Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қыр­ғыз­стан үкіметтерінің бас­шы­ларымен кездесті.
Экономикалық әлеуеті зор ұйым
1,034
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ре­сей, Беларусь және Қырғызстан үкі­мет­терінің басшыларына ілтипат білдіре оты­рып, қазақ жерінде тұңғыш рет өт­кі­зі­ліп жатқан халықаралық «Иннопром. Қа­зақстан» өнеркәсіп көрмесіне қолдау көр­сеткені үшін оларға ризашылық біл­дірді.

– Сіздердің арнайы келгендеріңіз көр­менің мәртебесін арттырғаны сөзсіз жә­не тығыз сауда-экономикалық қа­ты­нас­тарымызды тағы бір рет дәлелдеді. Бү­гінде аталған іс-шара тұрақты іскерлік алаң­ға айналып келеді. Бұл – қуанышты жайт. Көрме аясында әлеуетті серіктестер мен инвесторлар елдеріміздің ин­дуст­рия­лық секторының жетістіктерімен жа­қы­ны­рақ танысады, сондай-ақ өзара тиімді жо­баларды іске асыру үшін жаңа мүм­кін­діктерге жол ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, өнер­кәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларында бірлескен кәсіп­орын­дар мен ірі жобалар саны артып ке­леді. Бұл Одаққа мүше елдердің сыртқы сау­да көлемінің үздіксіз ұлғайып, биылғы бі­рінші жартыжылдықта 13 пайызға жет­кенінен байқалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасында сауда, инвестиция жә­­не өнеркәсіп салалары бойынша қа­рым-қатынас қарқыны жоғары екенін айт­ты.

– Ресей компаниялары Қазақстанға тұрақты түрде инвестиция салып отырған бес негізгі елдің қатарына кіреді. Бүгінде Ре­сеймен бірлесіп, жалпы сомасы 16,5 мил­лиард доллар болатын 40 ірі жобаны жү­зеге асырып жатырмыз, – деді Пре­зи­дент.

Мемлекет басшысы Беларусьпен ара­дағы қарым-қатынас туралы айта келе, ауыл шаруашылығы техникасын шығару және машина жасау салаларындағы тә­жірибені оң бағалады. Бұл бағыттағы жо­балардың жалпы құны – шамамен 180 миллион доллар.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қыр­ғыз Республикасымен арадағы бай­ла­ныстарымыздың тұрақты дамып келе жат­қанына, өзара сауда-саттық қарқыны жо­ғары екеніне назар аударды.

– Жеті айда екі ел арасындағы сауда-сат­тық көлемі былтырғы осы кезеңмен са­лыстырғанда 13 пайызға өсті. Қазақ-қыр­ғыз шекарасында Индустриялық сау­да-логистикалық кешен салудың ке­ле­ше­гі зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент үкіметтер басшыларына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ынтымақтастықты айтар­лық­тай нығайту үшін мол әлеуетке ие, сондықтан оны ілгерілету мақсатында барлық мүмкіндікті белсенді пай­даланған жөн деп пікір білдірді.

– Қазақстан Еуразиялық эко­номикалық одақ аясындағы ынтымақ­тас­тықты одан әрі дамытуға ниетті. Бұл Одақ өте перспективті интеграциялық ұйым деп санаймыз. Одақтың эко­номикалық әлеуетінің мүмкіндіктері зор. Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бәрі осы жерде 2015 жылы қол қойылған шартты қатаң сақтап, тек экономикалық интеграция, сауда-саттықты дамыту, өзара тауар алмасу бағытында ғана елдеріміздің нарығын ашу мәселелерімен айналысуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда-эко­номикалық кооперацияның тиімділігі көлік-транзит әлеуетін ашумен тікелей байланысты, сондықтан көлік қаты­настарының мүмкіндіктерін дәйекті түрде дамыту керек деп санайды. Пре­зидент Иранға, Парсы шығанағына және Үндістанға шығуға мүмкіндік беретін Солтүстік – Оңтүстік транзит дәлізінің, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолының, Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытының мүмкіндіктері жөнінде айтты. Сонымен қатар Транс­каспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетіне баса мән берді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өнеркәсіп саласындағы ықпал­дастығын дамыту маңызды еке­ніне тоқталды. Сондай-ақ биыл мамыр айында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру кезінде кооперацияға қаржылай көмек көрсету туралы құжатқа қол қойылғанын еске салды. Президенттің айтуынша, бұл механизм бірлескен жаңа өндіріс орындарын ашуға тың серпін береді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев көрмені ұйымдастыруға белсенді атсалысқаны үшін үкіметтер басшы­ларына тағы да алғыс айтты. Сондай-ақ олардың жұмысына табыс, ал елдері­міздің игілігіне қызмет ететін жаңа бірлескен жобалардың көбеюіне тілек­тестік білдірді.