Жыл басында қапыда баласынан айырылған айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин тағы да әке атанды.
Айтыскер Серікзат Дүйсенғазин ұлды болды
5,860
оқылды

Ақынның отбасындағы қуанышты айтыскер Сара Тоқтамысова жария етіп, сүйінші сұрады.

“Сүйінші, ағайын! Алла ұлық! Бүгін ақ түйенің қарыны ақтарылған күн. Серікзат ағам ұлды болды. Қуаныштан көңілім босап тұр. Ел тілеуі қабыл болды. Алланың салих құлдарынан болсын! Балапан ғұмырлы болсын! Ағатайым, Айнұр жеңгем екеуіңізді алақанда аялайтын нағыз жігіттің Сұлтаны болсын. Тілек жазып отыруды ұмытпаңыздар. Жақсылықты бөліссең көбейеді”, – деп жазды Сара Тоқтамысова.

Көпшілік айтыскер ақынды қуанышымен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

“Аллаға шүкір, қуаныштымыз, бауы берік болсын, қызығын көрсін”, “Шіркін-ай ғажап жаңалық, қуаныштымыз! Керемет болған екен. Бауы берік болсын”, “Ғұмыры көркем болсын сәбидің”, “Бауы берік болсын, жасы ұзақ болсын”, “Алланың құдіреті шексіз”, “Ғайып ерен, қырық шілтен періште шылауына алсын, балапанды! Сансыз шүкірлік”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айында айтыскер, ақын Серікзат Дүйсенғазиннің 16 жастағы ұлы Әлихан Көкшетаудағы демалыс орнында оқыс оқиға салдарынан қаза тапқан болатын. 

Фото: alash24.kz