Бас көлік прокуратурасы Air Astana, Qazaq Air және FlyArystan әуетасымалдаушыларының жұмысында көптеген өрескел бұзушылықты анықтады. Бұл туралы Kaztag.kz сайты хабарлайды.
Air Astana әуекомпаниясына 7 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынды
1,991
оқылды

Әуекомпаниялар негізсіз баю мақсатында бағаны өсірген.

"Air Astana және Qazaq Air әуекомпанияларынның көлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларының 2-тарауы  5-тармағының талаптарына қайшы әуекемесінің есептелген сыйымдылығынан тыс билеттерді сату практикасы таратылған. Сондай-ақ халықаралық бағыттардағы арнайы тарифтер бойынша балалар билетін ересектер билетінің құнымен сатқан, ал кәмелетке толмаған жолаушыларға 50% жеңілдік көзделген", – делінген Бас көлік прокуратурасының анықтамасында.

18 тамызда кәмелетке толмаған жолаушыларға бірқатар шектеуі бар "Лайтс" арнайы тарифі бойынша Qazaq Air әуекомпаниясының рейсіне 119 699 теңгеге "Астана-Баку" бағыты бойынша билет сатып алынды. Осындай заңбұзушылықтар FlyArystan әуекомпаниясынан да анықталған.

Аталған фактілер бойынша әуекомпаниялар прокурорлық қадағалау актісі негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасы Qazaq Air әуекомпаниясынан әуе жолаушыларының құқықтарын сақтау бойынша талдау нәтижелерінен қосымша алымдардың заңсыз алынғанын анықтады.

"Әуекомпания қосымша ақыға жүзеге асырылатын субсидияланған әуемаршруттар, оның ішінде "Астана-Петропавл-Астана" және "Алматы-Петропавл-Алматы" бойынша ұшақ бортындағы 1-ден 16-ға дейінгі қатарлардан жолаушыларға орын таңдау мүмкіндігін берді. Бұл ретте билеттер құнының қолданыстағы тарифіне қосымша қызметтер құны белгіленген", – делінген құжатта.

Прокуратура актісі бойынша қосымша алымдарды заңсыз алу жойылды.

Air Astana АҚ әуекомпаниясы авиаотын бағасының өзгермейтіндігіне қарамастан, жолаушыларға жанармай алымын негізсіз қолданған.

“Әуекомпания тасымалдау бағытына байланысты 3 500-ден 6 500 теңгеге дейін жанармай алымын алды. Бұл ретте қашықтық есепке алынбады. Себебі "Астана-Орал" және "Алматы-Орал" маршруттары бойынша отын алымы бірдей 6 500 теңге, бірақ қашықтықтағы айырмашылық 692 шақырым", –  делінген анықтамада.

Прокуратураның ұсынысы бойынша, әуекомпанияға 6,8 миллиард теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар прокурорлық қадағалау актісі бойынша Көлік министрлігі отын алымын болдырмау бойынша шаралар қабылдауда.