Форум жұмысына 115 мәслихат депутаты қатысты.
«AMANAT»: Қарағандыда депутаттар Президент реформасын жүзеге асыруды талқылады
924
оқылды

Еліміздегі саяси және экономикалық реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру, атқарушы және өкілді билік органдарындағы өзара іс-қимылдың оңтайлы тетіктерін әзірлеу – осы және өзге де мәселелер 25 қыркүйекте Қарағанды қаласында өткен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы «AMANAT» партиясы депутаттарының I Қарағанды облыстық форумында талқыланды.

Форум жұмысына 115 мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының Хатшысы Руслан Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бауржан Смағұлов, Үнзила Шапақ және Арман Қалықов, Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов, өңір әкімінің орынбасарлары Бауыржан Асанов, Ермек Алпысов, Ербол Әліқұлов және тағы басқалар қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Руслан Әлішев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар бірреттік акция немесе жағдайға қарай жасалған қадамдар, нүктелік шешімдер емес, мемлекетті дамытудың сындарлы әрі кешенді стратегиясы екенін атап өтті. Оның айтуынша, Президент қоғам мүддесіне сай келетін өзгерістерді мақсатты түрде жүзеге асырып жатыр.

«Мәслихат депутаттары – «AMANAT» партиясы үшін аса маңызды ресурс. Себебі партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған міндеттерді дәл осы депутаттар жүзеге асырады. Түптеп келгенде, барлық партиялық вертикаль мен барлық партиялық ресурс мәслихат депутаттарының мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз – сараптамалық, ақпараттық қамтамасыз ету және фракциялардың жұмысын үйлестіру. Партияның және әрбір депутаттың алдында тұрған басты міндет – сайлауалды уәделерді жүйелі жүзеге асыру. Оның өзегі – мемлекетті дамыту және әл-ауқатын арттыру», – деді ол.

Руслан Әлішев көп жағдайда азаматтар барлық деңгейдегі депутаттардың іс-әрекеті мен жұмысына қарай мемлекеттің тұтас қызметіне баға беретінін атап өтті. Сондықтан халық қалаулылары атқарып жатқан лауазымға жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдеп, көпке үлгі болуы тиіс. Яғни, қоғамдық мәселелерге қатысты үнемі үн қатып, көш басында жүруі, тұрғындардың талап-тілегіне жедел назар аударып отыруы керек.

Өз кезегінде, Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов бүгінде «AMANAT» партиясы өңірдегі жетекші саяси күш саналатынын атап өтті.

«Бізге жүктелген жұмыстың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Азаматтармен қарым-қатынас жасау, олардың мүддесін білдіру – депутат күнделікті атқаратын жұмыстың өзегі. Сайлаушылармен үзбей байланыс орнатып отыру керек. Сондықтан біз үшін бірінші кезекте өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселесі маңызды. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың басты міндеті – аумақтарды, тұтас облысты дамыту жоспарын жүзеге асыруды сапалы қамтамасыз ету. Біздің басымдығымыз да – осы», – деді ол.

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков адалдық пен жауапкершілік әр халық қалаулысы атқаратын жұмыстың негізге алынатын қағидатына айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Біздің партиямыз түбегейлі трансформациядан өтіп, қатарымыз жаңарды. Азаматтар бізге сенім артты. Оны биыл наурызда өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында айқын аңғардық. Көпшіліктің бізге көрсеткен қолдауы мен артқан сенімін ақтауымыз керек. Алайда қоғамда қанша адам болса, сонша пікір бар. Біздің міндетіміз – әр пікірге құрметпен қарау, айтылған мәселелерді тиімді шешу. Өткен сайлауда берген уәделерімізді толық орындауға тиіспіз. «Халық қалаулысы» атағын ақтап, соған сай жұмыс істеуіміз керек», – деді ол.

Форум жұмысы панельдік секцияларда жалғасты. Онда экономика, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет, жастарды қолдау және өзге де өзекті мәселелер талқыланды. 

Айта кетейік, биыл маусымда «AMANAT» Астанада партиядан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының Республикалық форумын өткізді. Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысты. Олардың 2,5 мыңы немесе еліміздегі барлық мәслихат депутаттарының 77%-ы – жергілікті өкілді органдардың аманаттық депутаттары. Форум аясында «AMANAT» партиясынан мәслихат депутаттары бейінді министрлердің қатысуымен панельдік сессиялар аясында оқыту семинарларын өткізді. Осылайша, «AMANAT» партиясы мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында тікелей диалог орнатты.