Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.
Сенат кедендік бақылау туралы заңды мақұлдады
773
оқылды

Онда депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы арқылы энергоресурстарды өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы заңды қарап, мақұлдады. Сондай-ақ сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырысты ашқан Палата Спикері Мемлекет басшысының Жарлығымен Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін атқарып келген Асқар Шәкіровтің депутаттық өкілеттігі тоқтатылғанын атап өтті. Соған байланысты конституциялық нормаларға сәйкес,  Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы қабылдады.

Мәулен Әшімбаев Асқар Шәкіровтің Сенат Төрағасының орынбасары, Комитет төрағасы лауазымдарында абыроймен еңбек еткенін айтып, сенатор ретінде атқарған нәтижелі қызметі үшін Палата атынан алғыс білдірді.

Сонымен қатар депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Ғауез Нұрмұхамбетовтің өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы Сенатқа тиісті ұсыным енгізді.

«Ғауез Нұрмұхамбетов жыл басында сенатор болып сайланды. Осы аралықта Палатаның заң шығару қызметіне және жоспарлы іс-шараларына белсенді атсалысты. Маңызды заң жобаларына бастамашы болды. Сенат қабырғасында халықты алаңдатқан маңызды мәселелерді оң шешуге де өз үлесін қосты», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ отырыс барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалған Дархан Қыдырәлі ант берді және Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып сайланды. Палата депутаттары аталған Комитеттің төрағалығына сенатор Андрей Лукинді сайлады. Ол бұған дейін Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болған еді. Осыған орай Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болып сенатор Нұрлан Бекназаров сайланды.

Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан  Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыр жол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Бұл құжат кедендік бақылаудың тәртібі мен мерзімдерін айқындайды. Талқылау кезінде келісімді ратификациялау энергия ресурстарын бақылаудың тиімділігін арттыруға және елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

Сенаторлар отырыс кезінде маңызды мәселелерге назар аударып, депутаттық сауалдарын да жолдады.

Сұлтанбек Макежанов ел экономикасының нақты секторын қаржыландыруды арттыруды ұсынды. Сенатордың пікірінше, бүгінде бұл салаға қаражат қалдық қағидат бойынша бөлінеді.

Бибігүл Жексенбай ауруханалар мен емханаларды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландыруға қатысты проблемаларды атап өтті. Мұның бәрі емдеу сапасына теріс әсерін тигізіп, медициналық ұйымдардың дамуына кедергі келтіріп отыр.

Закиржан Кузиев сүт өндірумен айналысатын шаруа қожалықтарын алаңдатқан мәселелерге назар аударды. Депутат отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға арналған бірқатар ұсынысын да айтты.

Айгүл Қапбарова мүгедектігі бар адамдарға арналған инженерлік инфрақұрылым, жолдар мен оңалту орталығының құрылысына қатысты Шымкент қаласында қордаланып қалған мәселелерді көтерді.

Мұрат Қадырбек қаржыландырудың тапшылығына байланысты Түркістан облысын газдандыру бағдарламасының мерзімі өзгеруі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Ғалиасқар Сарыбаев қандастардың тарихи Отанға көшуін белсенді ынталандыруды, шетелде тұратын этникалық қазақтарға ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды қолдап, дамытуға көмектесуді ұсынды.