Жуырда отандастарымыз Халықаралық қарттар күнін атап өтті.
«AMANAT»: «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы жалғасады
1,484
оқылды

Жуырда отандастарымыз Халықаралық қарттар күнін атап өтті. Осы орайда, «AMANAT» мүшелері «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ел аумағында түрлі акция өткізді.

Мәселен, Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласындағы Ардагерлер үйінде зейнеткерлер арасында шахмат пен дойбыдан чемпионат ұйымдастырылды. Оған Түпқараған ауданының 20 тұрғыны қатысты. Сондай-ақ, ақсақалдар партиялықтарға бірқатар ұсынысын жеткізді.

«1892 жылы қала атауы Ақкетік болған еді. Біз ономастикалық комиссияға өтініш айтып, тарихи атауды қалпына келтіруді сұрадық. Алайда бұл мәселенің әлі де шешімі табылған жоқ. Партия көмек көрсетеді деген үміттеміз. Сонымен қатар, аудан орталығынан Таушық ауылына апаратын жол құрылысы бірнеше жылдан бері аяқталмай жатыр. Сол жұмысты да мүмкіндігінше жеделдетуді сұраймыз», – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Сүйеубаев.

Айта кетейік, 2021 жылы пайдалануға берілген Ардагерлер үйінің құрылысына Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев демеушілік еткен болатын.

Түркістан қаласында партиялықтар облыстық ардагерлер кеңесімен бірге әлеуметтік дүкен ашты. Онда аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер және өзге де әлеуметтік жағдайы осал азаматтар киім-кешек пен тұрмыстық заттарды тегін ала алады. Дүкен демеушілердің қаражаты есебінен жұмыс істейді. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев жұмыс істеп, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген ақсақалдарға алғыс хат табыс етті.

Таразда партиялықтар 83 жасқа толған Қалипа Сақыпованы құттықтап барды. Ол өмірінің ондаған жылын сауда саласына арнап, бірнеше рет ҚР Сауда министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, «AMANAT» мүшелері қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген 80 жастағы Людмила Чекалинаның шаңырағында болды. Зейнеткер қалалық ардагерлер кеңесінің мәдениет, спорт және ұлтаралық қатынасты нығайту жөніндегі комиссиясын 20 жылдан бері басқарып келеді. Сонымен қатар, партиялықтар өмірде де, әдебиет айдынында да жұп жазбай келе жатқан Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованы мерекемен құттықтады. Барлығына естелік сыйлықтар табысталды.

«Біз – тәуелсіздік пен береке-бірліктің несібесі бұйырған, тарихы терең, тағылымы мол халықтың ұрпағымыз. Аға буынның қажырлы еңбегінің арқасында еліміз көп жетістікке қол жеткізді. Оны әр азамат білуі және құрметтеуі керек», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов.

«AMANAT» партиясы аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау мақсатында 2014 жылдан бері «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында ел аумағында 51 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Онда қарттардың белсенді өмір салтын ұстануына, физикалық және психологиялық денсаулығын жақсартуына, әңгіме-дүкен құрып, өзін-өзі дамытуына көп мүмкіндік жасалды.

Биылдың өзінде «AMANAT» партиясының мүшелері 20 мыңға жуық зейнеткерге атаулы көмек көрсетіп, 41 мыңға жуық қарияға үйде медициналық қолдау ұйымдастырды. Қоғамдық комиссиялар мемлекеттік және жеке медициналық-әлеуметтік мекемелерде қарттарға жасалған жағдайды қадағалап, 303 рейд жүргізді.

«AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасында айтылғандай, қариялар лайықты зейнетақы алуы керек. Олардың жақсы тамақтануға, сапалы және қолжетімді ем алуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндігі болуға тиіс.