Қарттар күні және Республика күніне орай Қазақстанда аға буын өкілдеріне біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Қазан айындағы мереке күндеріне орай қай өңірлерде 34 500 теңгеден берілетіні белгілі болды
68,650
оқылды

Қарттар күні және Республика күніне орай Қазақстанда аға буын өкілдеріне біржолғы материалдық көмек көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова брифинг барысында айтты. 

"Қарттар күніне (1 қазан) Астана қаласында, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Республика күніне (25 қазан) Ақмола және Павлодар облыстарында аға буын өкілдеріне 2-ден 10 АЕК-қа (6 900 - 34 500 теңге аралығы) дейінгі мөлшерде, шамамен 1,9 миллиард теңгеге 234 мың адамға біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады", - дейді министр. 

Сонымен қатар Қарттар күніне орай Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында мерекелік азық-түлік себеттері табысталады.

"Жалпы, биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттен - 4,1 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен - 0,5 млрд теңге), оның ішінде: азық-түлік жиынтықтарын ұсынуға - 179,4 млн теңге (25,2 мың адам); жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге - 9,3 млн теңге (2,9 мың адам); тіс протездеуге - 118,9 млн теңге (1,6 мың адам); санаторий-курорттық емдеуді ұсынуға - 2 млрд теңге (19,3 мың адам); тұрғын үйді жөндеуге - 7,3 млн теңге (257 адам); отынмен қамтамасыз етуге - 37,5 млн теңге (2,1 мың адам); жалпыға ортақ пайдаланылатын көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға - 1,6 млрд теңге (155,1 мың адам); көмектің басқа түрлеріне - 635,6 млн теңге (61,1 мың адам) бөлінді", - дейді Жақыпова.