«AMANAT»-та биыл әкімдер сайлауы өтетін қалалар мен аудандардағы бастауыш партия ұйымдарының жиындары жалғасып жатыр. Жиын барысында партия мүшелері «AMANAT»-тың аудандық филиалдарының конференциясына қатысатын делегаттарды сайлайды. Ал конференцияларда әкім лауазымына кандидат ұсынылады.
«AMANAT»-та бастауыш партия ұйымдарының жиыны жалғасуда
848
оқылды

Мәселен, Қызылорда облысында Шиелі және Сырдария аудандарының әкімдері сайланады. Бүгін Сырдария аудандық ауруханасындағы «РБ Тереңөзек» бастауыш партия ұйымының жиыны өтті. «AMANAT» мүшелері партияның аудандық филиалының алдағы конференциясына қатысатын делегаттарды сайлады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына арналған скрининг тізімі кеңейтілді. Бұл қадам 12 ауруды, оның ішінде бүйрек, асқазан және ішек, тыныс алу жолдарындағы және өзге де органдардағы ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті. Яғни, дәрігерлердің айлығы 30%-ға, ал орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 20%-ға жоғарылады.

Сондай-ақ, партиялықтар Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын, «Жер аманаты» және «Ауыл аманаты» жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырды. Былтыр аталған саяси реформа аясында ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі іске қосылды. Енді аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау арқылы азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға, халықтың сенімін нығайтуға және атқарушы биліктің есебін күшейтуге мүмкіндік пайда болады. Бұл қадам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімділігін дәлелдейді. Мұндай саяси іс-шара кезінде әр азаматтың дауысы маңызды деген ойдамын», – деді БПҰ төрағасы Жалғасбек Үсенов.

Бүгінде Қызылорда облысында «AMANAT»-тың 45 мыңнан астам мүшесін біріктіріп тұрған 206 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. 

Осындай жиын Қостанай облысы Рудный қаласында да өтті. 5 қарашада аталған қаланың әкімі сайланады. «Теплосеть» бастауыш партия ұйымында «AMANAT» партиясы Рудный қалалық филиалының алдағы конференциясына қатысатын 3 делегат сайланды. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар бірқатар өзекті мәселені талқылады. Оның ішінде, қаланың коммуналдық инфрақұрылымының жай-күйі мәселесі де айтылды. Бүгінде жылу желісін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Оған Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының араласуымен 4 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, іргелес Қашар кентін сумен қамту мәселесі де депутаттардың жіті бақылауында.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешім қабылдауға тікелей араласуын кеңейту аса маңызды мәселе екенін атап өткен еді. Бүгін «AMANAT» партиясының әр мүшесі дауыс беріп, қаламыздың жарқын болашағына өз үлесін қосты», – деді партия мүшесі Михаил Перцев.

Рудный қаласында «AMANAT» партиясының бас-аяғы 3500-ден астам мүшесі бар. Олар 18 бастауыш партия ұйымына бірігіп отыр. 

Жамбыл облысындағы партиялықтар да шет қалған жоқ. Бүгін «AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалының «Бауыржан Момышұлы» БПҰ жиыны өтті. Аманаттықтар партияның өңірлік филиалының алдағы конференциясына қатысатын делегаттарды сайлады. Сондай-ақ, БПҰ мүшелері кентте аудандық емхана салу мәселесін бақылауда ұстауға уәде берді. Бұл бастама партияның облыстық сайлауалды бағдарламасында қамтылған еді.

«Еліміздің әрбір азаматы – Әділетті Қазақстаның іргесін қалайтын жасампаз тұлға. Барша отандасымызға тең мүмкіндік берілген. «AMANAT» партиясы – Мемлекет басшысы ұсынған барлық бастаманың қоғамдық тірегі. Партия Президент Жолдауын жүзеге асырудың алғы шебінде бола отырып, аудан әкімдерін сайлауға да белсенді атсалысып жатыр», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық Саяси кеңесінің мүшесі Ермек Абдиваитов.

Еске сала кейік, елімізде «AMANAT» партиясының бастауыш партия ұйымдарының (БПҰ) жиындары өтіп жатыр. Бұл биыл 5 қарашада өтетін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлаудың дайындық процесіндегі маңызды кезеңнің бірі саналады. Бастауыш партия ұйымдарының белсенділер «AMANAT» филиалдарының конференциясына қатысатын делегаттарды сайлайды, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыру мәселелерін талқылайды.

Айта кетейік, елімізде «AMANAT»-тың 800 мыңға жуық мүшесі бар. Олар 4 мыңнан астам бастауыш партия ұйымына бірігіп отыр.