Қазақстандық мергендер Азия ойындарында чемпион атанды.
Азиада-2023: Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко чемпион атанды
1,706
оқылды

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында алтын медаль жеңіп алды.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, «скит» жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан озық болды. Қорытынды есеп – 40:35.

Бұл – Азиададағы еліміздің ұлттық құрамасы үшін үшінші алтын медаль.

Айта кетейік, кеше Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панаринадан жасақталған Қазақстанның әйелдер командасы «скит» жаттығуында алтын медаль жеңіп алып, Азия ойындарының рекордын орнатты. Ал жекелей сында Әсем Орынбай қола жүлдеге ие болды.

«Біздің мергендер тағы да керемет нәтиже көрсетті! Спортшыларды, жанкүйерлерді және команданың жаттықтырушылар штабын осы жеңіспен құттықтаймын. Бүкіл ел мергендерімізбен мақтанады. Бұл жеңіс мыңдаған қазақстандық жеткіншектерді осы спорт түрімен айналысуға шабыттандыратынына сенімдімін»,  деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.