Биыл индустрияландыру картасы аясында 170 жобаны іске қосу жоспарланған
Үкіметте машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр
1,044
оқылды

Үкіметте машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Отандық кәсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылатын болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалуда», - деді Үкімет басшысы.

Ә.Смайыловтың сөзінше, аталған жоспарды іске асыру арқылы саладағы өндірісті 2 еседен астам, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1,5 есе арттыруға болады.

«Биыл Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары аяқталады. Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары көзделеді», - деді ол.

Әлихан Смайылов Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланғанын еске салды.

Бұл шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

«Қазір Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар басым бағыттарда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалуда.

Атап айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі және басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр. Мұнда ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және оффтейк-келісімшарттардың әлеуетін іске қосуға басымдық берілетін болады», - деді Премьер-Министр.