Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Вьет­нам Ұлттық ассамблеясы төрағасының орын­басары Нгуен Хак Диньді қабылдады. Вьетнам Парламентінің делегациясы екі­жақты ынтымақтастықты дамыту мәселе­лерін талқылау үшін Қазақстанға арнайы келді.
Парламентаралық ынтымақтастық талқыланды
797
оқылды

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов былтыр Қазақстан мен Вьетнам арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. Осы жылдар ішінде белсенді саяси диалог жолға қойылып, елдер арасындағы жан-жақты ынтымақ­тастықтың берік іргетасы қаланды.

– Сіз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапарынан бір ай өткен соң келіп отырсыз. Бұл елдеріміз арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Бүгін бізде мемлекет басшыларының келісімдеріне сәйкес Парламенттер арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылауға тамаша мүмкіндік бар, – деді Е.Қошанов.

Кездесу барысында тараптар 2015 жылдан бері белсенді дамып келе жатқан парламентаралық бай­ланысты пысықтады. Бүгінде Мәжілісте 12 депутаттан тұратын Вьетнам Социалистік Республикасымен достық тобы бар. Оған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан жетекшілік етеді. Қазақстан тарапы осындай достық топтары, тиісті комитеттер арқылы көпжақты платформаларда бірлесіп жұмыс істеуге және заңнама саласында тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.

Мәжіліс Cпикері Қазақстандағы саяси-эко­номикалық реформалар мен Президенттің жуырдағы Жолдауынан хабардар етіп, оның басты мақсаты – жаңа экономикалық модель құру екенін айтты.

 – Бұл қадам өңдеу саласын, банк секторын, жасанды интеллектіні дамытуды және инвестиция тартуды көздейді. Осы тұрғыда біз вьетнамдық әріптестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін диалогқа ашықпыз, – деді Мәжіліс төрағасы.

Нгуен Хак Динь өз кезегінде Вьетнам Орталық Азиядағы ең ірі серіктес ретінде Қазақстанмен сауда және өндіріс әлеуетін арттыруға мүдделі екенін айтты. Тараптар инвестиция бойынша екіжақты келісімдерді жаңарту, логистикалық дәліздерді кеңейту, бірлескен өндірістерді, соның ішінде экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту қажеттігін атап өтті.

Депутаттар жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, транзиттік дәліздер салаларындағы еларалық жоба­лардың әлеуеті зор екеніне назар аударды. Мәжіліс Спикері Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы континенттік бағыттардың 80 пайызға жуығын қамтамасыз ететініне, ал 2019 жылы іске қосылған Вьетнам–Қытай–Қазақстан теміржол бағыты екі ел арасындағы жүктерді жеткізуге жақсы мүмкіндік беретініне тоқталды.

Тараптар туризм, мәдени-гуманитарлық бай­ланыс пен елдер арасындағы әуе қатынасы саласын­дағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін де талқылады.