Желіде пайда болған ақпаратта клуб футболшылары 7 айдан бері жалақы көрмегендіктен премьер-лига клубтарының ойындарына бойкот жариялауға ниеттенгені айтылған.
Көкшетаулық «Оқжетпес» клубы бойкот жариялай ма?: Клуб басшылығы жауап берді
1,370
оқылды

Көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубының футболшылары 7 ай бойы жалақы алмағандықтан премьер-лигалық клубтар арасындағы ойындарға бойкот жариялауға ниетті деген ақпарат match.kz инстаграм парақшасында жария болып қоғам арасында үлкен резонанс тудырған. Алайда, аталған футбол клубы мен облыс әкімдігінің баспасөз қызметі аталған ақпаратты жоққа шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Желіде пайда болған ақпаратта клуб футболшылары 7 айдан бері жалақы көрмегендіктен премьер-лига клубтарының ойындарына бойкот жариялауға ниеттенгені айтылған. 

«Футболшылардың отбасы, қарыздары мен несиелері бар. Бірақ бұл ешкімді алаңдатпайды. Оларға үнемі мәселені шешуге уәде бергенімен бәрі құр сөз жүзінде қалады. Облыстық спорт басқармасында ертең футболшылардың жалақысын шешуге уәде берілген. Егер жалақы берілмесе олар жаттығулар мен ойындарға бойкот жариялайды», – делінген хабарламада. 

Футболшылардың қаржылық қиындықтарының бар екенін футболшылардың «Ақсу» клубымен жеңісті ойынынан кейін баспасөз мәслихатын өткізген клубтың бас жаттықтырушысы Андрей Ферапонтов та мойындаған. 

"Иә, футболшылардың қаржылық қиындықтары бар. Дегенмен соған қарамастан бүгін «Ақсу» футбол клубымен ойында жеңістерімен қуантып отыр. Қаржылық қиындықтың салдарынан қойылған мақсат пен нәтижеге жетуге де кедергісін тигізіп тұр", –  деді Андрей Ферапонтов.  

Клуб басшылығы желіде таралған футбол клубының премьер-лига ойындарына бойкот жариялауға ниетті екені туралы мәліметтің шындыққа еш жанаспайтынын мәлімдеді. 

Желіде «Оқжетпес» футболшыларының премьер-лига командаларының ойындары мен жаттығуларына бойкот жариялайтыны туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Клуб ойыншылардан ешқандай жекелей яки ұжымдық арыз-шағым түскен жоқ. Тіпті жаттығулар мен ойындарға бойкот жариялау туралы өтініш те болған жоқ. Қазір команда «Атырау» футбол клубымен 24 қыркүйекте 15.00-де «Астана-Арена алаңында өтетін ойынға әзірленіп, жаттығуларын жалғастырып жатыр, – деді «Оқжетпес» футбол клубының басшылығы. 

Дегенмен футбол клубы футболшылардың жалақысы уақытында түспей қиындықтар болып жатқанын мойындады. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ