Жемқорлық жайлаған ЖОО-лар тізімін жариялады
Жемқорлық жайлаған ЖОО-лар тізімін жариялады
432
оқылды
Jas Otan бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. Онда студенттердің жа­тақ­ханаларда тұру жағ­дайына жүр­гізген мониторинг­тің қорытындысы, студенттер ара­сында жеке ЖОО-да сы­бай­­лас жем­қорлыққа қатысты «Таза сессия» атты жа­сырын сауал­наманың екін­ші ке­зеңінің нәтижелері жария­ланды. Jas Otan жастар қанатының дерек­тері бойынша, барлық облыстарда, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шым­­­кент қалаларында 645 сту­денттік жатақхана жұ­мыс іс­тейді. Оның 270-і жо­ғары оқу орын­­дарындағы, 375-і кол­ледж жа­нын­дағы жа­тақ­хана­лар. Жалпы, 2019-2020 оқу жылында 259 мың сту­дент, яғни Қазақстанның әр­бір төр­тінші студенті жа­тақ­­ха­надан орын сұраған. 169 мың студенттің өтініші қана­ғаттандырылды. Бұл жалпы өті­ніштердің 67%-ы болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылдың соңына дейін Қа­зақ­стан бойынша 75 мың орындық студенттік жатақхана нысандарын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Nur Otan партиясының Төрағасы негізгі мә­селелерді анық­тау үшін студент­тердің жатақ­ханаларда тұру жағдайын тек­серу міндетін қойды. Осыған байла­нысты Jas Otan Жастар қанаты­ның 2000-нан астам бел­сен­дісі 270 жатақханаға рейд жүр­гізді. Қазіргі кезде 375 жатақханада студенттердің тұру жағ­дайын тек­серу жұмыстары жалғасуда.    width= Жуырда жасотандықтардың жетекшісі ретінде еліміздің 5 ай­мағына барып қайтқан Елнұр Бейсенбаев ауыл жастарымен қалай жұмыс істейтіні жөнінде Jas Otan Жастар қанатының 5 жылдық «Жастар – Отанға!» бағдарламасында көрсетілгенін тілге тиек етті. Ол сонымен қатар Jas Otan-ның еліміздегі барлық аймақтарында бөлімшелері және қолдаушылары бар екенін, олармен әлі де көптеген жобаны жүзеге асыратынын айта келе, қа­зіргі кезде жатақханаларды не үшін тексеріп жатқанына тоқ­талды.
– Алматы қаласында 140 000-ға жуық студент бар, со­ның 80 мың­нан астамы басқа қа­ла­дан келген. Біз сол жастар­дың жатақхана мәселесін шешумен айналы­самыз. Биыл 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдар­ламасының екінші бөлі­гін жария­лап, сол жер­де ауылды кө­­теруге бағытталған жұ­мыстар­ды көр­сетеміз. Тексеріс кезінде жоғары оқу орындары мен колледждердің жанында жұ­мыс істейтін 66 сту­­денттік жа­­тақ­­ханаларда сту­дент­­­тер­дің тұру шарттары бойын­ша на­­ра­зылықтар бар еке­нін анық­­­тадық. Осы жөнінде бір­неше мысал келтіре кетейін. Алматы қаласындағы «Қайнар» университеті жатақханасының бөлмелері «Крыша» сайтында ашық хабарландыру арқылы бөтен тұлғаларға тапсырылған. Ал Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ уни­верситетінің №1, 2, 4 жатақ­ханаларындағы рейд барысында, бірқатар тәртіп бұзу фактілері анықталды. Онда асханада өлі тыш­қан та­былған. 1961 жылы са­лынған Нұр-Сұлтан қаласындағы Поли­тех­никалық колледждің жатақ­ха­­насының жағдайы да сын көтермейді. Аталған орында ұзақ уақыт жөндеу жұмыстары жүр­гізілмеген, – деді Jas Otan Жас­тар қанатының төрағасы Е.Бейсенбаев.
Тексеру нәтижесі бойын­ша Алматы, Шымкент қала­ла­рындағы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыс­тарындағы тұрмыстық жағ­дайы ең нашар 15 жатақхананың тізімі жарияланды. Брифингте Jas Otan Жастар қанатының төрағасы 2019 жыл­­дың 27 қарашасынан 2020 жыл­­дың 14 ақпаны ара­лы­ғында «Таза сессия» акция­сы­­ның екін­ші ке­­зеңі аясында сту­дент­тер ара­сын­да жеке ЖОО-да сы­байлас жем­қор­лыққа қа­тысты жасырын сауал­нама жүр­­гізіл­ге­нін айтты.
– Жасырын сауалнаманы Jas Otan Жастар қанатының хат­шылығы және өңірлік филиал­да­рының қызметкерлері респон­денттің таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде ЖОО аудиторияларында жүргізді. Сауалнама қатысушыларының орташа жасы – 19 жас. Респон­дент­тердің 95,2%-ы бакала­вриатта, 2,4% -ы магис­­тратурада, 0,2% -ы докторан­турада және 2%-ы интернатурада оқиды, – деді Елнұр Бейсенбаев.
ЖОО-да жемқорлық фак­тілерін анықтау мақсатында Jas Otan Жастар қанатының ұйымдастырған сауалнамасына Қазақстанның 15 аймағынан 20 710 студент қатысты. Сауалнама респонденттеріне 21 пәндік сұрақ қойылды. Анонимді сауалнамаға қатысқан студенттердің 12,5%-ы ЖОО-да жемқорлық бар деп жауап берді. Олардың ойынша, көбіне сыбайлас жемқорлық фактілері емтихан мен сынақ тапсыру кезінде кездеседі екен (23,8%).  width= Сауалнама қорытындысы сту­денттердің түрлі пікірін анықтауға мүмкіндік берді. Жастар жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері: студенттердің оқуға деген қызығу­шылығының төмендігінен, оқы­ту­­­шылардың еңбекақысының аз­­ды­ғынан, кәсібиліктің төмен бо­луы­нан, студенттерге/оқыту­шы­­ларға жұмыстан тыс тапсырма­лар­дың көптігінен, оқу процесінің нашар ұйым­дастырылуынан, бақы­­лаудың нашарлығынан, жатақханада орын жетіспеуінен, әскери кафе­дра­ға орындардың шектеулі болуы­нан туындап отыр деп санайды. Кездесу соңында Jas Otan Жастар қанатының төрағасы «Таза сессия» акциясының нәти­желері еліміздегі жоғары оқу орын­дарында сыбайлас жем­қор­лықтың белең алғанын және ол пара алатындар үшін ғана емес, өз мақсатына қол жеткізу үшін оны беретін адамдарға да тиімді екеніне тоқталды. Айта кетейік, бұған дейін осы мәселе ағымдағы жылдың ақ­пан айында Nur Otan партия­лық бақылау комитетінің отыры­сында талқыланған еді. Сол жиында комитет мүше­лері Білім министрлігінің студент­терді, ма­гистранттар мен док­торанттарды жатақханамен қам­та­масыз етуге бөлінген бюджет қара­жатының тиімсіз игерілгенін атап өткен болатын.   Абылайхан ЖҰМАШ