Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Қарағанды облысында көшпелі отырыс өткізді.
Депутаттар Қарағандыда әлеуметтік мекемелердің жұмысын тексерді
806
оқылды

Депутаттар облыс тұрғындарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін нысандар – балалар үйлері, мектеп-интернаттар, арнайы емдеу мекемелерінде болды. Бұл туралы Aikyn.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

 Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов депутаттардың әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасына бастамашылық жасағанын атап өтті. Оның негізгі мақсаты – арнаулы әлеуметтік қызметтердің бірыңғай стандарттарын жасау және білікті кадрлар тапшылығы мәселесін шешу.  – Заң жобасы мұндай ұйымдарды лицензиялау, олардың басшыларын ротациялау стандарттарын қарастырады және қамқоршылық кеңестер басшыларына қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу тетіктерін айқындайды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарды бейнебақылау жүйесіне қосу, бұл ұйымдарда тамақтану нормаларын анықтау мен қолданудың ашықтығын қамтамасыз ету, – деді комитет төрағасы.

Отырысқа Мәжіліс депутаттары – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту вице-министрлері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларының және өңірлік әлеуметтік бағдарламалардың өкілдері, ғылым, қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар қатысты. Олар саланы жеткіліксіз қаржыландыру, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі мен қаржы құралдарының жариясыздығы сынды негізгі проблемаларға тоқталды. 

«Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Ләзат Нұрқатова әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеріп, біліктілігін арттырудың кәсіби жүйесін енгізу қажеттігін айтты.              – Төмен жалақы мен ынталандыру жүйесінің әлсіздігі кадрлардың жиі ауысуына әкеледі. Сонымен қатар кәсіби стандарттардың жоқтығы және кәсіп беделінің әлі де төмен болуы жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қызметтерінің тиімділігіне кері әсер етеді. Қолданыстағы білім беру бағдарламалары қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдардың түрлі тобымен жұмыс істеуде кәсіби жарамдылық, кәсіптік, цифрлық, коммуникативті дағдыларды ескере отырып, қайта қарауды талап етеді. Сондай-ақ оқу әдебиеттерін де жаңарту керек, – Л.Нұрқатова.

Жиын барысында «Лучик надежды» балалар мен мүгедектігі бар жандарға көмек көрсету орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Татьяна Кравченко ұсыныстарын айтты. Ол халықты әлеуметтік қорғауда көбіне шағымданушылардың арызы бойынша қызмет көрсетілетінін, ал ауылдық жерлерде халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудің тапшылығы өзекті боп тұрғанын атап өтті. 

– Қазіргі уақытта әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың көпшілігі ірі қалалар мен облыс орталықтарында орналасқан. Ауылдық жерде тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тек үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің қызметі ғана қолжетімді. Бірақ олар мүгедектігі бар адамдардың бастапқы кезеңде қоршаған ортаға бейімделуін ғана қамтамасыз етеді, – Т.Кравченко. Мәжілісмендер жаңа Әлеуметтік кодекс аясында 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы стандартын енгізу жоспарланып отырғанына және оның қолжетімділігі артатынына назар аударды. 

– Әлеуметтік кодексті жүзеге асыру үшін ел өңірлерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сыйымдылығы аз үйлер құру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Әлеуметтік қызмет көрсетудің барлық нысанына, әсіресе жеке ұйымдарға қатысты нақты заңнамалық талаптарды анықтау маңызды, – деді Асхат Аймағамбетов.

Отырыс барысында айтылған ұсыныстар тиісті министрліктер мен Мәжіліс комитетінің алдағы жұмысында ескерілетін болады. Депутаттар әлеуметтік қызмет көрсету саласын заңнамалық қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.