Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған адамның туыстары сақтандыру төлемдерін қалай ала алатынын түсіндірді.
Қазақстанда жол апатынан қаза тапқан адамның туыстарына 7 миллион теңгеге жуық төленеді
683
оқылды

Агенттік өкілі жол-көлік оқиғасын мысалға ала отырып түсіндірді.

"Көлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес, қайтыс болған адамның жақын туыстары мен асырауындағы адамдарға 2000 АЕК (2023 жылға 6,9 млн теңге) төленеді. Кейде азаматтар бұл төлемді алуға құқығы бар екенін білмей жатады. Сондықтан, делдалдар азаматтарға ақылы түрде сақтандыру ұйымынан төлемді алып беруге көмектесіп жүр. Сақтандырудың жекелеген мәселелері бойынша заң қабылданғаннан кейін төлем процесі айқынырақ және ашық бола түсті. Енді жол апатында қаза болған кісінің жақындарын табу жауапкершілігі сақтандыру ұйымдарының өздеріне жүктеледі", – деді Мария Хаджиева.

Бұл үшін компаниялар көптеген басқа мемлекеттік деректер базаларымен біріктірілген Бірыңғай сақтандыру деректер базасын пайдаланады:

- АХАТ ақпараттық жүйесі;

- жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер базасы;

- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің базасы;

- Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімі.

Агенттік өкілінің айтуынша, мұның барлығы ақпарат алуға және төлем үшін туыстары мен асырауындағы адамдарды табуға мүмкіндік береді.