Сыр өңірінде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Жалағаш топырағында өткен торқалы той өзгеше өрнекте өріліп, қайраткер рухына құран бағышталды.
Сырбойылықтар тарихи тұлғаны ұлықтады
866
оқылды

Заманның қилы кезеңінде еліміздің рухани-мәдени жаңғыруына елеулі үлес қоса білген қайраткер Темірбек Жүрге­­­новтің есімі күллі Алаш жұрты­ның жа­дында сақтаулы. Небары 39 жыл дүние дидарын көрген дара тұлғаның қам­­­­шының сабындай қысқа ғұмыры өнегеге толы. 

Жалағаш ауданында өткен қайрат­­­­кердің 125 жылдығына арналған шарада ел болашағы үшін еміреніп өткен тұлға­­ның өмір жолы кеңінен сөз болды. Жүр­­­геновтанушы ғалымдардың пікір, па­йым­­­дары айтылды.

Ұлт қайраткерінің есімін ұлықтауда арнайы саябақ ашылып, жергілікті ха­лық­ты қуанышқа бөледі. Саябаққа тұл­ғаның еңселі ескерткіші орна­тылған. 

Саябақтың ашылу салтанатында Қы­зыл­­­орда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет айтулы шара­ны өткізуге ықпал еткен бірқатар аза­­мат­тарды аймақ басшысының алғысхатымен марапаттады.

«Темірбек Жүргенов – барша түркі әлеміне ортақ тұлға. Жазықсыз жаланың құрбаны болған қайраткердің ақтық демі түгесілгенше жүрегі елім деп соққаны тарих беттерінен белгілі. Бүгінгі ұрпақ­­­тары, яғни біздер қайраткер есімін ұлық­тап, жас буынның жадында жаңғыртуды азаматтық парызымыз деп білеміз. Осы орайда тұлға есімін ұлықтауда еселі ең­бек етіп жүрген «Темірбек Жүргенов» қо­­­ғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңса­тов, жүргеновтанушы ғалым Бауыр­жан Иманғалиевтің есімін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі туған топыра­­­­ғында тұлға есімімен ашылған саябақ сондай игі істердің бір парасы десек бо­лады. Бар­ша шараға қатысушыларға сәттілік тілей­мін! – деді Мейрамбек Зи­наб­динұлы.

Өз кезегінде қайраткер атындағы қор төрағасы Сәпен Аңсат пен ау­­дан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев шараның мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ел келешегі үшін елеулі еңбек сіңірген тұлғаны ұлықтап жатқан облыс және аудан әкіміне, бар­ша жанашыр азаматтарға алғыс­тарын жеткізді.

Жүргенов атындағы саябаққа 60 млн тең­генің үстінде қаражат жұмса­­­­лыпты. Демалыс орнының құрылыс жұмыс­­­тары сапалы жүргізілген. Сая­­­­­бақты абат­­­­­тан­­­­­дыру, көркейту-көгал­­­­­дандыру жұ­­­­мыс­­­тары да назардан тыс қалмай, тал­­­­­­дар мен жеміс ағаштары отыр­­­ғы­­­­зылыпты.

Тарихи тұлғаның туған жері, Т.Жүр­­­генов атындағы ауылда атқарылған игі істер мұнымен шектелген емес. Биыл ауылда ұзындығы 1,1 шақырымды құрай­­тын ішкі көшеге жай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған жергілікті қазынадан 15 млн  229 мың теңге қа­ралыпты. 

Ұлт қайраткерінің ауылда өткен ме­­­­рейтойы республикалық деңгейдегі түйе палуандардың қазақ күресімен және сөз маржанын терген ақындардың жыр мү­шәйрасымен жалғасын тапты. Палуандар додасында 20 қатысушы бозкілемде белдесті. 

Бұл күні қайраткер атындағы ауылда өткен өнегелі іс-шаралар береке мен ын­­­­­ты­­­мақтың үлгісін көрсетті. Ауыл ай­­­на­­­ласына 20-ға жуық киіз үй тігіліп, ән мен жырдың інжу-маржаны төгілді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы