Тағы да Алматыға жол түсті. Кемел Тоқаев жайында ха­лық­аралық ғылыми-прак­ти­калық конференция. Сөз сөй­леуім ке­рек. Тағы да шақырту алдым.
Жанрын тапқан жазушы
2,064
оқылды

Жол-жөнекей ойға батып келемін. Халықаралық ғылыми-теориялық кон­­­фе­­ренция жазушы Кемел Тоқаевқа ар­­­на­­­лады. Кемел Тоқаев кім? Жазушы. Қан­­­дай жазушы? Конференцияда осы сұ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­раққа жауап бергім келеді.

Кемел Тоқаев – «буыны бекімей жа­тып» Ұлы Отан соғысына қатысқан жауын­­­гер. Қан майданда балаң шақта қамқор болатын Қасым ағасынан, қан­шама қарулас досынан айырылып, жаны жү­деп, жан дүниесі жадау тартып оралған сынық адам еді. Балалық шағының өзі «тұл жетім» болып жетімсіз «ШКИД-тік ин­тернатта» (Л.Пантелев) өткен, көңілі қаяулы бозбаланың балаң арманын соғыс өрті жұтып алып, жойып жібер­­­ген­­­­­­дей еді. Осындай жадау жанды жауын­­­­­­­­­­­­­­­­­­гердің қан майданнан аман ора­­­лып, балалар баспа­­­­сөзінде алдымен қос­шы, соңынан басшы болып қатарға тұ­­­рып қаламымен еңбек етуі оның ар­­­­­­­­­­ма­­­­­­­­нын қайта үкілегендей бо­лып шық­ты. Өзі балалық кезеңде бас­­­­тан кешкен қатал тағдырды, қан майданда «мың өліп, мың тірілген» бастан кешулер­­­ді жаны шырқырай ой елегінен қайта өт­­­кізуі өз алдына, ол бастан кешулерге ба­­­­ла­­ның көзімен қарап, баланың көр­­­кемдік қабылдау ерекшелігіне орай әң­­­гімелеп беру талабы тұрды жас журна­­­лист алдын­да. Ол очерк, жолжазба, қыс­­­қа сю­­жетті дү­­ниелер жаза бастады. Әде­­­биетке осылай журналистикадан, ба­­­­­­­ла­­­­­­лар әдебиетінен келді деуге болады Ке­мел ағаны.

Балалар әдебиеті – өте кең ұғым. Адам­­­ның өмір жолы балалықтан баста­­­латыны секілді, Адамзат үшін дүние­­­та­­­­ным балалар әдебиетінен басталады. Бар жанр туындылары әуелде балалар әдебие­­­­тінен басталған. Бүгінде ерекше­­­леп ай­­туға болатын фантастика, детек­­­тивтік шығармалар да балалар әдебиеті­­­нің ішін­­­де қалыптасып, кейін та­­­­биғатына орай бөлініп дербес отау болып шыққан жанр үлгілері. Соғыс көріп, жадау тарт­қан жа­­­нын балалар әдебиеті арқылы қай­та мар­­­қай­­­­тып, өмірге, тіршілікке Ба­­қыт көзімен қарай бастаған жас журна­­­лист-жазушы­­­­ның ендігі арманы өзі бас­­тан кешкен Үлкен тағдыр сабағын өткір сю­­­жет өріп, қимыл-қозғалысқа салып қы­­­зықтыра әңгімелеп беру. Қазақ әде­­­бие­­тінде ішін­­­ара төбе көрсетсе де, жеке жанр болып жүл­­геленіп, дербес арна тар­­­та қой­маған де­тективтік шығарма жа­рату жо­­­лына жас жазушы осылай келіп түссе керек.

Түрлі саяси мемлекеттік қызмет ат­қара жүріп, Кемел Тоқаев осы жанрда бір­­­­сы­­­пыра шығарма туғызды. «Заман­­­дастар сыры» аталатын топтамасы «Жур­­­на­­­листің қойын дәптерінен» деген қо­­­сымша атаумен берілген еді кезінде. «Жа­­­­­зушының қойын дәптерінен» оқыр­­­манды ойға салады. Демек, жауынгер Ке­мел Тоқаев толарсағынан қан кешіп жүріп те «қойын дәптер» ұстаған деген сөз. Демек, Шымкентте интернатта жа­­­зу­­­шы (мүмкін журналист) болсам деген балаң үкілі арманын ол аспаннан оқ жау­­ған отты күндерде де есінен шығар­­­маға­­­ны. «Жолда», «Алғашқы кездесу», «Қа­­­сиет­­­ті қала», «Жұмбақ қыз», «Ала киім­­­ді адамдар», «Алғашқы адым», «Біздің жетекшіміз», «Арнаулы тапсырма», «Кек алушылар», «Қар үстіндегі қан», «Ирина» операциясы», «Жағадағы жалау», «Пар­­­тизандар соқпағымен» – соғыс күндері күн­­­деліктерінен туған очерктер. Кейбі­­­рін сұрапыл соғыс жылдары қойын дәп­те­­­ріне түсірген деректер бойынша жаз­­­са, кейбірін өзі жүріп өткен Ресей жері, Ук­­­раин жұртына сұрапыл ізімен қайта ба­­рып, қайыра жүріп өтіп, көзкөр­­­ген­­­дермен қайта табысып, көздеріне жас ала отырып сырласып барып жазған очерк­­­тері. Очерк десе көркем дүние еместей мұрын шүйіріп қарайтын әдет таптық бү­­­гінде. Орыс әдебиетінің «алтын ғасы­­­рын» жасаған ХІХ ғасырдан небір өлмес, өшпес көркем шығармалардың бүгінге шалдықпай жетуін мәртебе санайтын біз сол асыл көр­кем шығармалармен бірге Энгел­­­­гардт­­тың көркем очерктері, В.Бе­­­лин­­­скийдің орыс әдебиеті жайындағы поэ­­­­зия­­­­ға бергісіз сын мақалаларының да дін аман жеткенін ескермейміз. Орыс әде­­бие­тіндегі «деревенская проза» кол­­­хоз председателі Овечкиннің өміршең очерк­­терінен бастау алғанын да ұмытып кете береміз. Осындай ой ағынымен қарағанда Кемел Тоқаевтың көбіне май­­­дан шынды­ғын шымырлатып сыр ғып шертіп, кейіп­керінің әрбірін тағдыр тұ­­­тып талдап бере­тін сырлы очерктерін сын­­дарлы ғұмырлы дүниелер қатарына қосамын. Адами құндылықтарға суарыл­­­ған, адамгершілік мұраттар жырланатын ол очерктер жазу­шының өзге деректі көр­­­кем детектив­­­­тік шығармаларынан бір елі де кем соқ­пасына мен кәміл. 

«Түнде атылған оқ», «Сарғабанда бол­­­­­­­­ған оқиға» – тың жанрда туған шы­найы, қызықты детективтік шығар­ма­­лар. Жан­ры – хикаяттар. «Солдат соғыс­қа кет­ті» – автобиографиялық шығар­­­ма секілді бас­талып, бір тараудан соң қасі­­ретті қан майданның шынайы көркем шежіресіне айналады. «Солдат күнде­­­лігінен». Бір та­­рауы осылай аталады. Бұл әрі форма. Әрі деректі хроника талабы. Бірінші бөлімде еске алу арқылы Мұха­мед бір Әулеттен қалған жалғыз тұяқ еке­­­нін айтады. Жал­­­­ғыз тұяқпын деп жан сақтап бұғып қал­май, неміс фашизмінен кек алу мақсатын­да майданға аттанады. Соғыс хроникасы. Адамдар тағдыры. Көр­­­кем ойлы көсем әдебиет сыншысы Шерияз­дан Елеукенов жазушының бұл шығар­ма­­­­сын Виктор Некрасовтың «Ста­лин­град окоптарында» романымен үн­­­дес­­­­­­­ті­­­реді. «Окоптан жа­зылған репор­­­таж­дай оқылады» дейді. Виктор Нек­расов кім? «Әдебиет және искусство» журналы­­ның 50-жылдардағы нөмірлерін парақта­саңыз, Виктор Некра­совтың «Сталин­­град окоптарында» ата­латын репор­­­таж-­романын Тахауи Ақта­новтың ау­­­дармасында кездестіресіз. Вик­тор Нек­расов шығармасында қара­пайым репортаждық стильде жазып-ақ біз «Ұлы Отан соғысы» деп әлдеқандай қылатын соғыстың қанды қырғын әді­летсіз соғыс екенін қатал реализммен ой, әшкере­­­лейтін, ой, әшкерелейтін. Мәскеу «бө­­жек» көрді шығарманы. Жазушы қуда­­­лауға түсті. Қазақша кітап болып шық­­­­­­­­­қа­­­­­­­лы тұрған аударма қалт тоқтады. Бұл күнде Тахауи активіне кірмейді ол ау­­дарма... Шерияздан аға Кемел Тоқаев­­тың «Солдат соғысқа кетті» романын Виктор Некрасовтың романымен өте орынды салыстырады. 

Будан жанрда туған бұл шығарманың жан жүрегі – Адамгершілік деп соғады! Қо­ғамның басты байлығы – Адамның соғыста қалай қор болғанын, қандай қа­­­сі­­­рет шеккенін шынайы жеткізеді жа­­зушы. Қазақ кейіпкері Мұхамед елінің, жұртының жомарт бейілін бойына көші­­­ріп алған. Қан майданда жүріп те адам­­­гершілік ұғымын бойтұмардай тағы­­нып алып, өзі өзегі талып аш жүріп те айна­­­ласына бір үзім нанын үзіп беріп, қам­­қор­­лық жасаудан танбайды. Пауль, Све­та эпизодтары, туған күн жайында фи­­­­ло­­­­­­софия – Мұхамедті қызықты көр­кем образ биігіне көтереді. Соғыс қасі­­реті болып шыңғырып сөйлейтін шы­­ғарма Жер бетіндегі Адамзатқа «Енді со­­­­­­ғыс болмасын!» деп бірауыздан үн қа­та­­­ды. Шерлі шежіре ғана емес, адам­заттық гуманистік талап! Шығар­­­маны күшті ететін осындай адамгершілікке суарылған гуманистік ой! 

Сүбелі шығармасы – «Соңғы соққы». «Соңғы соққыны» тарихи роман деуге де, деректі детективтік роман деуге де то­­­лық негіз бар. «Соңғы соққы» Кемел Тоқаев­­­­тың соңғы романы деуге болады. Шы­ғар­­ма тақырыбы – Жетісу өңірінің ревко­­­мы­­­ның Ақ гвардияшыларға қарсы күресі жайында. Берісі Аненков, әрісі Дутов ар­миясына қарсы күресті Жетісу губер­­­ния­сы бойынша басқарушы Ораз Жандосов, Шагабуддинов. Ал Жаркент өңірінде осы бір ірі операцияны жүзеге асырушы – жергілікті миллиция бас­шысы Қасым Чанышев.

Аталмыш шығарманы кезінде Жү­сіп­­­бек Арыстановтың «Сұңқар да жерді ме­­кендейді» аталатын деректі шығарма­­­сымен, алтай жазушысы Шот Ен­­­­­­чи­­­­новтың «Ақ гвардияшылар» атала­тын шы­ғармаларымен салыстырып оқып шық­қаным бар. Жазушы Жүсіпбек Арыстанов шығармасы негізінен Ораз Жандосов өмірін, Жетісу өңірінде Кеңес үкіметін орнықтыру жолында қазаққа жасаған жақсылығын тәптіштей сурет­­­тейді. Та­­рихи тамыры туыс алтай жа­­­зу­шы­­­сы Шот Еншінов өз шығар­­­ма­сында қазақ жеріне басып кірген атаман Анен­­­ков отрядының жайын көбірек күйт­тейді. Өйткені Атаман Аненков от­рядында Ал­­­­тай нәсілді бір азамат қатысқан екен. Ал Кемел Тоқаев «Соңғы соққы» атала­­­тын романында негізінен, Жаркент өңі­рі­­­нің милиция басшысы Қасымхан Чаны­­­шев образы арқылы келеді. Алғаш­­­қы екеуі кешегі кеңес әдебиетінің әңгі­­ме­­­леу, баяндау үрдісінде жазылған. Ал Ке­­­мел Тоқаевтың «Соңғы соққы» ро­­­маны тари­­хи дерек, рев­­ком ақпарат­­­та­­­рына құрыл­­­ған, мәсе­­­леге милиция бас­­­шы­­­сының жан­­қиярлық ерлігі, опе­­ра­­­­цияны жүзеге асыруда тап­қырлығы арқылы келетін, солай ше­­шетін, ширақ сюжетті, кең ты­­­ныс­ты, ішкі иі­рімдері бай тарихи деркті де­тек­­тивтік мінездегі кең полотно дер едім.

Тарихи шығарма кешегі күндері қа­­­зақ әдебиетінде көп жазылды. Тәуел­­­сіз­­­діктен кейін тіпті тақырыпты тоқтата алмай қалдық. Тарихи романға айнал­­­маған та­­­­рихи тұлға қалмады бүгінде. Оған да қарсы болмас едік. Тек тарихи тақырыпқа деген қызығушылық, жазу­­­шылық құл­­­шыныстан тарихтан әдебиет жасау ор­нына, әдебиетті тарихқа айнал­­­дырып жіберуге шақ қалдық. 

Осындай жағдайда бұрын жара­­­тыл­­­ған, бұрын жазылған тарихи шығар­­­малардың біразы, тіпті дені сыр беріп қал­­­­­ды. Советтік кезеңде жаратылған та­­­рихи шығармалар бүгінгі талапқа бірде жауап береді, бірде жауап бермейді. Осын­дай жағдайда Кемел Тоқаевтың «Соң­­ғы соққы» романы қандай күй ке­­­­шер? Шығарманы қайта оқығанда бір жайға таңғалдым. К.Тоқаев шығарма­­­сында тарихи та­қырыпты «детектив» жанры­­­ның заңдылықтары арқылы жүл­­­­ге­­­­­леп жа­зыпты. Бұл талап шығар­­ма­­­­ны өт­­кір сюжет, оқиғаны шым-шытырық тартысқа құру, шығарма тілін жанр тала­­­бына қарай нақты, затты етіп жазуға итер­­­­­­мелепті. Оның үстіне, жағымды кейіп­­­кері Қасым­хан Чанышев бастаған милиция жүйе­­сіндегі жау­жүрек кейіп­­­керлеріміз бірың­ғай со­веттік табыспен, қиял-ғажайып жеңіс­пен біржақты да­­­ра­­­ланбапты. Ми­лиция да адам. Сүйек-ет­­­тен жаралған адам (С.Мұ­­­қанов) Қа­­­сым­­­­­хан Чанышев қа­­те­леседі, кей­бір опе­­­­­­­­­­­­­­ра­­­­­­ция­лары күй­реп қалады. Ақыр түбі – жеңіске жетіп, Ата­ман Дутовты сырт елде атып өлтірумен аяқталатын шы­ғарма, міне, осындай шы­найылы­­­ғымен әлі де өз оқыр­манын та­бады, әлі де өмір сүреді дегім келіп отыр. «Бүкіл Шығыс Түр­­­кістан өңіріне белгілі Құл­­­жадағы жылқы заводының иесі атақты мил­­­лионер Фатих Ал­лаярдың зайыбы Хадиша-ханым Жар­кентке көп нө­кері­­­мен кеп жат­­қан....» (159) – дейді туын­­ды­­гер ро­ман­ның бір сә­тін­де. Бұл – байыр­­ғы Түр­кістанды тұтас қарайтын, шы­ғар­маға кең тыныс бе­ретін эпизод. 

Төңкерісшіл, революция тақыры­­бында туған шығармаларда көбіне кейіп­керлер «Революция атымен» ант ететін. Әйтпесе, «Жасампаз коммунистік партия атынан» ант ететін. Бүгін күл­кілі. Бұл – кезіндегі шындық. Кемел аға кейіп­­­керлері «Ана атынан, туған жер атынан ант ете­­міз!» (380 бет) дейді. Басқа ұлтты, өзге жұртты қайдан біоейік. Әй­теуір, қазақ үшін АНА – арың! Туған жер – барың! Ана – қазақ үшін ОТ-АНА! Туған жерің – ОТАНЫҢ! Отанның от басынан баста­латыны рас болса, отба­­сы – Анадан бас­талады. Олай болса, Ке­­мел Тоқаевтың кейіпкерлері «Револю­­­ция атымен емес, коммунистік партия аты­­мен емес, Ана атымен, Туған Жер аты­мен ант етіп жатса, осы ұлы мәртебелі шын­дық ауы­­­лы­­нан табылғаны! Тарсыл-гүрсіл, атыс-шабыс­тан құлақ тұнатын рево­­­­люциялық та­қырыптан да жазушының қазақы де­тек­тивтік тарихи романды табыспен жазып шыққаны.

Әдебиет – тақырыптан басталады. Тақырып – жазушы үшін тағдыр. Кемел Тоқаевқа тақырыпты тағдыр сыйлады деп ойлаймын. 

Кемел Тоқаев – үлкен тағдыр иесі. Тоқай шаңырағы шаттықпен өсіп, жақ­сы өніп келе жатып, шырағы сан рет сө­ніп қала жаздап, қайта жанған шаңы­­рақ. Ке­мел – өнімтал шаңырақтың шы­рағы жалп етіп сан рет сөнгенде өшпей қалған, өше­йін деп барып, өлеу­­сіреп барып қай­та тұ­танған, қайта тұ­­­танған да қайыра жан­­­­ған жалғыз шырақ! «Солдат соғысқа кет­ті» ро­­­­ма­­­­нының кейіп­­­­кері Мұхамед бір бере­келі шаңы­рақтан қал­ған жалғыз үміт еке­­нін әңгімелейтін еді ғой. Сол кейіп­­­­­­­­­кер тағ­­­­дыры – Кемел ағаның өзінің тағдыры болатын. 

Жазушыны қаламымен қамтыған та­қырыбына қарап бағалауға болады да, болмайды да. Болатыны – жазушылық дарын қандай тақырыпты нұс­қа­лауынан-ақ байқалады. Болмайтыны – жазушы «Шығарманың тақырыбын Әзірет Әлі қойсаң да, көркем болмаса – еңбек еш» (Ғ.Мүсірепов).

Жазушы Кемел Тоқаевты әдебиеттегі тақырыбына қарай жинақтап көрейік.

Ол Ұлы Отан соғысы тақырыбымен кірді әдебиетке. Тақырыптың әлемдік дең­­­­­­гейдегі шебері Ю.Бондаревтің айт­­­қаны бар: «Егер соғыс болмағанда Мен минатюралық жанр жазушысы болар едім» деп. Кемел аға егер соғыс бол­­маған­­да, балалар жазушысы болып еңбек ететін еді. Л.Пантелев секілді үздік балалар жазу­шысы болып жасайтын еді. Бәрібір жазушылық жолды таңдайтын еді. И.Эрен­­­­бург, К.Симонов, Ю. Бон­дарев, В.Быков, Ә.Нұрпейісов, Т. Ахта­­­­нов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин – со­­­ғыс тақырыбын көзімен көріп, түтін иісін иіскеп, тақырыпты игеріп жазған жазу­шылар. Тақырыбы игерілмей жа­­­зылған Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы­­нан бастап бірсыпыра шығарма өліп қалды бүгінде. К.Тоқаевтың бұл орай­­­­­­дағы шығармалары әл-әзір өле қойған жоқ. Рухани өлім сағаты Кемел ағаның шығар­­маларына әзір соға қой­маса керек.

Кемел Тоқаев – ДЕТЕКТИВ атала­тын бір жанрдың бас иесі. Тұтас әдебиетті айтпай-ақ бір детектив жанрын алсақ та Кемел ағаның қазақ әдебиетіне аз еңбек жасамағанына көз жеткіземіз. Кемел Тоқаев детективтік жанрдың қазақ әде­­биетіндегі жалғыз классигі. Кемел ағаға де­йін бұл жанр қозғаусыз жатыр еді де­­сек, өтірік болады. Онда Кемел То­­­­­қаев­­­­­­­­­­­­­­­ты жанрда жалғыз шапқан жүйрік етеміз... Ол – ұят. Болды. Болды қазақ әдебиетінде де­тективтік шығарма жаратушылар. Жұ­ма­­­бек Еділбаев, Қалмұқан Исабаев, Нығ­мет Төлендиев, Әлібек Файзулла... бір­­сыпыра олар. Бірақ олар детективтік әде­биетті жеріне жеткізе алмады.

Жазушылар одағында «Детективтік әдебиет консультанттығын» өз аяғымен жү­гіріп жүріп ашқан, саланың жазушы­­ларының жылы ұясына айналдырған адам – Кемел Тоқаев!

Жазушылар одағы мен Ішкі істер ми­нистрлігін ынтымақтастырып детек­тив­тік шығармаларға бәйге жариялатқан адам – Кемел Тоқаев!

Қазақ детективтік шығармаларға жа­­риялаған бәйгені атқан жебесін ондыққа тигізіп, талай ілген жалғыз қара – Кемел Тоқаев! 

Бүкілодақтық осындай екі саланың ба­сын біріктіріп жарияланған конкурс­тан бас бәйгені алған да қазақ жазушы­­­лары­нан шыққан жалғыз дараңыз – Кемел Тоқаев! 

Детективтік әдебиет. Кезінде әлемдік детектив «Детективтік жанр классиктері» атауымен өз алдына бір серия болып жарық көрген.

Кезінде орыстың «Детективтік жанр классиктері» атауымен тағы бір кітапхана жасақталған.

Кезінде КСРО Ішкі істер министрлігі милиция өмірінен жазылған шығармалар сериясын да қалыптастырған.

Кезінде қазақ әдебиеті өкілдері «Де­тек­­­­тивтік шығармалар классикасын» се­рия етіп жасақтай алған жоқ. Бүкіл­­­­одақ­тық бәйгеден аты келген жалғыз қа­­­­­­­­­­­­­лам­­­­­­­­­­­геріміз – Кемел Тоқаев! 

Детективтік шығармаларды өнер тұ­­­­тып, талғам таразысына тартып өлше­генде екі-үш жазушыны өлшем тұтуға бо­лар. Бірі – атағы жер жарған Конон Дойл, екіншісі арғы ата-тегі ресейлік Жорж Си­­­менон. Үшіншісі – детективке пси­холо­гизмді әкелген Агата Кристи. Үшеуі детек­­тивтік әдебиетке қарапайым баян­­­­дау­­­­дан тартып, психологиялық ішкі иірім­­­ге дейін үш түрлі мәнер әкелген жа­­­­­­зу­­­шы­­лар. Кемел Тоқаев, орыс әдебие­­тін­дегі әріптесі Юлиан Семенов екеуін бір қосып айтқанда, Жорж Сименон мекте­бі­­­нің шә­­кірттері.

Оның шығармаларын тосын оқиға, өткір сюжет, алдымен сыртқы тартыс, со­­­сын ішкі тартыс (жан арпалысы) ерек­шелеп тұрады.

Шығармаларында шынайы өмір бар. Шынайы өмір шындығы көркем шығар­мада шеберлігі келісіп жатса, шынайы өнер деген сөз! 

Кейіпкерлері – үлкен тағдыр иесі бо­­лып келеді. Өмірдегі үлкен тағдыр деге­­­німіз – өнердегі байтақ мазмұн.

Жалған революцияның жалған рево­люционерлері жоқ оның шығар­мала­­­­­рында. Оның шығармаларында «өтпелі отыз жылда» ел-жұртты ұмытып, өз жем­сауын толтырумен жексұрын болған по­­­ли­­­­ция да жоқ. Оның шығармаларында революция жеңісі де, қоғамның кері кет­кен кесапаты да «советтік милиция» ар­қылы көрсетілді. «Моя милиция Меня бережет» (В.Маяковский) деп жырлай­­­тын милиция да «ет пен сүйектен жарал­ған» (С.Мұқанов) адам. Оның да кесірі, кежірі бар, оның да асыл қасиетті кісісі мен жалған кісілікті кісімегі аралас. Со­­­ның бәрін мидай араластырып, шынайы жырлай білген, сол арқылы қоғамның мол шындығын бере білген Кемел Тоқаев – детективтік әдебиеттің классигі!  Ол – жанрын тапқан жазушы! 

Құлбек ЕРГӨБЕК