Отандық outdoor-индустрия өкілі Александр Габченкомен сұхбат.
«Қазақстанда көретін ештеңе жоқ дегенмен келіспеймін» – қала баласы  Александр қалай қыр баласына айналды?
4,630
оқылды

Еңбек етіп, сол арқылы қоғамға пайда келтіру – игі іс. Ал бүгінде өз ісін сүйетін, өзгелерге үлгі болып жүрген жандар көп. Сондай жандардың бірі қазақстандық танымал outdoor және велосаяхатшы, бірнеше географиялық рекорд иегері Александр Габченко. Ол өзінің TikTok аккаунтында тауға шығу барысындағы қауіпсіздік, велосаяхат тақырыптары бойынша мағлұматтар береді. Сондай-ақ Қазақстанның көрікті әрі қызықты жерлерін көпшілікке танытуға да өз үлесін қосып жүр. 

 

– Өзіңізді қалай таныстырар едіңіз? Сізді саяхатшы деп атауға бола ма?

– Мен outdoor жанрындағы қазақстандық саяхатшымын. Қарапайым тілмен айтқанда, жабайы табиғатта саяхаттауды сүйетін, күрделі маршруттар мен жаңа географиялық ашылуларға құмар белсенді азматпын.

 

– Мұндай ерекше қызығушылық неден басталды? Қызығымен қатар қиындығы да мол спорт түрімен айналысуға не түрткі болды?

– Бұл қызығушылық бала кезде оқыған кітаптардан бастау алды. Шытырман оқиғаға толы, саяхат жайлы романдарды сүйіп оқитынмын. Оның үстіне Алматыда дүниеге келгендіктен сәби кезімнен терезеден таудың бейнесін көріп өстім. Сөйтіп, жастық шағымда өзім де тауға шығумен тұрақты түрде айналыса бастадым.

Мұндай жорықтар уақыт өте келе мені психикалық және физикалық тұрғыдан қатайып, өмір мектебіндегі қиын әрі маңызды, баға жетпес сабақ болып бекіді.

Өмірде бәрі де біздің қалауымызға байланысты. Егер адам шынымен не қалайтынын білсе және соған ұмтылса қандай жағдай болмасын, сол іспен айналыспай қоймайды. Ондай кезде ақша екінші орында болады.

Жалпы тауға шығумен тұрақты түрде 1995 жылдан бері шұғылданып келемін. 1996 жылы тағдыр тоғыстырып, A13 Expedition team құрамында бірге болған жандармен таныстым. Ол кезде сыныптастарымның бір бөлігі ЦСКА-дағы альпинизм бөлімінде оқыды, кейбіреуі «Романтик» спорт клубының құрамында еді. 

Командалық жұмысымыз 2003 жылы басталды. Биыл A13 Expedition team туризм командасының құрылғанына 20 жыл. Негізгі құрам спорттық туризммен айналысатын «Романтик» спорт клубынан келді. Топта менен басқасының бәрі спорттық туризмнен хабары бар, сол салада жүрген жандар еді. Бірақ арнайы секцияларға қатыспағаныммен, бала кезден байдарка мен каноэ есумен айналысқанмын.

Алғашқы сапарда тау арқылы Ыстықкөлге дейін бардық. 10  күн уақытымыз кетті. Өте қиын жорық болды. Себебі дайындық аз және алдын ала жоспар құруға немқұрайлық танытыппыз. Мүмкін жас әрі тәжірибесіз болғандығымыздан да шығар. Ол маршруттың жаңадан бастағандарға арналмағанын кейін түсіндік.

Бірақ сол жорық одан да күрделілеріне жол ашты. Сондықтан бүгінге дейін оңай дүние жасағым келмейді.

 

– Oсы ретте A13 Expedition team жайлы толығырақ айтып берсеңіз. Қандай сапарды ерекше атап өтер едіңіз?

– Командамыз 2003 жылы құрылғанын жаңа айттым. Сол жылы алғаш рет тауда жүруге арналған велосипед сатып алдым. Содан бастап велосаяхатпен тұрақты айналыса бастадық. Оған дейін көктем және жаз мезгілінде тұрақты түрде тауға шығып жүретінбіз.

2006 жылы командамен бірінші рет Кіші Арал теңізінің айналасында автономды экспедиция жасадық. Оны жүріп өткеннен кейін біз алмайтын асу жоқтай көрінді. Бір-бірімізге деген сенімнің арқасында одан да күрделі саяхаттарға әрекет жасай бастадық.

Алдымен Тянь-Шаньға барып, кейін шет елдердегі ерекше аймақтарға да шығуға шешім қабылдадық. 2007 жылы Тянь-Шань жорығы болды, ал 2008 жылы Шыңжаң автономиялық аймағында орналасқан «Турфан сақинасы» деп аталатын жерге бардық. Біздің мақсат – Турфан ойпатына жету болды. Ол теңіз деңгейінен минус 154 метрге төменде орналасқан. Ел арасында «тозақ бройлері» деп те аталады.

Шынында мамыр айы болғанына қарамастан, ол жер өте ыстық болды. Бірақ жорық біз күткендей қиындық тудырмады. Өйткені біз 80-ші жылдардағы бас штабтық карталарды қолданған едік. Ал біз барардан бұрын ойпат түбіне апаратын асфальт жол салынған екен. Соның арқасында саяхат жеңіл өтті. Сол сапарда Шығыс Түркістанның мәдениетімен және тарихымен тереңірек таныстық. Қызықты күндерді бастан кешіп, Алматыға орала сала бұдан да күрделі сапарға дайын екенінмізді ұғындық.

Сөйтіп, 2008 жылдың қазан-қараша айларында Камбоджа Корольдігіндегі Краван тауларына бардық. Солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан таулы бөлігімен бүкіл Камбоджаны басып өттік деуге болады. Жабайы тропиктік табиғат аясында өткізген ең керемет әрі қиындығы мол жорық болды. 

Сол сапарда 3-4 күн бойы мина алаңдарын араладық. Біз барған кезде ол жерде 30 жылдық азаматтық соғысының аяқталғанына небәрі 10 жыл болған еді. Соғыста тараптар ешқандай белгі орнатпай миналарды әр жерге бақылаусыз шашып тастаған екен. Біз дәл сол жерде болдық. Сонысымен де экспедиция ауыр өтті. Сондықтан да ол A13 Expedition team-ның маңызды жетістіктерінің бірі. Аталған саяхатымыз туралы есебіміз жоғары нәтижелерге ие болып, беделді «Веложол» велосипед экспедициялары байқауының жүлдегері атанды. Ол велосаяхатшылар арасындағы өте беделді байқау. 

Осылайша, A13 Expedition team 10 жыл бойы қарқынды жұмыс істеді. Ал 2013 жылға қарай үйленіп, балалы-шағалы болғаннан кейін командалық жұмысымызды тоқтатып, өз жолымызбен кеттік.

 

– Бүгінге дейін әртүрлі географиялық рекордтар орнатқан екенсіз. Сол жайлы толығырақ айтып беріңізші. Мүмкін өзіңіз үшін өзгелерінен  ерекше біреу бар шығар.

– Қазір КИнЭС-ке (Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалық) енген бес ресми рекордым бар. Оның барлығы осы саяхат түрімен байланысты. Әрқайсысы өзінше ерекше әрі құнды.

Ең алғашқысы 2006 жылы Кіші Арал теңізінің айналасындағы автономды велосипед жорығы болды. Бұл A13 Expedition team-ның командалық рекорды. Жоғарыда бұл туралы айтып өттім. Жалпы Арал жорығы рекордтар кітабына енгенін кейін білдім.

Одан кейінгі рекорд біршама тәжірибе жинаған шағымда болды. Сол кезеңде танымал болған «I run Kazakhstan» жобасы аясында жүзеге асты. Нақтырақ айтсам, Қазақстаның 14 өңірінде trail run, яғни, жабайы табиғаттағы соқпақпен бірегей ландшафтты жерлермен жүгіріп өттім. Негізгі мақсат – елміздің көрікті жерлерін көрсету еді. Себебі, «Қазақстанда көретін ештеңе жоқ» деген пікірлер ашуыма тиетін. Жобаны 13 ай ішінде аяқтадым. Осы уақыт ішінде барлық аймаққа барып, әрқайсысында 30-35 шақырым trail жүгірдім.

Бұл жоба көпшілік арасында кеңінен танылды. Тіпті, Ақорда да бұл жайлы естіп, Президент Қ.Тоқаев алғыс хат жолдады. Мен үшін бұл күтпеген тосын сый болды.

Әлем тұрғындарының көпшілігі стереотиптердің тұтқынында өмір сүреді. «Balkhash Ice Challenge» атты жобам осыған негізделген.

Мәселен, қыста велосипед жүргізу, онымен мұзда жүру көбі ойлағандай қорқынышты емес. Керісінше, сырғу жақсы болғандықтан процесс жеңілдей түседі. Ал Балқашты қыста велосипедпен кесіп өту идеясы 2006 жылы Аралға жасаған экспедицияның нәтижесінде пайда болды. Сөйтіп, Балқаш көлін мұз боп қатып жатқан шақта велосипедпен 250 км жол жүріп кесіп өттім. Бұл менің үшінші рекордым болды.

«Balkhash Ice Challenge» жобасы аяқталған соң пандемия басталды. Бір жыл бойы үйге қамалып қалдық.

Кейін 2021 жылдың қаңтар айында жақын досым, сондай-ақ танымал YouTube-блогер, электрлі велосипед әуесқойы, Александр Сипетим екеуіміз Іле Алатауы тауларында болған веложарысқа бардық.

Бұл да қиын сапарлардың бірі болды. Қыста таулы жерде, жартастардың арасынан жүріп өту өте қиын. Оқыс қимыл жасасаң мерт болуың мүмкін. Сондықтан барынша ұқыпты болуға тырыстық. Нәтижесінде 60 сағат ішінде Іле Алатауы тауларымен 127 шақырым жолды жүріп өттік. Сапарымызды Түрген шатқалындағы Батан пунктінен бастап, Байсейіт кентінде аяқтадық. Осылайша қазақстандық рекордтар кітабына тағы бір мәрте ендім. 

Бесіншісі 2021 жылдың жазында «алғашқы Қазақстандық SUP-экспедиция» атты жоба аясында болды. Үрлемелі қайық арқылы екі өзен – Қарқара мен Кегенді жүзіп өттік. Олар теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте екі жотаның арасында жатқан Бестөбе су қоймасының құрамына кіреді.

Бұл ерекше саяхатқа алты адам: екі қыз, төрт жігіт болып аттандық. Сапбордпен жүзу өте керемет сезім сыйлады. Өте керемет болды.

Қорыта айтар болсам, әр экспедицияның өзіндік нюанстары бар. Қызықты әрі таным көкжиегін кеңейтуге көп көмектеседі. Себебі қажетті әдебиеттерді үнемі оқып, outdoor-индустрия әлемін қадағалап отыруды қажет етеді.

Кейінгі 30 жылда планета көз ілеспес жылдамдықта дамып келеді. Бұрын тек ғарышкерлерге қол жетімді болған барлық ғарыштық технологиялар қазір outdoor индустриясына келіп жатыр және белсенді қолданылып жүр. Солар жайлы оқып-біліп, экспедицияларыма жаңалықтар енгізіп отыруға тырысамын.

 

– Кез келген саяхатқа шықпас бұрын, әсіресе, тауға шығарда психологиялық дайындық маңызды. Осы тұста таудағы қауіпсіздікті сақтауға байланысты сіз қандай кеңестер ұсынар едіңіз?

– Тауға шыққанда әрдайым өзім ұстанатын этикалық кодекс бар. Әрдайым бәріне сол жайлы айтып жүремін. Оқып отырған әрбір азамат та осыны насихаттаса деймін.

Жеті пунктен тұратын ережелер тізбегі leave no trace деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда – із қалдырма деген мағынаны білдіреді. Әр тармақ демалу кезінде табиғатқа зиян келтірмеуге үндейді.

  1. Табиғат аясындағы қандай да демалыс түрі болмасын, осы кеңестерді ұстанған жөн:
  2. Табиғат аясына демалысқа шығарда жоспар құрып, алдын ала дайындалу қажет.
  3. Түнейтін орынды қатты жерге орналастырған дұрыс.
  4. Кетерде қоқысты жинап, өзіңмен алып кету керек.
  5. Табиғат аясынан сол жерге тиесілі дүниелерді алып кетуге болмайды. 
  6. От тұтатқан жағдайда оны толық сөндіріп кету қажет.
  7. Жабайы жануарларды мазаламаған жөн.
  8. Өзге туристерге қолайсыздық тудырмаңыз.

Жалпы табиғат аясына шыққанда өзіңмен әдемі эмоцияларды, суреттерді ғана ала кеткен жөн. Табиғаттан сирек кездесетін заттарды, гүлдерді, бұтақтарды, тастарды алу дұрыс емес. Табиғат аясына демалысқа шыққанда жоғарыда аталған ережелерді ұстанып, әр әрекетке жауапкершілікпен қараған жөн.

– Әлеуметтік желідегі аудиторияңыз ауқымды. Сәйкесінше, өзіңіз де аккаунттарыңызды өте белсенді жүргізесіз. Әлеуметтік желіні дамыту идеясы қалай пайда болды? Шығармашылық пен саяхатты қатар алып жүру қиын емес пе?

– Әлеуметтік желідегі белсенділік 12 жыл бұрын басталды. Ол кезде outdoor мәдениеті туралы веб-блогым болды. Кейін Instagram пайда болған кезде веб-блогқа қосымша ретінде оны да жүргізе бастадым. Арада біраз уақыт өткенде блог аяқталып, Instagram парақшаны қалдырдым. Негізгі тақырып – тауға шығу және саяхат. 10 жыл ішінде біршама тәжірибе жинадым. Қазір Tiktok пен YouTube-ті дамытып жатырмын. Бүгінде әлеуметтік желіде жарты миллионға жуық аудиториям бар. 

Әлеуметтік желіні дамыту – бұл тұтынушыларға байқала бермейтін үлкен әрі қиын жұмыс. 

Себебі контент жасау барысында тақырып ойлап табу, сценарий жазу, түсірілімге орын іздеу сынды жұмыстарға көп уақыт кетеді. Оған ең маңызды екі ресурс – уақыт пен ақша жұмсалады. 

Менің әлеуметтік желідегі контентім – қазақстандықтарды табиғатқа, таудағы мінез-құлық этикасына, жабайы табиғатта, тау жорықтарының дағдылары мен қауіпсіздігіне, құрал-жабдықтарды дұрыс пайдалануға үйретуге бағытталған. Сондай-ақ, велосаяхат, микро мобильді көлік тақырыптары да жаныма жақын. Жаяу жүргіншілер жолы мен велосипед инфрақұрылымын дамытуға қатысты қала шенеуніктеріне өз ұсыныстарым мен кеңестерімді айтып отырамын.

– Әңгімеңізге рақмет!