Кінәлі азамат 50 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Әнұранға құрметсіздік танытқан әскери қызметкер жазаланды
16,426
оқылды

Әнұранға құрметсіздік танытқан атыраулық әскери қызметкерге 172 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Аtpress.kz-тің хабарлауынша, 16 қыркүйекте Атырау облысы Мақат ауданында «Зарница» әскери-спорттық ойыны басталарда Мемлекеттік Гимн орындалған. Сол кезде бір әскери қызметкер жүрек тұсына қолының екі саусағын қойып, Әнұранға құрметсіздік танытқан.

Осы ретте Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталық облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудан әкіміне ұсыныс жолдады. Олар Әнұранға құрмет көрсетпеген азаматты ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы («ҚР Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу») 1-бөліміне сәйкес кінәлі деп танып, әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған.

– «Е-Өтініш» жүйесіне тіркелген шағым полиция департаментінде қаралды. Кінәлі азамат анықталып, оған заңға сәйкес әкімшілік айппұл салынды, – дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.

Осылайша, кінәлі азамат 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни, 172 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Егер оны бір апта ішінде төлеп үлгерсе, тек жартысын ғана өтейді.