«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы талқыланды.
Әрбір ата-ана Ұлттық қордағы қаражатты қадағалайды
683
оқылды

Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері Президент тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі жоспарымен бөлісті.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Кеңес төрағасы Екатерина Смышляева Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру аясында сараптамалық талқылаулар өткізудің маңызын атап өтті.

«Президент Жолдауында экономикалық және қаржылық көп мәселе қамтылды. Бұл – біздің Кеңес атқаратын жұмыстың өзегі. Мұндай талқылауларда Кеңес құрамындағы сарапшылар қауымын тарта отырып, алға қойылған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру көзделеді. Бұған қоса, Жолдауда жүктелген тапсырмалардың тиімді орындалуын құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету де аса маңызды. Сондықтан, заң шығаруға қатысты алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы заңнамалық бастамалар аясында тиісті заң жобаларын әзірлеу жұмысын бастап кетті. Кеңес алаңында Үкіметпен бірге барынша тиімді жұмыс істей алатынымызға сенімдімін», – деді Кеңес төрағасы.

Өздеріңіз білетіндей, 16 қыркүйекте Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар бекітілді. Ол 107 тармақтан тұрады. Өз кезегінде, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов ведомствоға бекітілген 17 тармақтың әрқайсына жеке тоқталды. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау аясында министрлік 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды әзірлеу, тарифтік жоспарды қайта жүктеу және бюджет саясатын реформалау жұмысын бастады.

«Министрлік Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жұмысына кірісіп кетті. Мәселен, мүдделі ведомстволардың қатысуымен Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың жобасын әзірлеу бойынша алғашқы кеңес өткізілді. Бүгінде салалық мемлекеттік органдар алдағы мақсат-міндетті айқындап алу үшін дәл қазіргі жағдайға қатысты ақпарат дайындап жатыр. Тиісті жұмыс тобы құрылуда. Тарифтік саясатты қайта жүктеу жұмысы аясында биылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жалпы, аталған бағдарлама аясында 62 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту үшін шамамен 3 трлн теңге мөлшерінде инвестиция тарту көзделуде», – деді вице-министр.

Өз кезегінде, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін бірқатар заңнамалық норманы қайта қарау қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Жолдауда өңдеу секторы мен минералды-шикізат базасын дамытуға ерекше назар аударды. Осы бағытта жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін заң шығаруға қатысты ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Мәселен, өнімді жоғары деңгейде қайта өңдеу мақсатында терең өңдеу жобаларын іске асыру аясында нарықтағы ірі ойыншылардың міндеттемелерін заңнамалық деңгейде бекіту қажет. Атап айтқанда, ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске түзету енгізу керек. Яғни, жер қойнауына өз қаражаты есебінен геологиялық зерттеу жүргізетін инвесторларға жер қойнауын пайдаланудың басым құқығын беру бөлігіне мән берген жөн», – деді комитет төрағасы.

Талқылау барысында Кеңес мүшелері мен қатысушылар Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға қатысты өз пікірін білдірді. Мәселен, Кеңес төрағасының орынбасары, АХҚО басқарушысының кеңесшісі Аманжан Жамалов Президент бастамаларын жүзеге асыруды қаржыландыру көзіне қатысты алаңдаушылық білдірді.

«Мемлекет басшысы алға қойған басты мақсат – 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есе арттыру. Мұндағы басты мәселе – жоспарды жүзеге асыруға қажет қаражатты қайдан алуға болады? Бұл жұмыс бюджеттік және бюджеттен тыс ауқымды инвестицияны қажет етеді. Қазірдің өзінде мемлекеттің әлеуметтік және басқа да шығындар бойынша жүктемесі ауырлап отыр. Ұлттық қорға келетін болсақ, бұған дейін оның көлемін 100 млрд долларға дейін ұлғайту міндеті қойылған еді. Сонымен қатар, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты қабылданған заң халық назарын аударды. Енді еліміздегі әрбір ата-ана Ұлттық қордағы қаражат қозғалысын қадағалайды. Яғни, аталған ақшаға қол сұғылмайды деген сөз», – деді Кеңес төрағасының орынбасары.

Жалпы, Кеңес отырысы барысында жүйеленетін және одан әрі пысықтау үшін бейінді ведомстволарға жолданатын түрлі пікір мен ұсыныс айтылды. Алдағы уақытта Кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бойынша өзге де салалық ведомстволардың жоспары қаралады.