Қазір ЕҰУ ғалымдарының өнімдері сертификаттаудан өтіп жатыр.
ЕҰУ ғалымдары кабельдік-өткізгіш өнімдерінің ыстыққа төзімділігін 40 пайызға арттырды
876
оқылды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ ғалымдары полимерлі кабельді  оқшаулаудың ыстыққа төзімділігін 40 пайызға арттырды. Бұл әдіс отандық кабельдік-өткізгіш өндірісінде инновациялық болып саналады.

ЕҰУ ғалымдары өндірушілермен бірге радиациялық тігу әдісін қолданған. Жаңа технология ЭЛВ-4 электрондардың өнеркәсіптік үдеткіші арқылы жасалған және фотовольтаикалық әрі мұнай-суасты кабельдер өндірісінде қолданылады.

 «Біз радиациялық модификацияланған кабель өнімдерін  тұтынушылармен алдын ала келісім жасадық. Кабель түрлерін қолдану бойынша перспективалық бағыттардың бірі атом электр стансалары болуы мүмкін. Жалпы, кабельдердің қолданылу аясы кең: фотовольтаикалық кабельдер фотоэлектрлік жүйелердің жылжымалы және стационарлық құрамдастарын (күн модульдері, құрылғылары және т.б.) қосуға қажет, ал мұнай-суасты кабельдер мұнай және су көтергіш қондырғылардың суасты электр қозғалтқыштарына электр энергиясын беру үшін және ұңғымаларды бұрғылау кезінде мұнайды айдау үшін қолданылады. Пайдалану ерекшелігіне байланысты олардың оқшаулануы жоғары температура мен қысымға төтеп беруі тиіс, сондай-ақ болат лентадан жасалған броньмен жабдықталуы тиіс»,  деп атап өтті ЕҰУ жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ жобалау тобының басшысы Азат Нұрқасымов. 

Қазір ғалымдар мұнай және газ өнеркәсібі үшін жоғары температуралы, ыстыққа төзімді, өзін-өзі реттейтін кабельдер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Өнімнің жаңа түрі энергияны үнемдеумен қатар, температураны реттейтін құрылғыларды орнатуды қажет етпейді.

«Мұндай инновациялық кабельдер қоршаған орта температурасына байланысты қарсылықты реттей алады. Қарапайым тілмен айтқанда, кабель қоршаған орта салқын болса қызады, ал қоршаған орта температурасы жоғарыласа салқындайды. Бұл кабель қызып кетпейді, энергияны үнемдейді және ешқандай бақылау құрылғыларын қажет етпейді. Мұндай кабель өнімдерін жасау үшін наноқұрылымдық материалдар пайдаланылады», деп атап өтті ЕҰУ ғалымы.

Қазір ЕҰУ ғалымдарының өнімдері сертификаттаудан өтіп жатыр.