Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері пойыздан қалып қойған егде жастағы әйелдің Алматыға жетуіне көмектесті. Бұл туралы Aikyn.kz Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік полицейлері пойыздан қалып қойған әжейге көмектесті
1,113
оқылды

Оқиға 19 маусымда болған. Жолаушы Күлпан Хасанқызы «Астана-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызымен жолға шыққан. Пойыз «Қарағанды» стансасына келген кезде, ол таза ауамен дем алу үшін далаға шығады. Пойыздың жүретінін хабарлаған кезде, қайта мініп үлгере алмай қалған.

Осы сәтте «Қарағанды-Сұрыптау» стансасындағы желілік полиция бөлімінің патрульдік полиция взводының инспекторлары, полиция майоры Темур Қожақметов, полиция старшинасы Руслан Шержанов, полиция старшинасы Жанболат Искаков және полиция кіші сержанты Тайыр Тұяқовтар шұғыл көмекке келген.

Жолаушының айтуынша, оның барлық жеке заттары, алтын сақиналары, 100 мың теңгесі мен құжаттары пойызда қалып кеткен.

Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап, дереу іске кірісті. Олар Күлпан апаны вокзалдағы қонақ бөлмеге орналастырып, жүріп кеткен пойыз бастығына жедел хабарласып, зейнеткердің пойызда қалып кеткен заттарын Алматы стансасындағы Желілік полиция басқармасының қызметкерлеріне тапсыруды сұрады. Сөйтіп, олар әйелді келесі пойызға отырғызып, Алматыға шығарып салады.

Бүгін Күлпан Хасанқызы Көліктегі полиция департаментіне арнайы келіп, оның бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаевпен жеке кездесіп, осындай адал, қиналған кезде өзіне көмек қолын созған қызметкерлерге алғыс білдірді.

«Сіздің қарамағыңызда осындай қызметкерлердің жұмыс істейтініне дән ризамын. Алғысым шексіз. Мені анасындай сыйлап, көмектескендері үшін алғыс айтамын»,  деді Күлпан Хасанқызы.

«Халықтың игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген полицейлердің адал қызметін бағалаған, азаматтардың тарапынан келіп түсетін мұндай алғыс сөздер – департамент басшылығы үшін де, біздің қатардағы полицейлер үшін де ең құрметті марапат», деді Б.Малыбаев. Сондай-ақ ведомство басшысы Күлпан Хасанқызына зор денсаулық, табыс тілеп, ол кісіні кез келген сапарда жолаушылап жүрген кезде мұқият және сақ болуға шақырды.

Департамент басшылығы кәсіпқойлығы мен өз міндеттерін адал атқарғаны, сондай-ақ жолаушыға шұғыл көмек көрсеткені үшін көлік полициясының қызметкерлерін көтермелеу туралы шешім қабылдады.