Бүгінде блогерге айналған диетолог Салтанат Болатбекқызы ата-бабамыздың тамақтану салтын сақтап-ақ арықтап, денсаулықты жақсартуға болатынын насихаттап жүр.
Салтанат Болатбекқызы: Қазаққа авокадо емес, сарымай мен қойдың құйрық майы пайдалы
2,138
оқылды

Оның айтуынша, қазаққа ет-сорпа, қазы-қарта, жал-жая, құрт жеп денсаулығын түзеп, иммунитетті көтере алатынын айтты. 

«Бізде дұрыс тамақтану туралы жансақ пікір қалыптасқан. Мысалы, көбіне тропикалық жеміс-жидек, шөп-шалам жеу керек деп ойлайды. Бірақ бізге Еуропаның диетасы, Американың өмір сүру салты мүлдем келмейді. Сондықтан денсаулығымызды жақсартқымыз келсе, ата-бабамыздың тамақтану салтына көшуіміз керек. Қазаққа ет пен сорпа, қазы-қарта, жал-жая, құрт жеп жүріп, денсаулықты мінсіз ете аламыз» деген диетолог мөлшермен әрі дұрыс тамақтанса, денсаулықты түзеуге болатынын сөз етті.

– Өзгелердің тамақтану әдебі – бізге зиян.  Себебі  тамақтануға байланыста әр адамның генінде код болады. Яғни, сен қай жерде туып-өстің, сол жердің немесе сол ұлттың тамағы сенің бойыңа күш-қуат береді. Сондықтан ағзаға қажетті дәруменнің бәрі өзіміздің ұлттық тағамымызда бар. Бүгінде соның қадірін көпшілігі біле бермейді. Керісінше, денсаулыққа пайдалы деп креветки, брокколиді ұнатпаса да жеп жүргендер аз емес. Кейбірі баланы «дұрыс тамақтануға үйретемін» деп картоп, сәбізді суға пісіріп немесе нанға авокадо жағып, оның аузына тығып, қинап беріп жатады. Алайда құрамында қанша құнды май болса да, оның бізге сіңуі өте қиын. Жалпы, авокадо қазаққа мүлдем сіңбейді. Ең қызығы, бұл – ғылыми түрде дәлелденген ақпарат. Бұған қарағанда қолдың сарымайы мен құйрық май генімізге, яғни қанымызға жақын. Қазақы тамақтануды әдебіңізге енгізсеңіз, авокадосыз да әдемі боласыз. Ал құрттың өзі біз үшін табиғи кальций. Сол үшін әрбір қазақ қазақы тамақтану әдебіне көшсе, денсаулығын түзеп қана қоймайды. Өмір сүруі де қолайлы әрі жеңіл болады, – дейді Салтанат Болатбекқызы.

Диеотолог маман Instagram-дағы парақшасында сонымен қатар ата-аналарға балаларына қазы-қарта, жал-жая беріп үйретуге кеңес береді. 

«Баланың қанында, яғни генінде жоқ нәрсені күштеп жегізудің қажеті жоқ. Өзіміздің үйренген қазы-қарта, жал-жаядан салат жасап берсе, керісінше сол тағамға ол да тез үйренеді. Қазақы дұрыс тамақтану өзіңізге де, балаңызға да өте жайлы болар еді. Себебі біз геннен алыс кете алмаймыз. Шетелге еліктеудің еш қажеті жоқ», –­ деді ол.

фото: ozgepikir.kz