Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам орман өрті болса, соңғы бес жылда өрт саны 3 мыңға жеткен.
Бас прокуратура: Орман өртінен 30 миллиард теңге шығын келді
900
оқылды

Бас прокуратураның алқа отырысында бейінді министрліктер басшыларының қатысуымен ормандарды қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды, деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Бас прокурор Берік Асыловтың сөзінше, Қазақстанда бүкіл аумақтың 4,7%-ы ғана орман алқаптарымен қамтылған. Табиғи өсімнің төмендігі аясында өрттер мен бақылаусыз ағаш кесу оның одан әрі қысқаруына әкеледі. 5 жыл ішінде жалпы ауданы 610 мың гектар орманда 3 мың орман өрті болып, 30 млрд теңгеге жуық шығын келтірілді. Барлығы жыл сайын 600-ден астам жағдай тіркеледі.

Отырыс барысында Абай және Қостанай облыстарында болған ірі өрттерді тексеру және тергеу барысында прокурорлар анықтаған бірқатар түйінді проблема  айтылды:

өртті сөндірудің нақты алгоритмдерінің жоқ болуы;

Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың болмауы;

өртті ерте анықтау жүйелерінің болмауы;

техниканың тозығы жеткен жай-күйі;

орманшылардың өртті жедел сөндіруге дайындығының болмауы.

Осыған байланысты төтенше жағдайларға әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою мақсатында Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.

Орманды заңсыз кесуге қарсы күрес, сондай-ақ орман мекемелерінің оны молайту, оның ішінде Астананың "жасыл белдеуін" кеңейту жөніндегі іс-шараларды сапасыз жүргізуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бас прокурор сондай-ақ осы саладағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың анықталуының төмендегенін атап өтіп, орман ағаштарын ұрлаудың заңсыз схемаларының жолын кесу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.