Қылмыскер осы мәселе бойынша бұған дейін де жауапқа тартылған.
Екібастұз тұрғыны жалған қоңырау шалғаны үшін 3 жылға сотталды
990
оқылды

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бұған дейін де жауапқа тартылған ер адам тағы да қоңырау шалып, бомба туралы жалған ақпарат берген.

Polisia.kz хабарлауынша, ол алғаш рет мұндай әрекетті 2019 жылдың мамыр айында жасаған. Сол кезде оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Кейін қала тұрғыны пробация қызметінің есебінде тұрып, жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзған. Сондықтан бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. 1 жыл 26 күнді, яғни өзінің өтелмеген мерзімін Екібастұз тұрғыны қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткізген.

Бірақ ер адам бостандыққа шыққаннан кейін де осы қылмысын қайталаған. Ол былтыр желтоқсан айында полицияға қоңырау шалып, «әкімдік ғимаратында бомба бар» деп хабарлаған болатын.

«Мамандар ғимараттан жарылғыш зат таппады. Қажетті іс-шаралар кешенін өткізу нәтижесінде жалған террорист ұсталды. Ер адам өз әрекетін мойындап, туыстарымен жанжалдасып қалғаннан кейін осындай қадамға барғанын айтты», – деп атап өтті Павлодар облысының Полиция департаментінен.

«Телефон» террорисіне қатысты іс Екібастұз қаласының сотында қаралып, ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға 200 мың теңгеден астам сомадағы материалдық залалды және сот шығындарын өтеуге тиіс.

Қылмыстық кодекстің 273-бабында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 5000 АЕК-ке (17 250 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру/шектеу жазалары көзделген.