген дұрыс. Біз болсақ, Президенттің осыдан 4 жыл бұрын айтқан ұсынысын төрт жылдан бері әлі күнге дейін мүжіп келеміз. Себебі біздің Үкімет өзінің қалтасындағы қаржыны медбикенің 10 пайызынан асырғысы жоқ. Халықпен бірдей 10 пайыз төлегенді құп көреді. Енді қараңыз, әр жылы инфляция деңгейінде әр саладағы маманның айлы­ғын көтереді. Медбикенің айлығы 100 мың болса, 10 пайызға көтерілгені 110 мың болады. Бюджеттен қаржыландырылатын олигархтардың айлығы 20 миллион болса, айлығының үстіне 2 миллион қосылады. Президент оларға айлықтарын көтеруге шектеу қойды. Бірақ заңда төлемдерге шектеу қойған жоқ. Бюджет шығындарын қарасаңыздар, байлардың айлығына кететін қаржы әр жылы 10-15 пайызға артып отыр. Яғни біздегі байлар 2 млн алып, баюдың үстіне байып, ал осал жан­дар­ға қосылған 10 мың бағаның инфля­циясына жұғым болмайды. Инфляция 20 пайыз болған соң одан бетер сіңірленіп жатыр. Бұл менің ойдан шығарып отырған дүнием емес. Өркениетті елдегі жүзеге асырылып отырған механизм. Ал бізде мұны созып жатыр. 

– Жер қойнауын пайдаланып жатқан квазимемлекеттік кәсіпорындар жылдық кірісінің 1 пайызын ғылымға бөледі деген заң бар. Бірақ қазір солар халық түгілі, ғылымға бір пайызды бермейді екен. Оларға арнайы заң әзірлеу керек шығар. 

Сапарбай ЖОБАЕВ, 

қаржыгер-экономист: 

– Бұл Президенттің берген тапсырма­сында айтылды. Мысалы, Америка бюджетінің 30-35 пайызы жеке адамдардың табыс салығынан қалыптасады. Қосымша құн салығы – 15-20, корпоративік табыс салығы – 10-15 пайыз. Ал бізде қосымша құн салығы – 35-40 пайыз етіп, халықтың мойнына салып қойдық. Корпоративтік табыс салығы – 30 пайыз.  Ал бай адамдар­дың төлейтін айлығы бар болғаны – 10 па­йыз. Яғни біздің бюджетімізде байлар­дың баюына мүмкіндік жасалған. Біз осыны Президент айтқандай, 25 пайызға жеткізбесек, халықтың жағдайын көтере­міз деген біздің әңгімеміз қиял-ғажайып ертегі. Халықтың сауатын ашқаныңмен, жағдайы жоқ болса амал жоқ қарызға бата береді. 

Айгерім РЫСБАЕВА, 

«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы: 

– Бізде де бұл бойынша ұсыныстар бар. Мәселен, бізде еңбекақысы 25 АЕК-ке дейін болса, оған да 10 пайыз жеке табыс салығын міндеттейді. 25 АЕК төмен болса 90 пайыз жеңілдігі бар. Меніңше, осы 25 АЕК-ті неге 125 АЕК дейін жеткізбеске? Себебі қазіргі нарық заманында 25 пайыз өте төмен көрсеткіш. Жобаның тағы бір тиімділігі, бізде заңгерлер тобы жұмыс істейді. Соның арқасында 1390 алаяқтық әрекетке тосқауыл қойылды. Сондай-ақ біздегі коллекторлық компаниялар ешқа­шан заң талабын сақтамайды. Ақпараттық құпиялық жоқ. Оның соңы суицидке апа­рып жатыр. Бізде мынандай да сұмдықтар бар. Мысалы, банкте бір алаяқты жұмысқа кіргізіп қояды. Ол кәдімгі қарапайым банк қызметкерінің міндетін атқарады. Бірақ оның артында алаяқтардың компаниясы жұмыс істейді. Жұмыстан шыққан кезде банктің барлық құпиясын біліп шығады. 

Сапарбай ЖОБАЕВ, 

қаржыгер-экономист: 

– Тағы бір айтарым, «Банкроттық туралы» заңды жұмсарта берсек, банк жүйесінің тас талқанын шығаруымыз мүмкін. Мысалы, Германияда банкрот болса, табысыңды басқа бір ұйым алып отырып несиесін жүйелеп отыратын қызмет бар. Банкрот болғаннан кейін де табысыңды алатын жүйе бар. Ал бізде төлем қабілетін орнына келтіруді мақсат етеді. Өркениетті елдерде қарыз алған адамға жауапкершілік жүктейді. Бізде мүлкіне тиіспеу керек деген жеңілдіктің өзі көп адамға үміт сыйлап отыр. Кредитін бүгін төлеп берсең, екінші күні несие алғандар да болды. Өкінішке қарай, бізде жауапкершілік деген жоқ. 

Айгерім РЫСБАЕВА, 

«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы: 

– Жұмыссыздықты бұл жоба шеше алмайды. Алайда мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан бағдарламалар барын барынша жеткіземіз. Бүгінде «Ауыл аманаты» деген несиелендіру болып жатыр. Оның да талаптарын білмейді халық. Соның барлығын тренинг аясында түсіндіріп халыққа жеткізіп отырмыз. Яғни халыққа тек қаржылық қана емес, әлеуметтік мәселесін шешудің жолдарын да қамтуға күшімізді салып жатырмыз. Тығырыққа тірелген адамдар болса, заң­гер­лерге жібереміз. Өтініш пен электрон­дық кілт алуды білмейді. Банкроттықты қарыздан құтылудың оңай жолы деп ойлайды. Ақпаратты қабылдау деңгейі сондай болып тұр. Мысалы, бізде 18 жастағы бала өзін банкроттыққа берген. 

Жадыра МҮСІЛІМ