Әншінің қорғаушысы ол көлік тізгіндеген кезде ешқандай есірткі қолданбағанын, тіпті сараптама қорытындысында да есірткі жоғы анықталғанын айтты.
Төреғали Төреәлінің адвокаты оның есірткі қолданбағанын айтып, мәлімдеме жасады
3,415
оқылды

Әнші Төреғали Төреәлі Алматы көшелерінің бірінде ұсталған еді. Massaget.kz тілшісі өнер иесінің адвокаты Эльнура Кишкенебаевамен сұхбаттасып, бірқатар сұраққа жауап алды. 

Әншінің қорғаушысы ол көлік тізгіндеген кезде ешқандай есірткі қолданбағанын, тіпті сараптама қорытындысында да есірткі жоғы анықталғанын айтты.

"Есірткі қолданған жоқ. Ол әңгіме полиция тарапынан сүйене отырып айтылған. Бірақ сарапшының берген қорытындысымен біз келіспей өзіміз тағы жеке сараптама тағайындадық. Ол қорытынды бойынша ешқандай есірткі жоқ екенін біз анықтадық. Жаңадан ашылған мән-жәйлар бойынша сотқа талап арыз береміз. Бұл жөнінде алдағы уақытта қарастырамыз", – дейді қорғаушы.

Адвокат Эльнура Кишкенебаева 40 сағаттық жұмысқа тарту жазасымен келіспейтіндерін айтты. 

"Тағылып отырған айып билік өкілін қорлау. Дегенмен менің қорғауымдағы азаматтың іс-әрекеті билік өкілін қорлау болып табылмайды. Билік өкілдеріне қарсы ешқандай қорлау іс-әрекеттерін байқаған жоқпыз, көрген жоқпыз. Тіпті менің қорғауымдағы азаматты полиция қызметкерлері тоқтатқан кезде ол көлігінен түсіп «Ассалаумағалейкүм» деп амандасқан. Егер қорлау, балағат болса ол солай құзырлы орган өкілдіріне сыйластық танытар ма еді? Бейнежазбаларды біз сот барысында көрдік, бірақ олай айтылған, қорлау сөздерін байқамадық", – дейді Эльнура Кишкенебаева.

Ол тергеу кезінде көптеген уәж айтылмағанын жеткізді.

"Тергеу кезінде айтылмаған уәждер көп. Полиция тарапынан берілген бейнежетондар. Олар ондағы видеодан өздеріне ұтымды жағын көрсеткен. Ал бізге ұтымды жағы дұрыс көрсетілмеген. Сотта біз бейнежазбаларды сұратқан кезде нақты полиция тарапынан заңсыз іс-әрекеттерін байқадық", – дейді ол.

Сондай-ақ, қорғаушы сот толық аяқталмағанын айтты.

"Сот мұнымен толыққанды аяқталған жоқ. Алда әлі апелляциялық шағым түсіруге әбден құқығымыз бар. Біз қорғауымыздағы азаматты ақтап, оның ешқандай кінәсі жоқ екенін дәлелдеп шығуға әрекет жасаймыз", – дейді ол.

Адвокат өнер адамдарын қорғау қиын емес екенін де жеткізді.

"Өнер адамына адвокат болу қиын емес. Олда өзіміз секілді қарапайым адам. Ешқандай еркелігі жоқ. Барлығын өз ретімен қабылдап отырды. Кеткен қателіктері болса, жазасын өтеп отырды. Заң бәріне ортақ екенін ол жақсы біледі. Заңға бағынады. Ал тікелей мына қылмыстық іс бойынша келіспейтін тұстарын айтып өтті", – дейді адвокат.

Айта кетейік, Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған болатын. Кейінірек оның есірткіге мас болып ұсталғаны белгілі болды.