Ақмола облысында аяқ астынан баланың тісі ауырса емдететін жер жоқ.
Тіс емдету үшін 450 шақырым жол жүрген тұрғын облыстан балалар тіс дәрігерін таба алмады
1,585
оқылды

Бурабай ауданының орталығы – Щучинск қаласының тұрғыны Нәдия Сүйіндікова өңірде тіс дәрігерінің жоқтығы зардабын өз басынан өткеріп, жанайқайын жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Өңірде балалар тіс дәрігерлерінің тапшылығын ақмолалықтар көптен бері көтеріп келеді. Алайда күні бүгінге дейін мәселе шешімін таппай келеді. Баласының тісі бір-ақ күнде ісіп кеткен Нәдия Сүйіндікова ауруханалардан дәрігер іздеп 450 шақырым жол жүріп әзер дәрігер көмегіне қол жеткізгенін айтады. 

– Күні кеше кешкі сағат жеті жарымдар шамасында 4 жастағы ұлымның жағы күп болып ісіп шыға келді. Щучинсктің аудандық ауруханасында стомотолог дәрігерлер жоқ. Дереу облыс орталығы – Көкшетау қаласына  тарттық. Өйткені облыстық ауруханада кезекші тіс дәрігері боларына сенімді болдық. Қалаға кіруге таяу қалғанда шамамен сағат 20.50-де қабылдау бөліміне хабарласып жағдайды түсіндірдім. Ондағылар дәл сол сәтте дәрігердің жоқтығын, тістің ауруын басатын дәрі қабылдап, ауызды шайып таңды күтуімізді сұрады.

Уақыт жоғалтпастан көпбейінді облыстық ересектер ауруханасына бардық. Бірақ олар баланы қабылдауға лицензиясы болмауына байланысты баланы тіпті қабылдаудан да бас тартты. Бұдан кейін кешкі сағат 21.45-те Көкшетаудан Астанаға жол тарттық. Түнгі бірде әупірімдеп Астанаға жеттік. №2 қалалық балалар ауруханасына барып, сонда бізге көмек көрсетті. Щучинск қаласында да, Көкшетау, Макинск, Ақкөл қалаларында да кезекші тіс дәрігері болмай шықты. Аталған елді мекендердің бәрін біз тісі қақсап ауырған баламен көмек алу үшін айналып шығуға тура келді. Неге біз қарапайым тіс емдету үшін 450 шақырым жол жүруіміз керек? – дейді ашынған ана Нәдия Сүйіндікова. 

Мәселе жөнінде облыстық балалар ауруханасы жауап берді. Емдеу мекемесінің хабарлауынша, тіс дәрігерінің өзі науқастанып қалған. 

– Баланың анасының айтуынша, 24 қыркүйекте баланың жағы ісіп, ауыра бастаған. Көкшетау қаласына келгенде ата-анасы қабылдау бөліміне телефон арқылы хабарласып онда балалар стомотологының жоқ екенін айтқан. Бірақ олар балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің көмегіне жүгінбеген. Бұдан кейін облыстық ауруханаға барғанымен балалар мамандарының болмауына байланысты көмек беруден бас тартылған. Одан әрі ата-анасы өз бетінше Астана қаласына барып көмек алған. Ауруханада шұғыл стомотологиялық көмек тұрақты түрде көрсетіледі. Көмек көрсетуден бас тарту болған жоқ.

Балалар тіс дәрігері жоспарлы және шұғыл емделушілерді таңғы 8.00-ден күндізгі 14.00-ге дейін, сенбі күні күндізгі 12.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қабылдайды. Алайда, 19 қыркүйектен бастап тіс дәрігеріміз науқастанып қалып, еңбекке жарамсыздық парағын ашқан. Қабылдау бөлімі тәулік бойы қызмет етеді. Ауруханада барлық қажетті көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда жақ хирургы қарайды. Аурухана дәрігерлерімен телефон бойынша ақпарат ұсыну фактісі бойынша әңгіме өткізілді. Аурухана әкімшілігі аталған мәліметті қаперге алып әрі қарай медициналық көмек көрсету сапасын жақсартатын болады, – деді Ақмола облыстық балалар ауруханасының өкілі. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы