Жеке инвестициялар тарту арқылы 20 заманауи көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр.
Былтыр денсаулық сақтау саласына 540 миллион доллар инвестиция салынған
980
оқылды

Үкіметте ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Қазақстанның денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Кейінгі жылдары Қазақстанда денсаулық сақтау саласында ауқымды реформа жүргізіліп жатыр.

«Жалпы, Үкімет 2027 жылға қарай медицина саласын қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізе отырып, аталған саланы дамытудың тұрақты моделін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған орай біз инвестициялар мен озық технологиялар тартуға мүдделіміз», – деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, өткен жылдың қорытындысына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі шамамен $540 млн-ды құрап, 30%-ға өсті.

Сонымен қатар кейінгі 7 жылда фармацевтика нарығының көлемі 2,9 есеге артты.

Медицина инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылданып келеді.

Мәселен, ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша жеке инвестициялар тарту арқылы 20 заманауи көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны пайдалануға беріліп, 32 көпбейінді аудандық аурухана жаңғыртылады.

Премьер-министр Үкімет мемлекеттік қолдау шараларының пакеттерін ұсына отырып, фармацевтикалық индустрияның әлемдік ірі өкілдерімен де белсенді іскерлік байланыстарды арттыратынын атап өтті.

«Дәрілік заттарға сұраныстың артуы аясында денсаулық сақтау саласының, оның ішінде фармацевтика өнеркәсібінің даму әлеуеті өте зор», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.